"Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 13 маусымдағы № 15 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 11 мамырдағы № 4 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 15 мамырда № 32491 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      1. "Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 13 маусымдағы № 15 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28495 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:

      "2-1-тарау. Электр энергиясын орталықтандырылмаған сатып алу-сату нарығында негізгі қуатқа тең қол жеткізуді қамтамасыз етудің ерекшеліктері

      18-1. Электр энергиясын орталықтандырылмаған сатып алу-сату нарығындағы негізгі қуаттың иелері тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие энергия өндіруші ұйымдар (бұдан әрі – ЭӨҰ) болып табылады.

      18-2. Негізгі қуат иесі өзінің интернет-ресурсында және монополияға қарсы органда орналастырады:

      негізгі қуат иесі әзірлейтін электр энергиясын орталықтандырылмаған сатып алу-сату нарығында сатып алу-сатудың Үлгілік шарты;

      алдағы жеткізілім жылына ҚҚС-сыз 1 кВт*сағ үшін құны;

      өтінімдерді қабылдау үшін ақпараттық жүйенің болуы және оған қол жеткізу тәртібі туралы ақпарат. Өтінімдерді электрондық пошта арқылы қабылдаған жағдайда оның нақты атауы мен мекенжайын көрсету қажет.

      18-3. ЭӨҰ жыл сайын жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей өзінің және монополияға қарсы органның интернет-ресурсында келесі жылға шарт жасасу үшін қолда бар және резервтелген қуат туралы ақпаратты орналастырады.

      18-4. Күнтізбелік жыл ішінде электр энергиясының көлемдерін бөлу процесін басқаруға заңды, ашық және жүйелі тәсілді қамтамасыз ету мақсатында ЭӨҰ жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 1 ақпанынан 31 мамырына дейін электр энергиясын сатып алушылардан өтінімдер қабылдайды.

      18-5. Өтінімге келесі құжаттар кіреді:

      1) резервтелетін қуатты ай сайын бөле отырып, электр энергиясын сатып алу ниеті көрсетілген электр энергиясын көтерме сатып алушының хаты;

      2) электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсетуге бірыңғай сатып алушымен электр энергиясын көтерме сатып алушының шартының көшірмесі;

      3) энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі (энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін);

      4) мәлімделген іріктеу нүктелеріне байланысты өңірлік және (немесе) ұлттық деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйыммен электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың немесе ниет хаттамасының көшірмесі.

      Осы тармақтың 4) тармақшасының талабы ЭӨҰ шиналарына тікелей қосылған тұтынушылардың өтінімдеріне қолданылмайды.

      18-6. Сатып алушылардың өтінімдері негізінде ЭӨҰ жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 25 маусымынан кешіктірмей алдағы күнтізбелік жылға электр энергиясын босату жоспарын бекітеді.

      18-7. Осы Қағидалардың 18-4-тармағында көрсетілген кезеңде берілген өтінімдер басымдылықтың кему тәртібімен ЭӨҰ-мен қаралады:

      1) ЭӨҰ тұлғалар тобының құрамына кіретін электр энергиясының көтерме сауда нарығының тұтынушылары;

      2) ЭӨҰ шиналарына және (немесе) өңірлік электр беру желілеріне қосылған тікелей тұтынушылар;

      3) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын стратегиялық тауар ретінде пайдаланатын тұтынушылар;

      4) тұрмыстық тұтынушыларға олар үшін расталған көлемдер шегінде электр энергиясын өткізетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;

      5) өзге де энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясының көтерме сауда нарығының тұтынушылары.

      18-8. ЭӨҰ бекіткен электр энергиясын босату жоспарының негізінде ЭӨҰ мен сатып алушылар арасында жоспарланған кезеңге бір жылға электр энергиясын сатып алу-сату шарты жасалады, ол Үлгілік шартқа сәйкес келуі тиіс.

      Қателерді түзетуді қоспағанда, Үлгілік шартты өзгерту бұл туралы сатып алушыларға хабарланған сәттен бастап 1 айдан ерте емес уақытта негізгі қуат иеленушінің және монополияға қарсы органның интернет-ресурста орналастыру арқылы жүзеге асырылады.

      Үлгілік шарттың бұрынғы редакциялары қарау үшін көпшілікке қолжетімді болуы тиіс.

      18-9. ЭӨҰ шартын жасасудан бас тарту немесе жалтару, электр энергиясын өндіруді қысқарту не тоқтату мынадай жағдайларда:

      1) жүйелік оператор растаған ЭӨҰ сатып алушы жүгінген сәтте электр энергиясын өндірудің, берудің техникалық мүмкіндігінің болмауы;

      2) жүйелік операторға шарттық көлем (реттеу диапазоны) шамасына қуатты реттеу бойынша қызметтер көрсету;

      3) тиісті адамдар тобының тізіліміне енгізілген тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қолда бар қуаттың он пайызынан аспайтын мөлшерде электр қуаты резервінің қажетті шамасын ұстап тұру;

      4) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 106 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10531 болып тіркелген) бекітілген электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларының талаптарына сәйкес өтінім беру сәтінде сатып алушының төлем қабілеттілігін растамаған жағдайда негізделген деп есептеледі.

      18-10. Осы тарауда реттелмеген өзге де мәселелер осы Қағидалардың 1, 2 және 3-тарауларының ережелерімен регламенттеледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Отын-энергетика кешені департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігінің Төрағасы
М. Омаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады