Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 492 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 10 шiлдеде № 33042 болып тіркелді.

      "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология және табиғи

      ресурстар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2023 жылғы 5 шілдедегі
№ 492 бұйрығына
қосымша

Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) айрықша мақсаттағы автомобиль – күзетілетін адамдарды тасымалдауға және (немесе) олармен бірге ілесіп жүруге арналған көлік құралы;

      2) әскерлер колоннасы – көк түсті немесе көк және қызыл түсті жарқылдауық шамдары қосылып тұрған бас көлік құралының бастауымен фарасын үнемі қосып, бір қозғалыс жолағымен бірінің артынан бірі тікелей жүріп келе жатқан және әскери тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер және әскери құрылымдарының үш және одан көп механикалық көліктік құралдарының тобы;

      3) жол – жайластырылған немесе ыңғайластырылған және көлiк құралдарының жүруі үшін пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үстi (жол бiр немесе бiрнеше жүру бөлiктерiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды);

      4) жол жүрісі – жолдар шегінде көлiк құралдары арқылы немесе оларсыз адамдардың және жүктердiң орын ауыстыру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығы;

      5) жол жүрісінің қауiпсiздiгi – қатысушыларының жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi;

      6) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың денсаулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға, сондай-ақ осындай зардаптарды жоюға бағытталған қызмет;

      7) жол жүрiсiн ұйымдастыру – жол жүрiсін басқару жөніндегі ұйымдық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-іздестіру, ұйымдық-техникалық, бақылау-қадағалау, өкімдік және басқа да іс-шаралар кешенi;

      8) жол жүрісіне қатысушы – жол жүрісі процесіне жаяу жүргінші, жолаушы немесе жүргізуші ретінде тікелей қатысатын адам;

      9) жол иелері – жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;

      10) жол-көлiк оқиғасы (бұдан әрі – ЖКО) – көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;

      11) көлік құралы – адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы.

      3. Жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу:

      1) жол жүрісі қауіпсіздігіне, оның ішінде жеке адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнген;

      2) жолдардың сақталуына қатер төнген;

      3) ЖКО;

      4) атмосфералық ауа химиялық және өзге де заттар концентраттарының жол берілетін шекті нормативтерінен артық ластанған;

      5) дүлей зілзалалар, қолайсыз жол-климат жағдайлары;

      6) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізгенде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында не көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірген;

      7) егер теміржол өтпелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмеген;

      8) жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізілген;

      9) терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шаралары жүргізілген;

      10) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын болдырмау және (немесе) жою жөніндегі іс-шаралар жүргізілген;

      11) жолдардың конструктивтік элементтері жай-күйінің көрсеткіштері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық нормаларына сәйкес келмеген;

      12) мыналар:

      жолдардың нормативтік өткізу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында ақылы қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      белгіленген уақытта көлік құралдарының белгілі бір санаттарының кіруіне шектеу қою немесе тыйым салу;

      жүк және транзиттік көлік құралдарының жүруін шектеу арқылы нормативтен артық жүктеме болған;

      13) мынадай:

      айрықша мақсаттағы автомобильдермен ілесіп жүрген кезде;

      ұйымдастырылған автобус колонналарының;

      әскерлер колонналарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілген жағдайларда енгізіледі.

2. Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу тәртібі

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде жолдарда көлік құралдарының жүрісін уақытша тоқтату немесе оған уақытша шектеу енгізу туралы шешімді жол иелері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, өз құзыреті шегінде қабылдайды.

      5. Жол иелері осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде бұл туралы жол жүрісіне қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе тоқтату, оны ұйымдастыруды өзгерту жөнінде шұғыл шаралар қолданады.

      6. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде жол иелері хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады, жолдарда бекеттерді ұйымдастыру мен белгілерді орнатуды жүргізетін жол жүрісі қатысушыларына және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне көлік құралдарының жүрісін уақытша тоқтату немесе оны шектеу туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      7. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 4), 5) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайлар орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;

      2) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеудің салдарының алдын алу және оларды жою бойынша жедел шаралар қолдануы және көрсетуі үшін кейіннен ол қалпына келтіргенге немесе алып тастағанға дейін ақпарат бере отырып, автовокзалдардың, көлік ұйымдарының, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың көрші облыстардағы аумақтық бөлімшелерінің кезекші-диспетчерлік қызметтерін, шекаралас мемлекеттердің төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік органдарын хабардар етеді;

      3) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган жол иелерімен бірлесіп, көлік құралдары мен адамдардың жолдың жабық бөлігіне жүріп өтуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды, сондай-ақ көлік құралдарының қауіпсіз және кедергісіз жүріп өтуі үшін жағдайды қамтамасыз етеді;

      4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган көлік құралдарының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына, шаруашылық автомобиль жолдарына, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріне шығуына жол бермеу мақсатында уақытша полиция бекеттерін қояды. Бұдан басқа жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құқықтық актілеріне сәйкес республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан жеріне сәйкес патрульдік полиция нарядтары қойылады;

      5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбау фактілері анықталған жағдайларда, көлік құралдарының жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 667-бабына сәйкес шаралар қабылданады.

      8. Осы Қағидалардың 3-тармағының 3), 7) тармақшаларында және 13) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында көзделген жағдайлар орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;

      2) жол иелері оқиға болған жерге жол, авариялық-құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің, құқық қорғау мен арнайы мемлекеттік органдардың көлік құралдарының кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді.

      9. Осы Қағидалардың 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген іс-шаралар өткізілген жағдайда мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) іс-шараларды өткізуге жауапты мемлекеттік орган іс-шара өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күні ішінде жол иелері мен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне хабарлайды;

      2) жол иелері мен жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері іс-шараларды өткізуге жауапты мемлекеттік орган іс-шараларды өткізу мерзімі мен тиісті сызбаларды ұсынған кезде осы іс-шараларды жазбаша түрде келіседі.

      10. Жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде тиісті жол белгілерін орнатып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ол туралы жергілікті атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды хабардар ету арқылы көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе жабу құқығына ие.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 8) тармақшасында көзделген жағдайлар орын алған кезде жол иелері уақытша айналма жол салу бойынша жұмыстар жүргізеді.

      11. Осы Қағидалардың 3-тармағының 9) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде көлік құралдарының жүрісін тоқтатуды немесе уақытша шектеуді терроризмге қарсы операцияларды және (немесе) қорғау іс-шараларын өткізу аймағында терроризмге қарсы операцияларға қатысушы лауазымды адамдар жүзеге асырады.

      Айрықша мақсаттағы автомобильдердің қауіпсіз жүрісін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарының жүрісін тоқтатуды немесе уақытша шектеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғау қызметінің және ұлттық қауіпсіздік органдарының шешімі бойынша лауазымды адамдар жүзеге асырады.

      Қорғау іс-шараларын жүргізу кезінде арнайы трассаларда және оларға іргелес аумақтар мен акваторияларда жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге жұмыстардың барлық түрінің өндірісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғау қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады. Қорғау іс-шараларын жүргізу кезеңінде арнайы трассаларда жөндеу, құрылыс, монтаж және өзге жұмыстардың барлық түрі тоқтатылуы мүмкін.

      Терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта терроризмге қарсы операцияға қатысушы адамдар жеке адамдарды жергілікті жердің жекелеген учаскелерінен және объектілерден шығару, көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің көлік құралдарының жол жүрісін, оларды сүйреп әкетуді қоса алғанда, уақытша шектеу немесе тыйым салу бойынша іс-шаралар өткізеді.

      12. Осы Қағидалардың 3-тармағының 10) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) жол иелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды;

      2) жол иелері және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері автовокзалдардың, көліктік ұйымдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның көрші облыстардағы аумақтық бөлімшелеріне және шекаралас мемлекеттердің төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттік органдарға, оның салдарының алдын алу және оларды жою бойынша жедел шараларды қолдану және көмек көрсету үшін хабарлайды;

      3) құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін жол иелері оқиға болған жерге жол, авариялық-құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің көліктік құралдарының кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді.

      13. Осы Қағидалардың 3-тармағының 12) тармақшасында көзделген жағдай орын алған кезде жол иелері жолдар немесе жолдардың жекелеген учаскелері бойынша көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды және жол жүрісі қатысушыларына жол белгілерін орнату арқылы шектеу мерзімін көрсете отырып, хабарлауды қамтамасыз етеді.

      14. Шекаралық кеңістік шегінде шекаралық іздеулерді және операцияларды, өзге де іздеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында іс-шараларды өткізу уақытында бақылау бекеттерін орнатады.

      15. Көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу туралы ақпаратты жол жүрісіне қатысушыларға хабарлау "Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде адамдардың өмiрiне, денсаулығына төнген қатер және қалыптасқан жағдайдағы iс-қимылдар тәртiбi туралы халықты хабардар ету, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және құқықтық тәртiптi қорғау мүдделерiнде телерадио хабарларын тарату желiлерiн пайдалану қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 16 шілдедегі № 763 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 11982 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі.

      16. Осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген жағдайларды жою бойынша өткізілген іс-шаралардан және жойғаннан кейін жол иелері уәкілетті органдармен олардың құзыреті шегінде бірлесіп, көлік құралдарының жүрісін қалпына келтіру немесе уақытша шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдайды.

      17. Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша автокөлік құралдарының жүрісін ұйымдастыру (бұдан әрі – жүрісті ұйымдастыру) "Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау қағидалары мен шарттарын, тізбесін, олардың атаулары мен индекстерін, оның ішінде қорғаныстық мақсатта пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 315 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11402 болып тіркелген) бекітілген Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбесіне, атауына және индекстеріне, оның ішінде қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Жүрісті ұйымдастыру кезінде, осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген, жазғы кезеңде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне жаз мезгілінің күндізгі және кешкі уақытында шектеу енгізіледі.

      Осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шағылтасты мастикалық асфальт-бетон жамылғысымен төселген учаскелерінде, жаз мезгілінің күндізгі уақытында ауа температурасы 250 С жоғары болған кезде жеке білікке түсетін жүктемесі 9 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізіледі.

      Жаз мезгілінде:

      1) халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын;

      2) төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын;

      3) тез бұзылатын азық-түліктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;

      4) жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын;

      5) өте қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;

      6) мердігер ұйымдарға реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін берілген учаскелердегі жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын;

      7) қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, және әскери тасымалдауларды жүзеге асыратын;

      8) зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді жүзеге асыратын авто көлік құралдарына шектеулер қолданылмайды.

      Ескерту. 17-тармақпен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Көктемгі кезеңде жол жүрісін ұйымдастыру кезінде осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген көктемгі кезеңде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізіледі.

      Көктемгі кезеңде:

      1) халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын;

      2) төтенше жағдайлар мен олардың салдарын алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын;

      3) зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді жүзеге асыратын;

      4) азық-түліктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;

      5) жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын;

      6) дәрі-дәрмектерді тасымалдауды жүзеге асыратын;

      7) мердігер ұйымдарға реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін берілген учаскелердегі жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын;

      8) қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, сондай-ақ әскери тасымалдауларды жүзеге асыратын автокөлік құралдарына шектеулер қолданылмайды.

      Ескерту. 18-тармақпен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Жазғы және көктемгі кезеңдерде жүріске уақытша шектеу кезеңінде Қазақстан Республикасының маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен жүру кезінде рұқсат етілетін автокөлік құралдарының білік массасының ең көп сомасы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес мәнінен аспауы тиіс.

      Ескерту. 19-тармақпен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Жолдарда көлік құралдарының
жүрісін тоқтату немесе
уақытша шектеу қағидаларына
1-қосымша

Жазғы кезеңде жүрісті уақытша шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдері

      Ескерту. 1-қосымшамен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Тиісті жылдың 1 маусымынан 15 тамызына дейін, ауаның температурасы 250С жоғары болған кезде сағат 11-00-ден 21-00-ге дейін мынадай облыстарда шектеу енгізіледі:

      1) Абай облысы

      2) Ақмола облысы

      3) Ақтөбе облысы

      4) Батыс Қазақстан облысы

      5) Қарағанды облысы

      6) Қостанай облысы

      7) Павлодар облысы

      8) Солтүстік Қазақстан облысы

      9) Шығыс Қазақстан облысы

      2. Тиісті жылдың 1 маусымынан 31тамызына дейін, ауаның температурасы 250С жоғары болған кезде сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін мынадай облыстарда шектеу енгізіледі:

      1) Алматы облысы

      2) Атырау облысы

      3) Жамбыл облысы

      4) Жетісу облысы

      5) Қызылорда облысы

      6) Маңғыстау облысы

      7) Түркістан облысы

      8) Ұлытау облысы

  Жолдарда көлік құралдарының
жүрісін тоқтату немесе
уақытша шектеу қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының шағылтасты мастикалық асфальт-бетон жамылғысымен төселген учаскесі

      Ескерту. 2-қосымшамен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

р/с №

Автомобиль жолының индексі

Автомобиль жолының атауы

Жалпы ұзақтығы, километр

Учаскенің басы, километр

Учаскенің соңы, километр

1

2

3

4

5

6

1

А-1

Астана - Петропавл,
Көкшетау қаласы арқылы

128

68

196

  Жолдарда көлік құралдарының
жүрісін тоқтату немесе
уақытша шектеу қағидаларына
3-қосымша

Көктемгі кезеңде жүрісті уақытша шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдері

      Ескерту. 3-қосымшамен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Тиісті жылдың 23 наурызынан бастап 1 мамырына дейін, мынадай облыстарда шектеу енгізіледі:

      1) Абай облысы

      2) Ақмола облысы

      3) Ақтөбе облысы

      4) Батыс Қазақстан облысы

      5) Қарағанды облысы

      6) Қостанай облысы

      7) Павлодар облысы

      8) Солтүстік Қазақстан облысы

      9) Шығыс Қазақстан облысы

      2. Тиісті жылдың 1 наурызынан бастап 1 сәуіріне дейін, мынадай облыстарда шектеу енгізіледі:

      1) Алматы облысы

      2) Атырау облысы

      3) Жамбыл облысы

      4) Жетісу облысы

      5) Қызылорда облысы

      6) Маңғыстау облысы

      7) Түркістан облысы

      8) Ұлытау облысы

  Жолдарда көлік құралдарының
жүрісін тоқтату немесе
уақытша шектеу қағидаларына
4-қосымша

Жазғы және көктемгі кезеңдердегі жүрісті уақытша шектеу кезеңінде Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жүруге рұқсат етілген автокөлік құралдарының білік салмағының ең көп сомасы

      Ескерту. 4-қосымшамен толықтырылды – ҚР Көлік министрінің м.а. 12.11.2024 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Жеке біліктің жүктемесі,тонна

Білік арасындағы арақашықтық,

Жүк, арнайы және мамандандырылған автомобильдердің, тіркемелер және жартылай тіркемелердің білік салмағының ең үлкен жиынтығы, тонна

Қосалқы білік

Үштік білік

үш біліктен көп немесе тәуелсіз біліктер тобының әр білігіне

8

1 метрге дейін

10

14,4

4,8

1 метрден қоса алғанда 1,3 метрге дейін

12,0

16,8

5,6

1,3 метрден қоса алғанда 1,8 метрге дейін

13,2

19,2

6,4

1,8 метрден 2 метрге дейін

14,4

21,6

7,2

      Автокөлік құралдарының жалпы рұқсат етілетін массасы "Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 342 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11009 болып тіркелген) бекітілген, автокөлік құралдарының рұқсат етілетін жалпы массасынан 20%-ға төмендету арқылы айқындалады.

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады