"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 48-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін теңіз экономикалық қызмет аудандарын (теңіз порттары, су тарту арналары, газ терминалдары, теңіз дәліздері және фарватерлер) қоспағанда, Бұрыншық мүйісінен бастап Сүйе мүйісіне дейін Каспий теңізінің қазақстандық секторында режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатылсын.
Аталған мерзімде белгіленген акваторияда жеке және заңды тұлғалар демалыс, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға) және мұз үстімен жылжитын құралдарға теңізге екі мильге дейін қашықтыққа еркін шығуға рұқсат етілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет - ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері таныстырылсын.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы |
Е. Сагимбаев |