ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданыста болу мерзімі - 28.04.2023 (осы бұйрықтың 5 т. қараңыз)."Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 2-тармағына және 18-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасының аумағынан 20 000 (жиырма мың) тонна басты пиязды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 0703: 070310) үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге 2023 жылғы 28 сәуірді қоса есептегендегі мерзімге сандық шектеулер (квоталар) енгізілсін.
2. Қоса беріліп отырған Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 28 сәуірді қоса есептегенде қолданыста болады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі |
Е. Карашукеев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 129 бұйрығымен бекітілген |
Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2) сыртқы сауда қызметіне қатысушылар (бұдан әрі – өтініш беруші) – сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсiпкер ретiнде тiркелген жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар.
2-тарау. Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу тәртібі
3. Уәкілетті орган осы Қағидалар күшіне енген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органның www.gov.kz интернет-ресурсында басты пиязды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 0703:070310) (бұдан әрі – тауар) әкетуге квоталарды бөлудің басталғаны туралы хабарландыруды орналастырады.
Хабарландыруда мынадай ақпарат көрсетіледі: квотаны бөлудің басталу күні мен уақыты, бір өтінім берушіге рұқсат етілген лимит, фитосанитариялық сертификат алу үшін қажетті құжаттар тізбесі.
4. Осы Қағидалар қолданысқа енгізілгеннен кейін агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған "e-Agriculture" жүйесінде (бұдан әрі – ББАЖ АЖ) осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкетуге фитосанитариялық сертификаттар беруге сандық лимит қалыптастырылады.
5. Квотаны қолданудың барлық мерзімінде тауарларды әкетуге бір өтінім беруші үшін жол берілетін лимит белгіленеді, ол жиынтығында 500 (бес жүз) тоннадан аспайды.
6. Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкетуге арналған квоталар көлемін бөлу ББАЖ АЖ-да Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08/590 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12032 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі қағидаларға сәйкес фитосанитариялық сертификаттар беру кезінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкетуге арналған квоталар көлемін бөлу ББАЖ АЖ-да карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге арналған фитосанитариялық сертификат алуға өтініштер келіп түскен күні мен уақытына сәйкес кезектілік бойынша жүзеге асырылады.
8. Екінші рет жөнелту орындарында экспорттық партияларды қайта тиеу (қалыптастыру) кезінде тасымалдау тәсілінің, алушының, алушының мекенжайының, жөнелту орнының өзгеруіне байланысты бастапқы тиеп-жөнелту орындарында берілген квота көлемі өзгеріссіз қалады.
9. Қазақстан Республикасының аумағынан тауарларды әкетуге арналған квота көлемін өтінім берушілер арасында бөлу тауар бойынша квота көлемі толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
10. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті күн сайын интернет-ресурста мынадай ақпаратты орналастырады:
1) берілген квота көлемінің саны;
2) бөлінуі тиіс квотаның қолжетімді көлемі;
3) тауарды әкетуге квота алған өтінім иелерінің тізбесі.
11. Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу нәтижелеріне шағымдану рәсімі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүргізіледі.