Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері туралы үлгілік ережені және Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидаларын, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысанын, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 127 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32929 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз

      Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі 64-бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 200-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері туралы үлгілік ереже;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидалары, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысаны, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 127 бұйрығына
1-қосымша

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 200-5) тармақшасына сәйкес әзірленді және орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптама кеңестерінің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайды және оларды қалыптастыруды регламенттейді.

      2. Сараптама кеңесі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан:

      1) кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;

      2) кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;

      3) кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің жобаларына, реттеушілік саясаттың консультативтік құжатына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларына сараптама кеңестерінің мүшелерінен сараптама қорытындыларын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Сараптама кеңесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Сараптама кеңесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік органдар әзірлеген және ұсынған, кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларын (бұдан әрі – жоба), реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті жарияланғаннан (таратылғаннан) кейін қарайды;

      2) кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлердің өңірлік деңгейде шешуді талап ететін проблемалық мәселелерін шешу, кәсіпкерлікті қорғау тәсілдері мен тетіктерін жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар әзірлейді;

      3) жетекшілік ететін салада (аяда) немесе өңірде іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Сараптама кеңестерін қалыптастыру

      5. Сараптама кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының (бұдан әрі – Ұлттық палата), өзін-өзі реттейтін ұйымдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 64-бабының 4-тармағына сәйкес бекітілген Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидаларына, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібіне сәйкес аккредиттелген өзге де коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен қалыптастырылады.

      Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптама кеңесінің құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері енгізіледі.

      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттiк органдар жанындағы сараптама кеңесінiң құрамына ұжым мүшесі ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.

      6. Сараптама кеңесінің құрылымына төраға, оның орынбасары (орынбасарлары), хатшы және кеңес мүшелері кіреді.

      Жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптама кеңесін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі басқарады.

      Орталық мемлекеттік органдар жанынан құрылатын сараптама кеңесінің құрамы мемлекеттік орган басшысының шешімімен, ал жергілікті атқарушы органдар жанынан облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен бекітіледі.

3-тарау. Сараптама кеңестерінің қызметі

      7. Сараптама кеңесінің мүшесі:

      1) сараптама кеңесінің материалдарын қолдана алуы;

      2) сараптама кеңесінің отырысына енгізілетін материалдарды талқылауға қатысуы;

      3) мыналарға:

      қаралатын жобалар бойынша сараптама кеңесінің отырысын өткізуге;

      тиісті мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелерді күн тәртібіне енгізуге бастама жасауы;

      4) кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлердің өңірлік деңгейде шешуді талап ететін проблемалық мәселелерін шешу, кәсіпкерлікті қорғау тәсілдері мен тетіктерін жетілдіру жөнінде шешімдер іздеу мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстар тұжырымдау бойынша ұсынымдар енгізуі;

      5) сараптама кеңесінің ішкі отырысын өткізуді талап етуі мүмкін.

      8. Мемлекеттік органның шешімі бойынша сараптама кеңесінің тиісті құрылымдық бөлімшесі болып табылатын оның жұмыс органы сараптама кеңесінің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      9. Сараптама кеңесінің жұмыс органы*:

      1) сараптама кеңесі отырыстарының арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады;

      2) сараптама қорытындысын алу үшін, оның ішінде осы жобаларды және реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын мүдделі мемлекеттік органдармен кейіннен әрбір келісу кезінде тиісті жобаны және реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы сараптама кеңесіне және Ұлттық палатаға хабарлама жібереді және жобалар мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырады;

      3) жобалар мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты бойынша сараптама кеңесі мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын жинақтауды жүзеге асырады;

      4) сараптама кеңесінің отырысына енгізілетін жобалар мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты бойынша материалдар дайындауды жүзеге асырады;

      5) сараптама кеңесі отырысының қорытындылары бойынша хаттама дайындауды және оған қол қоюды қамтамасыз етеді;

      6) сараптама кеңесі өткізілгенге дейін кемінде 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей сараптама кеңесінің мүшелеріне сараптама кеңесінің өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;

      7) сараптама кеңесі отырысының шешімдері бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сараптама кеңесінің мүшелеріне хаттама көшірмесін жолдайды.

      *Ескертпе:

      Сараптамалық қорытынды алу үшін тиісті жоба мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы хабарламаны сараптама кеңесіне және Ұлттық палатаға жіберуді және осы жоба мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастыруды, сараптама кеңесінің хаттамасын жіберуді, сондай-ақ сараптама кеңесінің отырысына шығарылатын жобалар мен реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты бойынша материалдарды дайындауды жүзеге асыруды әзірлеуші жұмыс органының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыруы мүмкін.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Нормативтік-құқықтық актіні, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актінің жобасын, реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп қабылдаған жағдайда, сараптамалық қорытынды алу үшін сараптама кеңестеріне және Ұлттық палатаға кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын тиісті бірлескен нормативтік құқықтық акт жобасын, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актінің жобасын, реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жіберуді, сондай-ақ нормативтік құқықтық актінің бірлескен жобасын, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актінің жобасын және реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастыруды осы нормативтік құқықтық актіні, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актінің жобасын және реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеуге бастамашылық жасаған әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Сараптама кеңесінің төрағасы сараптама кеңесінің жұмысына басшылықты жүзеге асырады, сараптама кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған жағдайда оның отырысын шақырады.

      Сараптама кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын орынбасар атқарады.

      12. Сараптама кеңесінің шешімдері осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша төраға және хатшы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

      Хатшы сараптама кеңесінің мүшесі болып табылмайды және сараптама кеңесі шешімдер қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы болмайды.

      Хаттама сараптама кеңесі мүшелеріне жіберіледі және жобаға міндетті қосымша болып табылады.

      13. Сараптама кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын сараптама кеңестерінің отырыстары өңірлік деңгейде шешуді талап ететін мәселелер міндетті түрде қаралып, тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      14. Жобаларды қарауды сараптама кеңесі осы Ереженің 15-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, оны сараптама кеңесінің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асыруы мүмкін.

      Егер сараптама кеңесі мүшелерінің бірі сараптама кеңесінің отырысын өткізуді талап еткен жағдайда, мұндай отырысты өткізу міндетті болып табылады.

      Сараптама кеңесі отырысының қорытындылары сараптама кеңесі отырысының шешімі бекітілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілуі мүмкін.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Егер кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптама кеңесінің қарауына шығарылуы мүмкін.

      16. Сараптама қорытындысы сараптама кеңесі мүшесінің және Ұлттық палатаның жазбаша ұстанымын бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының реттеушілік саясаттың консультативтік құжатына, қабылданғанға дейін нормативтік құқықтық актінің жобасына, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актінің жобасына, оның ішінде тиісті жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен кейіннен әрбір келісу кезінде мiндеттi қосымша болып табылады.

      Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде беріледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 28.06.2024 № 53 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата жоба бойынша ескертулері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптама кеңесінің мүшесі сараптама кеңесінің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.

      Бұл ретте сараптама кеңесінің отырыстары сараптама кеңесі мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде бейнеконференция байланысы немесе интернет-конференциялар өткізу арқылы жүргізілуі мүмкін.

      18. Мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен жағдайда жобаға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда сараптама қорытындысын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесінің мүшесіне және Ұлттық палатаға келіспеу себептерін негіздей отырып, жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар жоба қабылданғанға дейін оның мiндеттi қосымшасы болып табылады.

      Жобаға "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде сараптама қорытындысы ұсынылмаған жағдайда жоба ескертусіз келісілді деп есептеледі.

      19. Сараптама кеңесі мүшелерінің және Ұлттық палатаның нақты орналасқан жері, сондай-ақ олардың байланыс деректері (пошталық мекенжайы немесе электрондық поштасының мекенжайы немесе телефон нөмірі және басқалары) қайта аталған, өзгерген жағдайда сараптама кеңесінің мүшелері және Ұлттық палата осы жағдай басталған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жұмыс органын хабардар етеді.

  Кәсіпкерлік мәселелері
жөніндегі сараптама кеңестері
туралы үлгілік ережеге
қосымша

      Нысан

______________________________________________________ жанындағы (мемлекеттік органның атауы)

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің ХАТТАМАСЫ

      _____ жылғы "__" ________ № __________

Күн тәртібі

      Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесі (бұдан әрі – сараптама кеңесі) мүшелерінің

      _____________________________________________________________________

      (нормативтік құқықтық акт жобасының атауы немесе

      қаралатын мәселе) қарауы туралы

      1. Мыналар сараптама қорытындысын ескертулер мен ұсыныстарсыз берді:

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның атауы)

      2. Мыналар сараптама қорытындысын ескертулермен және ұсыныстармен берді:

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның атауы, ұсынылған ескертулер мен ұсыныстардың жалпы саны,

      оның ішінде қабылданған/қабылданбағандар саны)

      3. Мыналар сараптама қорытындыларын берген жоқ: _______________________

      _____________________________________________________________________

      (ұйымның атауы)

      4. ___________________________________________________________________

      (ескертулер мен ұсыныстарды қабылдау және қабылдамау туралы ақпарат**)

      Сараптама кеңесінің төрағасы

      Сараптама кеңесінің хатшысы

      Ескертпелер:

      * Мысалы: Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық – 10 (7/3)

      ** Бұл жағдайда ескертулердің мәні қысқаша көрсетіледі.

      Ескертулер қабылданған жағдайда оларды қабылдау туралы ақпарат көрсетіледі.

      Келіспеген жағдайда сараптама қорытындысымен келіспеу себептерінің негіздемесі бар сараптама кеңесінің мүшелеріне жіберілген хаттың күні мен нөмірі көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 127 бұйрығына
2-қосымша

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидалары, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысаны, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидалары, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысаны, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 64-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидалары, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысанын, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібін белгілейді.

      2. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестерінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін бірлестіктер мен ұйымдардың білдіруін мойындауы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды (бұдан әрі – бірлестіктер мен ұйымдар) аккредиттеу болып табылады.

      3. Бiрлестiктер мен ұйымдар аккредиттеуге жатады.

      4. Аккредиттеуді жүзеге асыру мерзімі туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде жарияланғаннан кейін мемлекеттік органдар жыл сайын I (бірінші) тоқсанда жүзеге асырады.

      Хабарландырулар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

      Осы мемлекеттік орган аккредиттеген бірлестіктер мен ұйымдардың бірігуі, қосылуы, бөлінуі жолымен мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 45-бабына сәйкес жаңадан пайда болған мемлекеттік органның сараптама кеңесінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіреді.

      Жаңадан пайда болған мемлекеттік органдар аккредиттеуді олар құрылған немесе қайта ұйымдастырылған кезден бастап 3 (үш) ай ішінде жүзеге асырады.

      5. Аккредиттеудi объективтi және құзыретті түрде жүзеге асыру мақсатында әрбір мемлекеттік органда құрамы мен ережесі мемлекеттік орган басшысының шешімімен бекiтiлетін аккредиттеу жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – комиссия) құрылады.

2-тарау. Аккредиттеуді өткiзу тәртiбi

      6. Аккредиттеудi өткізу тәртiбi мынадай кезеңдерді:

      1) мемлекеттік органның аккредиттеуді өткізуге өтініштер мен құжаттар қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды орналастыруы;

      2) бірлестіктердің және/немесе ұйымдардың өтінішті және осы қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар топтамасын беруін;

      3) комиссияның аккредиттеу материалдарын қарауын;

      4) мемлекеттік органның аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдауын;

      5) аккредиттеу туралы куәлiктi немесе негіздемесімен бірге аккредиттеуден бас тарту туралы жазбаша хабарламаны беруді қамтиды.

      7. Мемлекеттік органда аккредиттелуге үміткер бірлестіктер мен ұйымдар хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар топтамасын ұсынады.

      8. Аккредиттеу алу үшiн өтiнiш берушi мемлекеттік органға электрондық нысанда:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де коммерциялық емес ұйымдардың аккредиттеуден өту үшін өтініш;

      2) заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) құрылтай құжаттарының және мемлекеттiк (есептік) тiркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшiрмелерiн;

      3) бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерін көрсете отырып, бірлестік және/немесе ұйым мүшелерінің тізімін ұсынады.

      Аккредиттеу туралы куәлікті мерзімсіз негізде алу үшін өтініш беруші орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда аккредиттеуді қатарынан екі реттен артық растайтын жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктердің көшірмелерін ұсынады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 21.05.2024 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Бірлестіктер мен ұйымдар ұсынған материалдарды қарау ұсынымдары бойынша мемлекеттік орган аккредиттеу туралы куәлік беру немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайтын комиссия жүзеге асырады.

      10. Құжаттарды қарау және аккредиттеу туралы куәлiк беру немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдау мерзімі өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталған сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспауға тиiс.

      11. Мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында аккредиттеуді жүргізуге құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін өтініштер болмаған жағдайда 10 (он) жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдар аккредиттеуді жүзеге асыру мерзімдері туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде қайта жариялауды жүзеге асырады.

      Мемлекеттік органда аккредиттеуге үміткер бірлестіктер мен ұйымдар хабарландыру қайта жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттар топтамасын ұсынады.

      Мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында аккредиттеу жүргізуге құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін өтініштер болмаған жағдайда 5 (бес) жұмыс күні ішінде аккредиттеу жүргізуге өтініштердің болмауына байланысты мемлекеттік органның аккредиттеу өткізілмегені туралы хабарландыруы жарияланады.

      12. Егер:

      1) ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;

      2) бірлестік пен ұйым оның мүшелерінің мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асырмайды;

      3) бірлестік пен ұйым өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін аккредиттеуге құжаттар ұсынылған жағдайларда, аккредиттеу жүзеге асырылмайды.

      13. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш жыл мерзімге беріледі.

      Мемлекеттік органдарда қатарынан екі реттен артық аккредиттелген бірлестіктер мен ұйымдар жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды мерзімсіз негізде аккредиттеу туралы куәлік алады.

      14. Бірлестіктер мен ұйымдарды аккредиттеу туралы шешім мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен және (немесе) жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітіледі.

      Бірлестіктер мен ұйымдарды жүргізілген аккредиттеу нәтижелері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік беру жүзеге асырылады.

      Бірлестіктер мен ұйымдарды жүргізілген аккредиттеу нәтижелері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік беру немесе құжаттарды қарау және аккредиттеу туралы куәлік беру немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау мерзімі аяқталған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде аккредиттеуден дәлелді бас тарту жүзеге асырылады.

      15. Мерзімсіз негізде аккредиттеу осы Қағидалардың 2-тарауында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      16. Аккредиттеу туралы куәлiк жоғалған кезде бiрлестiк және/немесе ұйым оның телнұсқасын тиiстi өтiнiш берiлген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде куәлiктi берген мемлекеттік органнан ала алады.

      Бірлестіктер мен ұйымдар қайта тіркеуді, деректемелердің өзгеруін жүзеге асырған жағдайда әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде тиісті өзгерістер туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға жібереді.

3-тарау. Аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібі

      17. Мыналар:

      1) аккредиттелген бірлестіктерді және/немесе ұйымдарды қайта ұйымдастыру немесе тарату;

      2) бірлестіктің және/немесе ұйымның осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аккредиттеудің күшін жою үшін өтініш беруі;

      3) Жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімінің өтуі бірлестіктер мен ұйымдарды аккредиттеудің күшін жоюға негіз болып табылады.

      18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген аккредиттеудің күшін жою үшін негіз болған жағдайда, бірлестіктер мен ұйымдарды аккредиттеудің күшін жою туралы мәселелерді жұмыс органының әзірлеуші құрылымдық бөлімшесі аккредиттеудің күшін жою үшін негіз болып табылатын фактілерді анықтаған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жұмыс органы қарайды.

      19. Мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі тоқтатылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді тоқтату туралы тиісті хабарлама жібереді.

  Жеке кәсіпкерлік
субъектілерінің бірлестіктері
мен өзге де коммерциялық емес
ұйымдарды аккредиттеуден
өткізу қағидалары, оның ішінде
аккредиттеу туралы куәліктің
нысаны, аккредиттеудің күшін
жою негіздері мен тәртібіне
1-қосымша

      Нысан

Жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік

      _______________________________________________________________

      (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiгiнің және/немесе өзге

      де коммерциялық емес ұйымдардың атауы)

      _______________________________________________________________

      (орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органның атауы)

      _______________________________________________________________

      (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiгінің және/немесе өзге де

      коммерциялық емес ұйымдардың атауы)

      _______________________________________________________________

      (орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органның атауы)

      жанындағы жеке кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптама кеңесінiң

      қызметi шеңберiнде жеке кәсiпкерлiк мүдделерiн қозғайтын нормативтiк

      құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргiзу құқығын мойындайды.

      (20 жылғы "_____" ___________ № _________ бұйрық)

      Куәлiк 20 жылғы "___" ___________ дейiн жарамды

      Орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органның басшысы ___

      ____________________________________________________________________

      (тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), қолы)

      Берiлген күнi: 20 жылғы "_____" ___________

  Жеке кәсіпкерлік
субъектілерінің бірлестіктері
мен өзге де коммерциялық емес
ұйымдарды аккредиттеуден
өткізу қағидалары, оның ішінде
аккредиттеу туралы куәліктің
нысаны, аккредиттеудің күшін
жою негіздері мен тәртібіне
2-қосымша

      Нысан

  Кiмге
  __________________________
  (орталық мемлекеттiк немесе
  __________________________
  жергiлiктi атқарушы орган
  басшысының лауазымы, тегі,
  аты, әкесінің аты (бар болса)
  Кiмнен ____________________
  (бiрлестiк басшысының
  лауазымы, тегі, аты, әкесінің
  аты (бар болса)
  Деректемелер: _____________
  (заңды мекенжайы, байланыс
  телефоны)

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және өзге де коммерциялық емес ұйымдардың аккредиттеуден өтуі үшін өтініш

      ____________________________________________________________________

      (орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органының атауы)

      жанындағы жеке кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сараптама кеңесінiң

      қызметi шеңберiнде жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк

      құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргiзу құқығын тану/жою үшін

      ____________________________________________________________________

      бiрлестiктің және/немесе ұйымның атауы)

      аккредиттеудi/акредиттеуді жоюды/мерзімсіз негізде аккредиттеуді сұраймын.

      Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінің құрамына енгізу үшін

      бірлестік және/немесе ұйым өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы

      Өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiлдi:

      1. _____________________________________________________________

      2. _____________________________________________________________

      3. _____________________________________________________________

      4. _____________________________________________________________

      ______________ _________________________________________________

      (қолы) (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      20__ жылғы "___" __________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады