ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 15-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы алу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің жеке құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 50 Қаулыға 1-қосымша |
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы алу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 15-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – БЖЗҚ) комиссиялық сыйақы алу тәртібін айқындайды.
2-тарау. БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақы өндіріп алу тәртібі
2. Зейнетақы активтерінен БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының шамасы Әлеуметтік кодекстің 58-бабының 1-тармағында белгіленген.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақыны алуы мақсатында комиссиялық сыйақыны есептеу және есепке жазу БЗЖҚ зейнетақы активтерінің ағымдағы құнынан комиссиялық сыйақы есептеу мен есепке жазу жүргізілетін күнтізбелік айдың бірінші күнінің басындағы жағдай бойынша жүзеге асырылады.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақыны есепке жазу есептеу жүргізілетін айдағы күнтізбелік күндердің санына тепе-тең жүргізіледі.
3. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақыны алуы комиссиялық сыйақыны БЖЗҚ-ның инвестициялық шотынан БЖЗҚ-ның ағымдағы шотына кастодиан банктің, инвестициялық портфельді басқарушының және БЖЗҚ-ның уәкілетті өкілдері қол қойған салыстырып тексеру актісінің негізінде аудару арқылы жүргізіледі.
4. Инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақыны есептеу және есепке жазу үшін БЗЖҚ зейнетақы активтерінен күнделікті инвестициялық кіріс пайдаланылады. Инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы күн сайын есептеледі және есепке жазылады.
Теріс инвестициялық кіріс кезінде теріс комиссиялық сыйақы Әлеуметтік кодекстің 58-бабының 5-бабына сәйкес бекітілген комиссиялық сыйақы шамасын қолдану арқылы есептеледі.
Есепті ай үшін инвестициялық кірістен жинақталған комиссиялық сыйақы теріс комиссиялық сыйақы сомасына азайтылады.
Теріс комиссиялық сыйақы есепті айда жинақталған комиссиялық сыйақыдан асып кеткен жағдайда, асып кету сомасы зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кірістен есептелген теріс комиссиялық сыйақы бойынша дебиторлық берешек ретінде танылады.
5. Қағидалардың 4-тармағына сәйкес есептелген инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы есепті айдың соңындағы жағдай бойынша жинақталған теріс комиссиялық сыйақы бойынша дебиторлық берешек болмаған жағдайда БЖЗҚ-ның инвестициялық шотынан аударылады.
Инвестициялық портфельді басқарушымен шарт бұзылған жағдайда зейнетақы активтері инвестициялық портфельді басқарушыдан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне басқаруға беріледі және инвестициялық портфельді басқарушы есептелген теріс комиссиялық сыйақы бойынша дебиторлық берешекті (ол бар болса) БЖЗҚ-ның инвестициялық шотына аудару арқылы меншікті капиталы есебінен өтейді.
Қаулығы 2-қосымша |
Қазақстан Республикасының күші жойылды деп танылатын кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің жеке құрылымдық элементінің тізбесі
1. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақыны өндіріп алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 185 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8698 болып тіркелген).
2. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақыны өндіріп алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 185 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 25 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22219 болып тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі № 58 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22663 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1-тармағы.