Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 116 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 22 мамырда № 32549 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет өткеру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы
Д. Жазыкбаев

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі төрағасы
2023 жылғы 18 мамырдағы
№ 116 Бұйрыққа
қосымша

Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (ерекше бөлім) және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар:

      1) сенімгерлік басқару – сенімгер басқарушының сенімгерлік басқару шартында белгіленген өкілеттіктер шегінде өзінің иеленуіне, пайдалануына және билік етуіне берілген мемлекеттік қызметшінің мүлкін мемлекеттік қызметшінің мүддесі немесе ол көрсеткен басқа адамның (пайда алушының) мүддесі үшін өз атынан жүзеге асыратын басқару жөніндегі қызметі;

      2) сенімгер басқарушы – тиісті шарттың негізінде мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің таңдауы бойынша кез келген адам.

      3. Мемлекеттiк қызметшi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің талаптарын ескере отырып, өз қалауы бойынша сенімгерлік басқарушыға берiлетiн құқықтылықтар көлемiн айқындайды.

2-тарау. Мемлекеттiк қызметшiнiң мүлкiн сенімгерлік басқаруға беру тәртiбi

      4. Мемлекеттiк қызметшiнiң мүлкiн сенімгерлік басқару:

      1) мәмiле;

      2) әкiмшiлiк актiнiң негiзiнде туындайды (белгіленеді).

      5. Мемлекеттiк қызметшi лауазымға кiрiскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметтi атқару уақытында сенімгерлік басқаруға береді.

      6. Мемлекеттік қызметші мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін нотариат куәландырған күннен бастап күнтізбелік он күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) береді.

      7. Тараптардың біреуі мүлікті сенімгерлік басқару шартын бұзған жағдайда, мемлекеттік қызметші бұл туралы жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етеді, ал сенімгерлік басқаруға беруге жататын мүлік шарт бұзылғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен шарттың нотариат куәландырған көшірмесін жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) бере отырып, қайтадан сенімгерлік басқаруға беріледі.

      8. Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:

      1) сенiмгер басқарушы-азамат қайтыс болғанда, оны өлдi деп жариялағанда, оны әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп танығанда; заңды тұлға-сенiмгер басқарушы таратылғанда;

      2) сенiм бiлдiрiлген мүлiктi басқаруды жеке жүзеге асыру сенiмгерлiкпен басқарушы үшiн мүмкiн болмауына байланысты сенiмгер басқарушы немесе мемлекеттік қызметші бас тартқанда;

      3) сенiмгер басқарушыға залалдар және шартта көзделсе, сыйақы төленген жағдайда мемлекеттік қызметші шартты орындаудан бас тартқанда;

      4) егер шартта көзделсе, кепiл ауыртпалығымен берiлген мүлiктi сыйақы бере отырып басқаруға беру туралы сенiмгер басқарушыға хабарланбаған жағдайға орай ол бас тартқанда тоқтатылады.

      9. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қолданылуының тоқтатылуы немесе қайта жасалуы туралы кез келген кейiнгi ақпаратты мемлекеттік қызметші көрсетілген оқиғалар басталғаннан кейін күнтізбелік он күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынады.

      Мүлікті сенімгерлік басқару шарты қайтадан жасалған кезде оның нотариат куәландырған көшірмесі осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады