Агломерация құрамын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2023 жылғы 31 наурыздағы № 44 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 наурызда № 32206 болып тіркелді

      "Агломерацияларды дамыту туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Агломерация құрамын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушы
А. Куантыров

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетінің атқарушысының
2023 жылғы 31 наурыздағы
№ 44 бұйрығымен
бекітілген

Агломерация құрамын қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Агломерация құрамын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агломерацияларды дамыту туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және агломерация құрамын қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) агломерация – астанадан немесе республикалық маңызы бар қаладан немесе облыстық маңызы бар қаладан және олардың айналасында орналасқан, осы Заңда айқындалған өлшемшарттарға сәйкес келетін елді мекендерден тұратын жергілікті жүйе;

      2) агломерация аумағы – Заңның 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес астананың, республикалық маңызы бар қаланың, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын облыстық маңызы бар қаланың және олардың қала маңындағы аймақтарының шекараларындағы (шегіндегі) жерлер мен су объектілері;

      3) агломерация құрамы – агломерация аумағында орналасқан елді мекендердің тізбесі;

      4) агломерация орталығы – Заңның 1-бабының 5) тармақшасына сәйкес астана немесе республикалық маңызы бар қала немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын облыстық маңызы бар қала;

      5) бірінші деңгейдегі агломерация – орталығы астана немесе республикалық маңызы бар қала болып табылатын агломерация;

      6) екінші деңгейдегі агломерация – орталығы халық саны 500 мыңнан 1 миллион адамға дейінгі облыстық маңызы бар қала болып табылатын агломерация, бұл ретте агломерация орталығы халқының саны агломерация санының жартысынан аз болмауға тиіс;

      7) уәкілетті орган – агломерацияларды дамыту саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Агломерация құрамын қалыптастыру тәртібі

      3. Елді мекендерді агломерация құрамына қосуды Заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.

      4. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың немесе облыстың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын 1 наурызға дейін уәкілетті органға осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көзделген өлшемшарттарға сәйкес агломерация құрамын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар ұсынады.

      5. Уәкілетті орган 15 (он бес) жұмыс күні ішінде астананың, республикалық маңызы бар қаланың немесе облыстың жергілікті атқарушы органдарының осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ұсынылған ұсыныстарын қарайды.

      6. Астананың, республикалық маңызы бар қаланың немесе облыстың жергілікті атқарушы органдарының агломерация құрамын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстары белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде теріс қорытынды жібереді.

      7. Егер астананың, республикалық маңызы бар қаланың немесе облыстың жергілікті атқарушы органдары ұсынған агломерация құрамын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің агломерация құрамын бекіту туралы шешімінің жобасын дайындайды, ол астананың, республикалық маңызы бар қаланың немесе облыстың жергілікті атқарушы органдарынан ұсыныстар алған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының қарауына енгізіледі.

      8. Агломерация орталығының көлеміне және оның әсерінің оңтайлы аймағына байланысты агломерациялар бірінші және екінші деңгейге бөлінеді.

      9. Бірінші деңгейдегі агломерация құрамына:

      1) агломерация орталығының шекараларынан 30 километр радиустағы елді мекен;

      2) республикалық маңызы бар жол бойында агломерация орталығының шекараларынан 40 километрден аспайтын қашықтықта орналасқан ауылдық елді мекен;

      3) республикалық маңызы бар жол бойында агломерация орталығының шекараларынан 75 километрден аспайтын қашықтықта орналасқан қалалық елді мекен қосылады.

      10. Екінші деңгейдегі агломерация құрамына:

      1) агломерация орталығының шекараларынан 20 километр радиустағы елді мекен;

      2) республикалық маңызы бар жол бойында агломерация орталығының шекараларынан 30 километрден аспайтын қашықтықта орналасқан ауылдық елді мекен;

      3) республикалық маңызы бар жол бойында агломерация орталығының шекараларынан 55 километрден аспайтын қашықтықта орналасқан қалалық елді мекен қосылады.

      11. Егер елді мекен осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, агломерация құрамына осы елді мекен әкімшілік бағынысты ауылдық округ қосылады.

      12. Агломерация аумағын белгілеу үшін агломерация орталығына бару үшін қажетті уақыт шығындарына сүйене отырып, агломерация шекараларын анықтауды білдіретін изохрон әдісі қолданылады.

      13. Осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көзделген өлшемшарттар агломерация аумағында халықтың күнделікті маятниктік көші-қонын, бірыңғай еңбек нарығын, қоныстанудың жоғары тығыздығын және тұратын халықтың санын қамтамасыз ететін агломерация құрамына кіретін елді мекендер үшін агломерация орталығының көліктік қолжетімділігін сипаттайтын бір сағаттық изохронға сәйкес келеді.

      Агломерация орталығы мен агломерация құрамына кіретін елді мекендер арасындағы қашықтық бойынша талаптар агломерация орталығының көлеміне байланысты оның ықпалының оңтайлы аймағын сипаттайды.

      14. Агломерациялар тізбесі мен құрамын Заңның 5-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады