"Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Әскери басқару органдарының мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының бастығына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы| Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы |
Р. Жаксылыков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 31 наурыздағы № 267 Бұйрықпен бекітілген |
Әскери басқару органдарының мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабына сәйкес қылмыстық процеске қатысушы адамдарды әскери басқару органдарының (бұдан әрі – ӘБО) мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. ӘБО қауіпсіздік шаралары әскери қызметшілерге, запаста болатын азаматтарға олар әскери жиындардан өткен уақытта, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери бөлімдерінің, құрамаларының немесе мемлекеттік мекемелерінің азаматтық персонал адамдарына қатысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдерінде, құрамаларында немесе мемлекеттік мекемелерінде әскери қызмет өткеру және жұмыс ерекшелігін ескере отырып, Заңда белгіленген қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қолданылады.
3. Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау жөніндегі шығысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің шаралар қолдану туралы шешім қабылдайтын немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын ӘБО көздейді.
2-тарау. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібі
4. Қауіпсіздік шараларын қолдану кезінде қаржы шығысының мынадай түрлері жүзеге асырылады:
1) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабына сәйкес әскери қызметшілер (курсанттарды, кадеттерді және әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілерді қоспағанда) 100 километрден астам қашықтықтағы басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына (оның ішінде әскери бөлім (мекеме) немесе бөлімше құрамында) ауыстырылған кезде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша және көтерме жәрдемақы төленеді;
2) қорғалатын адамды оның тұрақты қызмет (жұмыс) орны айқындалғанға дейін іссапарға жіберген кезде "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысы 2-тарауының 3-тармағына сәйкес іссапар (тәуліктік, қонақүй) және көлік шығысы есептеледі;
3) қорғалатын адамға тұрғын үйді жалдау (жалға алу) қажет болған жағдайда "Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысына сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемі есептеледі.
5. Əскери жиындар кезеңіндегі əскери міндеттілерді қоспағанда, əскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15313 болып тіркелген) сәйкес ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
6. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда, бөлімшелерде) медициналық қамтамасыз ету "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 5-1-тармағына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
7. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 277 бұйрығымен бекітілген бейбіт уақытқа арналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін, әскери бөлімдері мен мекемелерін заттай мүлікпен жабдықтау нормалары (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11557 болып тіркелген) бойынша мемлекет есебінен заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.
8. Қағидаларға сәйкес әскери қызметшілер теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге құқылы.