Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 25 шiлдедегi № 225 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 шiлдеде № 33170 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 41) - тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 25 шілдедегі
№ 225 Бұйрықпен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 41) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру тәртібін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ТжКОБ ұйымдары) онлайн-оқыту нысанын айқындайды.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) асинхронды оқыту нысаны – белгілі бір орын мен уақытқа байланысты емес білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелердің және басқа байланыс құралдарының көмегімен өзара әрекетін болжайтын қашықтан оқыту немесе онлайн оқыту;

      2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтамасыз ету, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      3) білім алушының цифрлық ізі – бұл LMS (ЛМС) (оқытуды басқару жүйесі) және (немесе) өзге де платформаларда немесе ақпараттық жүйеде тіркелген білім беру қызметінің нәтижелері туралы верификацияланған деректер жиынтығы;

      4) білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені;

      5) оқуды басқару жүйесі (Learning management system – LMS (Ленинг менеджмент систем – ЛМС) – оқу процесін басқаруды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету;

      6) онлайн прокторинг – жазбаның сақталуын, жеке адамды тану мен сәйкестендіруді, шу деңгейін анықтай отырып, бас пен дененің қозғалысын талдауды, мультифейсті тануды, бөлмені 360 градус режимінде жазуға сұрау салуды, күдікті оқиғаларды логациялауды қамтамасыз ететін жеке тұлғаны верификациялау және онлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растау жүйесі;

      7) синхронды оқыту форматы – ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін және білім алушылар ақпарат алатын, онымен дербес немесе топтарда жұмыс істейтін, кез келген жерден басқа қатысушылармен және оқытушылармен барлық уақыт кезеңі үшін бірыңғай уақытта талқылайтын басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып, нақты уақыттағы білім беру процесіне қатысушылардың тікелей байланысын (ағынын) болжайтын қашықтықтан оқыту немесе онлайн оқыту;

      8) цифрлық білім беру ресурсы – оқытуды интерактивті нысанда қамтамасыз ететін оқытылатын бағыттар және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статикалық және динамикалық модельдер, виртуалды шындық және интерактивті модельдеу объектілері, дыбыс жазбалары және өзге де цифрлық оқу материалдары.

2-тарау. Онлайн-оқыту нысанындағы оқу процесін ұйымдастыру ережелері

      3. Білім алушыларды онлайн-оқытуға қабылдауды білім беру ұйымдары "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17705 болып тіркелді) сәйкес жүзеге асырады.

      4. ТжКОБ ұйымдары онлайн-оқытудың білім беру бағдарламаларын "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелді) сәйкес әзірлейді.

      5. Онлайн-оқытудың білім беру бағдарламалары білім беру бағдарламаларының тізіліміне "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және алып тастау негіздерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 қазандағы № 417 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30099 болып тіркелді) сәйкес енгізіледі.

      6. ТжКОБ ұйымдары онлайн-оқытудың жұмыс оқу жоспарларын және жұмыс оқу бағдарламаларын білім беру бағдарламалары негізінде әзірлейді.

      7. Онлайн-оқытудың жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламалары асинхронды және синхронды оқыту форматының арақатынасын көрсетеді, өндірістік оқытуды ұйымдастыруға және кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, синхронды сабақтардың арақатынасы бүкіл оқу кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің кемінде отыз пайызын құрайды.

      8. Өндірістік оқыту және кәсіптік практика, зертханалық жұмыстар мен практикалық сабақтар толығымен немесе ішінара кәсіпорын базасында немесе білім беру ұйымдарында (білім беру бағдарламасының ерекшелігіне байланысты) жүргізіледі.

      ТжКОБ ұйымдарында практикалық сабақтар өткізу кезінде білім алушыларға кәсіби құзыреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік беретін виртуалды зертханаларды, симуляторларды, тренажерлерді пайдалану көзделеді.

      9. ТжКОБ ұйымдары "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына сәйкес білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізеді.

      Аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу нысанын ТжКОБ ұйымы дербес айқындайды. Онлайн-оқыту нысанында аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу кезінде онлайн прокторинг қолданылады.

      10. ТжКОБ ұйымдары онлайн-оқытуды ұсыну кезінде "Білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 14 қарашадағы № 456 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30534 болып тіркелді) сәйкес білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды сақтауы қажет.

      11. ТжКОБ ұйымы телекоммуникациялық арналардың, ақпараттық, цифрлық білім беру ресурстарына жедел қол жеткізу құралдарының, Интернет желісіне қосыла отырып оқытуды басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етеді.

      12. ТжКОБ ұйымының педагогтері әр үш жыл сайын IT-құзыреттілік, онлайн-оқыту әдістемесі және технологиясы саласында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

      13. Білім беру процесінің мониторинг пен талдау тиімділігі ТжКОБ ұйымының білім алушысы мен педагогінің цифрлық ізін қадағалау жолымен іске асырылады.

      Білім беру бағдарламасын игеру, сабаққа қатысу, логиялау процесінде тәртіптің сақталуына мониторинг жүргізу, материалдарды зерделеу барысын бақылау, тапсырмаларды уақытылы орындау және бағалау білім алушының цифрлық ізі арқылы жүзеге асырылады.

      14. ТжКОБ ұйымы білім алушылар арасында оқытуды басқару жүйесінің (LMS) (ЛМС), білім беру бағдарламаларының және (немесе) пәндердің/модульдердің, цифрлық контенттің және онлайн-оқытуға тартылған педагогикалық құрамның сапасына сәйкестігі тұрғысынан әңгімелесу және (немесе) сауалнама жүргізеді.

      15. Онлайн-оқыту нысанында білім алатын тұлғаларды қабылдау сәтінен бастап бітіргенге дейін техникалық сүйемелдеу үшін ТжКОБ ұйымы:

      1) онлайн-оқытуға тартылған цифрлық инфрақұрылым мен ақпараттандыру объектілерінің, мобильді қосымшалардың қолжетімділігі мен үздіксіз жұмыс істеуін;

      2) бөлінген бөлмемен және лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етілген онлайн-курстардың цифрлық білім беру ресурстарының студиялық өндірісін қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешеннің жұмыс істеуін;

      3) онлайн-оқытуға тартылған цифрлық инфрақұрылым мен ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      16. Онлайн-оқыту нысанында білім алатын тұлғаларды қабылдау сәтінен бастап бітіргенге дейін әдістемелік сүйемелдеу үшін ТжКОБ ұйымы:

      1) заманауи цифрлық білім беру технологияларын қолдануды (аралас оқыту, микро және адаптивті оқыту, виртуалды/толықтырылған нақтылық, геймификация және басқа да цифрлық білім беру технологиялары);

      2) онлайн-оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік материалдарды әзірлеуді;

      3) онлайн-оқыту пәндері және (немесе) модульдері бойынша оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуді және ТжКОБ ұйымының ақпараттандыру объектісінде орналастыруды қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады