Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдік мөлшерін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 сәуірдегі № 189 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 мамырда № 32398 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 38) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.12.2023 № 619 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдік мөлшерін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Білім алушыларға қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттері бойынша кепілдік мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 19 наурыздағы № 97 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8434 болып тіркелген);

      2) "Білім алушыларға қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттері бойынша кепілдік мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 19 наурыздағы № 97 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 517 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9122 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім}
      министрі С. Нурбек

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім
министрі
2023 жылғы 27 сәуірдегі
№ 189 бұйрығына
қосымша

Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдік мөлшерін айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдік мөлшерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 38) тармақшасына сәйкес әзірленді және қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдіктің мөлшерін айқындау тәртібін белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.12.2023 № 619 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) білім беру кредиті – қаржылық ұйымдар мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен оқыту ақысын төлеу үшін қарыз алушыға беретін ақша;

      2) қарыз алушы – кредитор тарапынан кредит берілген жеке тұлға;

      3) қаржылық ұйым – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.

2-тарау. Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік беру және осындай кепілдік мөлшерін айқындау тәртібі

      3. Білім беру кредиттеріне кепілдік беруді қызметінің негізгі мәні "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң "Қаржы орталығы" мемлекеттiк мекемесiн қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы № 541 қаулысының 2-тармағына сәйкес ақшалай нысанда орындалуды көздейтiн білім беру кредиттері бойынша кепiлдіктер беру болып табылатын ұйым (бұдан әрі – Кепілгер) жүргізеді.

      4. Кепілгер Кредиторға нысаналы мақсаты жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелерін қоса алғанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметтеріне ақы төлеу болып табылатын білім беру кредиті бойынша кепілдік береді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.12.2023 № 619 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Кепілгер мен Кредитордың өзара қарым - қатынасы осы Қағидалармен және Кепілгер бекіткен нысан бойынша Кепілгер мен Кредитор арасында жасалған Кредиторға Кепілгердің кепілдігімен білім беру кредиттерін беру туралы келісіммен (бұдан әрі – Келісім) реттеледі.

      Кепілгер Кредитордың алдында осы Қағидаларда және Келісімде көзделген шарттарда кепілдік мөлшері шегінде банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындауына жауап береді.

      6. Кепілгер өз қызметіне байланысты Қарыз алушымен тікелей қарым-қатынасқа түспейді.

      7. оқу ақысын төлеу үшін мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында ақшалай нысанда қарыз алушыға білім беру кредитін беруді банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар кредитор жүзеге асырады.

      8. Қарыз алушы білім беру кредитін алу үшін Кредиторға жүгінгеннен кейін Кредитор Кепілгерге Келісімде көзделген нысан бойынша, қоса берілген электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған қағаз немесе электрондық нысандағы құжаттармен бірге кепілдік беруге өтініш жібереді.

      9. Кепілгер Кредитордың өтінішін алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Кредитор берген өтінішті қоса берілген құжаттармен бірге осы Қағидаларға және Келісімге сәйкестігіне қарайды. Қарау нәтижесі оң болған жағдайда Кепілгер Кредиторға қол қойылған және мөрмен расталған кепілдік міндеттемені бір данада жібереді.

      Кредитордың осы Қағидаларға және Келісімге сәйкес келмейтін өтінішті және (немесе) құжаттарды ұсыну фактісі анықталған жағдайда Кепілгер Кредиторға кепілдік беруден дәлелді бас тартуды жібереді.

      10. Кепілгер кредиторға кепілдік беруден мына жағдайларда бас тартады:

      1) өтініш нысанын дұрыс толтырмау және (немесе) келісімде айқындалған құжаттар топтамасын толық ұсынбау;

      2) қарыз алушының және (немесе) білім беру кредитінің Келісімге және (немесе) осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес келмеуі.

      11. Кредитор Кепілгердің дәлелді бас тартуында көрсетілген ескертулерді жойғаннан кейін Кепілгер Кредитордың өтінішін осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес қоса берілетін құжаттарымен бірге қайта қарайды.

      12. Банктік қарыз шарты Кредитор мен қарыз алушы арасында Кредитор кепілгерден ресімделген кепілдікті алғаннан кейін жасалады.

      13. Кредитор қарыз алушыға білім беру кредитін әрқайсысы бір академиялық кезеңге (семестр, триместр, тоқсан) оқу құнынан аспайтын жеке транштармен береді.

      Кредитор білім беру кредитінің сомасын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелерін қоса алғанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының банктік шотына қолма-қол ақшасыз тәртіппен аударады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.12.2023 № 619 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша Кредитор алдындағы білім беру кредитін төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған соң Келісімде белгіленген тәртіппен төлем құжаттарын және білім беру кредиті бойынша құжаттарды қоса бере отырып, кепілдік сомасын төлеу туралы жазбаша талап жібереді.

      15. Кепілгер осы Қағидалар мен Келісімге сәйкес кепілдік мөлшері шегінде кепілдік сомасын төлейді.

      16. Барлық төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүзеге асырылады.

      17. Білім беру кредиті бойынша кепілдіктің қолданысы Келісімде көзделген тәртіппен мына жағдайларда Кепілгер кепілдік сомасын төлеместен тоқтатылады:

      1) қарыз алушы міндеттемелерді орындағандықтан банктік қарыз шарты тоқтатылғанда;

      2) білім беру кредиттері бойынша талап ету құқығы басқаға берілгенде;

      3) Кредитор банктік қарыз шарты бойынша борышты кешіргенде;

      4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 336-бабында көзделген жағдайлар басталғанда.

      18. Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне кепілдік мөлшері тиісті транш бойынша негізгі қарыз сомасының 100 %-ын құрайтын тұрақты шама болып табылады және қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамауына байланысты айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа да тұрақсыздық айыбының сомасын қамтымайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады