Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы және жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы № 29 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 маусымда № 32673 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 184 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8692 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Бағалы қағаздар рыногы туралы", "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы", "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы", "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім), Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" (бұдан әрі – Инвестициялық қорлар туралы заң), "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы", "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" (бұдан әрі – Қор туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртібін айқындайды.";

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын тарату туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі;

      2) кастодианның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу бойынша функцияларын Ұлттық Банк жүзеге асыруын көздейтін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексі талабының өзгеруі Ұлттық Банк және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалған кастодиандық шартты бұзуға негіздер болып табылады.

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін нысаналы орналастыруға (пайдалануға) бақылау жасауды кастодиан:

      1) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасымен;

      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясымен;

      3) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартпен;

      4) уәкілетті орган қолданған, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметін шектеуге бағытталған шектеулі ықпал ету шараларымен немесе санкциялармен белгіленген талаптарға кастодианның есепке алу жүйесінде ашылған шоттар бойынша операциялар жасауға ұсынылған құжаттардың және бұйрықтардың (тапсырмалардың) сәйкестігін тексеру жолымен және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері қатысуымен жасалған мәмілелердің сәйкестігіне мониторинг жүргізу жолымен жүзеге асырады.";

      58-6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "58-6. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын (пайдаланылуын) бақылауды кастодиан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және инвестициялық портфельді басқарушы ұсынған, кастодианның есепке алу жүйесінде ашылған шоттар бойынша операцияларды жасауға арналған құжаттар мен бұйрықтарды (тапсырмаларды):

      1) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 15-бабының 7) тармақшасында, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 10) тармақшасында және кастодианның ішкі құжаттарында;

      2) инвестициялық декларацияда;

      3) зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық қызметін шектеуге бағытталған, уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асырады.".

      2. "Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы", "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" (бұдан әрі – Инвестициялық қорлар туралы заң), "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" (бұдан әрі – Секьюритилендіру туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру талаптары мен тәртібін белгілейді.

      Қағидалар:

      уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға;

      уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға олар ерікті зейнетақы жарналарын тарту есебінен емес қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырған кезде;

      "өмірді сақтандыру" саласында қызметті және уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясының негізінде сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша және инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (шығындардың) есебінен қалыптастырылған активтерді дербес басқаруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына (бұдан әрі – сақтандыру ұйымдары) қолданылады.

      Инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (шығындардың) бір бөлігі есебінен қалыптастырылған активтерді басқару жөніндегі қызметі "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде (бұдан әрі – Сақтанушының инвестицияларға қатысу қағидалары) белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      7-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-2. Зейнетақы активтерінің есебінен инвестициялық портфельді басқару бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың (бұдан әрі – зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт) негізінде жүзеге асырылады.

      Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 37-бабының 3-тармағына сәйкес жасалады.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Клиенттің инвестициялық портфелін басқару Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңға, Инвестициялық қорлар туралы заңға, Қағидаларға және клиенттің инвестициялық декларациясына сәйкес жүзеге асырылады.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Инвестициялық портфельді басқарушы туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылмаған нарықта брокердің қызметін пайдаланбастан дербес жасалған мәмілелерді жүргізуді орталық депозитарий жүзеге асыратын тізілімге (бұдан әрі – тізілім) енгізу үшін есепті аптадан кейінгі аптаның бірінші жұмыс күнінің Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14-00-ден кешіктірмей орталық депозитарийге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17920 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 307 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының талаптарына және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарына сәйкес ақпарат ұсынады.

      Ақпарат ақпаратты беру күніндегі барлық қолданыстағы ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықта туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер бойынша, сондай-ақ есепті кезеңде жасалған және орындалған мәмілелер бойынша ұсынылады.".

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады