Қазақстан Республикасының "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Заңының 29 бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдарының мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне жолдау.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі |
М. Ахметжанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қарджы министрлігі
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 276 Бұйрыққа қосымша |
Ішкі істер органдарының мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Ішкі істер органдарының "Қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабына сәйкес қылмыстық процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздік шараларын қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру тәртібін айқындайды..
2. Қорғалатын тұлға туралы мәліметтерге қолжетімділікті шектеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі шығыстар "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген республика бюджеті шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес "ерекше шығыстар" 167 ерекшелігі бойынша шығыстар тізбесіне жатқызылады (нормативтік құқықтық актілер тізіліміне № 9934 болып тіркелген).
3. Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау бойынша қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шараларды қолдану туралы шешім қабылдайтын немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын ішкі істер органдары бөлімшелерінің шығыстарының құрамында көзделеді.
4. Қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарға ақшалай қаражат берудің негізділігі мен кемелдігі үшін аумақтық ішкі істер органының басшысы немесе оны алмастыратын адам бақылауды жүзеге асырады.
5. Ақша қаражатын беруді орталық және аумақтық органдардың басшысы немесе оларды алмастыратын адамдар орналастырады.
2 тарау. Мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібі
6. Мынадай қауіпсіздік шараларын қолдану кезінде республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын шығыстардың түрлері:
1) жеке күзетуді, тұрғын үйді және өзге де мүлікті күзетуді жүзеге асыру кезінде мынадай шығыстар өтеледі:
өртке қарсы және күзет дабылы құралдарын орнатуға (қорғалатын адамның қауіпсіздік қатері толық жойылғанға дейін ай сайынғы абоненттік төлеммен);
күзет қызметтерін төлеуге (күзет құрылымдарының тарифтері бойынша);
ұялы желі операторларының абоненттік нөмірлері мен қызметтерін ауыстыруға;
автокөлік құралдары иелерінің мемлекеттік тіркеу белгілерін ауыстыруға;
байланыс құралдарын қоса алғанда, белгіленген тәртіппен қарумен, жеке қорғану құралдарымен, материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге;
2) басқа тұрғылықты жерге қоныс аудару (оның ішінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету кезеңіне уақытша), жұмыс, оқу орнын ауыстыру, басқа әскери бөлімге, әскери мекемеге іссапарға жіберу, оның ішінде қорғалатын адамды жаңа Әскери қызмет орнына ауыстыру кезінде:
қорғалатын адамның тұрғылықты жеріне дейін жүру жолында болған уақыты үшін – "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысында белгіленген нормадан аспайтын мөлшерде тәуліктік ақы төленеді (бұдан әрі – № 256 қағидалар);
теміржол (купе), су, автомобиль көлігімен жол жүру орган басшысының келісімімен – әуе көлігімен жол жүру (экономикалық класс) төленеді.
3) Қорғалатын адамда қауіпсіздік шараларын жүзеге асырудың бүкіл кезеңіне табыс көзі болмаған кезде біржолғы ақшалай төлемдер жүзеге асырылады:
тәуліктік-айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы мөлшерінде;
бір қорғалатын адамға айына ең төменгі жалақының бір мөлшерінен аспайтын сома шегінде жеке гигиена заттарын сатып алуға;
маусым бойынша ең төменгі қажеттілік шегінде киім сатып алуға. Киім сатып алуға арналған шығыстардың мөлшері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернат-үйлері үшін қабылданған нормалар бойынша айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
қорғалатын адамға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін медициналық қызметтер көрсету қажет болған жағдайда аурулардың алдын алуға, диагностикалауға және емдеуге;
тұрғын үйді жалға алуға қаражат бөлінеді - қылмыстық процеске қатысушы бір адамға арналған шығыстар тұрғын үйді жалға алуды орташа нарықтық бағаларын ескере отырып, бірақ № 256 Қағидаларда белгіленген бағалардан аспайтын мөлшерде жүргізіледі;
4) адамдарды және олардың отбасыларын зорлық – зомбылық қаупінен немесе құқыққа қайшы қызметтің басқа да түрлерінен уақытша жасыру үшін техникалық құралдармен, жиһазбен, тұрмыстық техникамен және байланыс құралдарымен арнайы жабдықталған қызметтік тұрғын үй-жайларды ішкі істер органдарының жалға алуы мен күтіп-ұстауға арналған шығыстар (Коммуналдық қызметтерге, телефон арқылы сөйлесулерге ай сайынғы ақы төлеу, үй-жайларды күтіп-ұстау, тұрғын үй қауіпсіздігі құралдарын орнату-металл есіктер және торлар, сондай-ақ ағымдағы жөндеуге ақы төлеу).
Оларды жалға алу тәртібі жасырын пәтерлерді сатып алу тәртібіне ұқсас;
5) құжаттарды ауыстыруға арналған шығыстар;
6) сырт келбетін өзгертуге арналған шығыстар.
7. Аумақтық ішкі істер органы басшысының немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен белгіленген тәртіппен қылмыстық процеске қатысушыларды қорғаумен айналысатын қызметкерлер қатарынан материалдық жауапты тұлға тағайындалады, онымен толық материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалады, оған ақшалай қаражатты дұрыс және мақсатты жұмсау және осы Шығысты растайтын құжаттарды рәсімдеу жөніндегі міндеттер жүктеледі.
8. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген шығыстардың түрлеріне есепті тұлға Ішкі істер органы басшысының жазбаша өкімі бойынша осы Қағидалардың 2, 3-тармақтарына сәйкес бөлінген ақшалай қаражатты ішкі істер органының кассасынан алады.
9. 6-тармақта көзделген қылмыстық процеске қатысушы адамдарды қорғау жөніндегі шығыстарға арналған қаражат тікелей бастықпен келісілген уәкілетті тұлғаның дәлелді баянаты бойынша және осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген басшының рұқсатымен бөлінеді.
Сатып алынған материалдық бағалы заттар пайдаланғаннан кейін (шығыстар материалдарын, арзан және тез тозатын заттарды қоспағанда) қылмыстық процеске қатысушы адамдарды қорғау туралы қаулы шығарған органның материалдық жауапты адамына қабылдау-тапсыру актісі бойынша беріледі.
Қорғалатын адамдарға ұсынылған қызметтер көрсетуге төлем төлегені туралы есеп беру үшін төлем құжаттары қылмыстық процеске қатысушыларды қорғаумен айналысатын органның қызметкеріне жазылады.
10. 7-тармаққа сәйкес тағайындалған материалдық жауапты адам, ақша қаражаттарын бөлген қаржы қызметтеріне Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 2 тамыздағы № 390 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 7126 тіркелген) мемлекеттік мекемелер үшін бухгалтерлік құжаттама нысандарының альбомында көзделген ақшалай қаражатты бөлген қаржы қызметтеріне ай сайын аванстық есепті (№ 286 нысан) ұсынады.
____________________________