"Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 349 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу және кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп тану туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 2 мамырдағы № 103 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 2 мамырда № 36069 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 349 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіміне № 33682 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      тақырып жаңа редакцияда жазылсын:

      "Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарын бекіту туралы";

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 71) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:".

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидалары;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрыққа 1 және 2-қосымшалар осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес 3-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 2 мамырдағы
№ 103 бұйрығына
1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 349 бұйрығына
1-қосымша

Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 71) тармақшасына сәйкес әзірленді және орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім (бұдан әрі - білім беру ұйымдары) ұйымдарында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – аппараттық-бағдарламалық кешенді және телекоммуникациялар желісін қолдана отырып, жүзеге асырылатын электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;

      2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтамасыз ету, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      3) білім алушының цифрлық ізі – бұл LMS (ЛМС) (оқытуды басқару жүйесі) және (немесе) өзге платформаларда немесе ақпараттық жүйеде (бұдан әрі – АЖ) тіркелген білім беру қызметінің нәтижелері туралы верификацияланған деректер жинағы;

      4) білім беру бағдарламасы - оқытудың мақсаттарын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды, оларды іске асырудың тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемдерін қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені;

      5) қашықтан оқыту – педагог пен білім алушылардың қашықтан, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылатын оқыту;

      6) оқытуды басқару жүйесі (LMS) (Элэмэс) – білім беру процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылы үшін қашықтан оқытуды және онлайн-оқытуды қамтамасыз ететін оқу материалдары мен құралдарының кешенін қамтитын оқу курстарын әкімшілендіруге арналған платформа;

      7) оқытуды басқару жүйесі (Learning management system – LMS (Ленинг менеджмент жүйесі – ЛМС) – оқу процесін басқаруды автоматтандыруға арналған ақпараттандыру объектісі;

      8) онлайн прокторинг – жазбаны сақтауды, тұлғаны тануды және сәйкестендіруді, бас пен дененің қозғалысын талдауды, шудың деңгейін анықтауды, мультифейсті тануды, бөлмені 360 градус режимінде жазуға сұрау салуды, күдікті оқиғаларды логирлеуді қамтамасыз ететін жеке тұлғаны верификациялау және онлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растау жүйесі;

      9) оқытудың асинхронды форматы – білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелер мен басқа да байланыс құралдары арқылы белгілі бір орын мен уақытқа байланыстырылмаған өзара іс-қимылын болжайтын қашықтан оқыту немесе онлайн-оқыту;

      10) оқытудың синхронды форматы – білім алушылар ақпарат алатын, онымен дербес немесе топтарда жұмыс істейтін, оны кез келген жерден басқа қатысушылармен және оқытушылармен талқылайтын АЖ және басқа да байланыс құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нақты уақытта білім беру процесіне қатысушылардың тікелей байланысын (стримингін) көздейтін қашықтан оқыту немесе онлайн-оқыту;

      11) цифрлық білім беру ресурсы – оқытылатын пәндер және (немесе) модульдер бойынша интерактивті нысанда оқытуды қамтамасыз ететін дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статикалық және динамикалық модельдер, виртуалды шынайылық және интерактивті модельдеу объектілері, дыбыс жазбалары және өзге де цифрлық оқу материалдары.

2-тарау. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      3. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ТжКББ ) медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыруды жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, қашықтан оқыту:

      1) қолайсыз ауа райы метеожағдайлары болған;

      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған;

      3) білім алушының денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар болған;

      4) білім алушылар халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысқан;

      5) ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініштері болған жағдайларда ұйымдастырылады.

      4. Қашықтан оқыту білім беру процесіне қатысушылардың орналасқан жеріне қарамастан қашықта, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылады.

      5. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру кезінде осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда орта білім беру ұйымдарында:

      1) орта білім беру ұйымы білім алушыға оқу пәндері бойынша Үлгілік оқу бағдарламаларын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды, оқулықтарды, бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (бұдан әрі – ТЖБ), ағымдағы, аралық және мемлекеттік қорытынды аттестаттауды өткізу кестелерін ұсынады;

      2) ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алушының оқу сабақтарын және қосымша білім беру арқылы (секциялар, спорт, шығармашылық, білім беру үйірмелері және басқалар) оны әлеуметтендіруін дербес ұйымдастырады;

      3) білім алушы тиісті білім беру деңгейінің оқу бағдарламаларын меңгеріп, орта білім беру ұйымына орналасқан жері бойынша орта білім беру ұйымында ағымдағы (ТЖБ), аралық және қорытынды аттестаттаудан уақтылы өтеді;

      4) ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша педагогикалық кеңес білім алушыны қашықтан оқытуды ұзарту немесе оны дәстүрлі оқыту форматына ауыстыру туралы тиісті шешім қабылдайды;

      5) оқу барысында білім алушы меңгеруі қиын тақырыптар бойынша пән мұғалімдеріне, басқа жағдайларда қажет болғанда мектеп психологына, медицина қызметкеріне, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторға, орта білім беру ұйымының әлеуметтік педагогіне жүгінеді.

      6) білім алушы білім беру ұйымының спорттық, мектептегі және мектептен тыс іс-шараларына қатысады;

      7) білім алушы бекітілген орта білім беру ұйымы оған спорт, оқу, акт залдарын, компьютерлік сыныптар мен кітапхананы тегін пайдалануды қамтамасыз етеді.

      6. Қашықтан оқытуға рұқсат берілетін пәндердің және (немесе) модульдердің тізбесі оқыту нысандарына қарамастан ТжКББ ұйымымен дербес айқындалады және басшының бұйрығымен бекітіледі.

      7. Қашықтан оқыту кезінде білім беру ұйымдары ішкі құжат айналымын жүргізеді және Заңның 5-бабының 88) тармақшасына сәйкес білім беру процесінің нәтижелерін сақтауды жүзеге асырады.

      8. ТжКББ ұйымдарында күндізгі оқу нысаны кезінде "Білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіптік стандарттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 24 ақпандағы № 31 бұйрығына сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы ұйымдастыруға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, жұмыс оқу жоспарына сәйкес барлық оқыту кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспайтын бөлігін қашықтан оқытуға болады.

      9. ТжКББ ұйымдарында сырттай немесе кешкі, сонымен қатар экстернат нысанында оқыту кезінде Заңның 5-бабының 45) тармақшасына сәйкес мамандықтар және біліктіліктер бойынша өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы ұйымдастыруға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, жұмыс оқу жоспарына сәйкес барлық оқыту кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің жалпы көлемінің жиырма пайыздан аспайтын бөлігін қашықтан оқытуға болады.

      10. Осы Қағидалардың 8 және 9 - тармақтарында көрсетілген шектеулер, осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген білім алушыларға қолданылмайды.

1-параграф. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қолайсыз ауа райы метеожағдайларында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      11. Қолайсыз ауа райының метеожағдайларында қашықтан оқыту білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

      12. Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері оқу жылы басталғанға дейін:

      1) аумақтық мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша білім беру ұйымдарындағы сабақтар өңірдің географиялық-климаттық жағдайларына сәйкес, сондай-ақ білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қашықтан оқытуға көшірілетін қолайсыз ауа райы жағдайларының көрсеткіштерін;

      2) жергілікті жағдайларды ескере отырып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқытуға көшу туралы ата-аналар мен оқушыларды уақтылы хабардар ету жүйесі, жауапты тұлғаларды, уақтылы хабарлау нысандары мен әдістерін көрсете отырып бекітеді.

      13. Қолайсыз ауа райы метеожағдайлары кезінде жергілікті тұрғындарға қашықтан оқытуға көшу туралы білім беруді басқарудың мемлекеттік органдары:

      1) жергілікті телевизиялық және радиоарналарда;

      2) білім беру мекемелері мен білім беруді басқару органдарының ресми сайттарында;

      3) білім беру мекемелері мен білім беруді басқару органдарының әлеуметтік желілер беттерінде және мессенджерлерінде;

      4) сынып жетекшілері арқылы хабарлайды.

      14. Қолайсыз ауа райы метеожағдайлары кезінде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру туралы: бірінші ауысым үшін сағат 06.45-тен 08.00-ге дейін, екінші және үшінші ауысым үшін сағат 11.15-тен 13.00-ге дейін хабарлау жүргізіледі.

      15. Білім беру ұйымдарында қолайсыз ауа райы метеожағдайлары кезінде оқу процесін қашықтан ұйымдастыру туралы хабарлау үшін қолайсыз ауа райы метеожағдайларының бекітілген көрсеткіштері негізінде білім беру ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен рәсімделіп, тиісті мемлекеттік білім беруді басқару органының назарына бірінші ауысым үшін сағат 06.00-ден 07.00-ге дейін, екінші және үшінші ауысымдар үшін сағат 10.30-дан 12.00-ге дейін жеткізіледі.

      16. Қолайсыз ауа райы метеожағдайлары кезінде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру туралы бұйрықта:

      1) қашықтан оқыту жүзеге асырылатын сыныптар, топтар, ауысымы;

      2) білім беру ұйымының жұмыс істеу режимі;

      3) оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың барлығының аталған бұйрықпен танысуына бақылауды жүзеге асыратын білім беру ұйымы әкімшілігінің тарапынан жауапты тұлғалар;

      4) білім алушыларды қабылдауды және үйлеріне қауіпсіз жіберуді жүзеге асыратын педагогтер тарапынан жауапты тұлғалар көрсетіледі.

      Қолайсыз ауа райының метеожағдайларында оқу процесін қашықтан ұйымдастыру туралы бұйрық бекітілгеннен кейін тез арада білім беру ұйымының ресми сайтында және ақпараттық стендінде орналастырылуы тиіс.

      Интернаттық білім беру ұйымдарында қолайсыз ауа райы метеожағдайларында оқу процесін қашықтан ұйымдастыру білім алушылардың тұрғылықты жағдайы ескеріле отырып, жүргізіледі.

      17. Қолайсыз ауа райының метеожағдайларында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру күндері білім беру ұйымының қызметі бекітілген жұмыс режиміне, педагогтердің қызметі – белгіленген оқу жүктемесіне, сабақ кестесіне, өзге де қызметкерлердің қызметі – жұмыс уақытының режиміне, ауысым кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      18. Қолайсыз ауа райының метеожағдайларында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру күндері сабаққа келген білім алушылар үшін сабақтың барлық түрлері (оқу, қосымша, үйірме, ұзартылған күн топтарының жұмысы), ыстық тамақпен қамтамасыз ету бірінші басшы бекіткен және құрылтайшымен келісілген сабақ кестесіне сәйкес толық көлемде жүргізіледі.

      19. Педагогтер сабақты білім алушылардың білім беру бағдарламаларын толық көлемде өтуі мақсатында қашықтан оқытудың әртүрлі нысандарын, оның ішінде өзіндік жұмыс нысанын қолданады. Қолданылатын жұмыс нысандары, өзіндік жұмыс түрлері туралы ақпаратты педагогтер, сынып жетекшілері білім алушылардың, олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) назарына жеткізеді.

      20. Орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту кезінде:

      1) қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру күндері сабақтарға қосылған білім алушылардың қатаң есебін жүргізеді, білім алушылардың саны туралы ақпаратты білім беру ұйымының басшысына баяндайды, педагог және өзге де қызметкерлерінің сабаққа келген білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің сүйемелдеуінсіз үйлеріне жіберілуіне жол бермеуге бақылау жүзеге асырылады;

      2) сабақ аяқталған соң ата-аналарының (заңды өкілдерінің) шығарып салуымен білім алушылардың үйге ұйымдасқан түрде қайтуын қамтамасыз етіледі;

      3) қолайсыз ауа райы метеожағдайларында қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру Қағидалары туралы ақпаратты оқушылардың күнделіктеріне орналастыру және ата-аналарға (заңды өкілдерге) жеткізу қамтамасыз етіледі;

      4) ата-аналарды (заңды өкілдерді) қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру күндері олардың балаларының оқу қызметінің қорытындылары туралы, оның ішінде қашықтан оқыту нысандарын және білім алушылардың өз бетінше жұмыс істеу шарттары туралы хабарлау қамтамасыз етіледі.

      21. Қолайсыз ауа райының метеожағдайларында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру күндері білім алушылар сабақта болмаған (қосылмаған) жағдайда, тапсырманы өздігінен орындайды және тапсырмаларды білім беру ұйымы орнатқан режимінде педагогтердің талаптарына сәйкес жібереді.

2-параграф. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      22. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда қашықтан оқыту облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары бұйрығының негізінде ұйымдастырылады.

      23. Білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жағдайларды және Интернет желісіне қосылған білім алушылардың оқытуды басқару жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

3-параграф. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушының денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар болған жағдайда қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      24. Денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар білім алушыны қашықтан оқыту "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген нысанға сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Қашықтан оқыту кезеңі мен мерзімі дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындысының медициналық көрсеткіштері негізінде айқындалады.

      25. Денсаулық мүмкіндіктерінің уақытша шектеулері бар және ТжКББ ұйымдарына тұрақты түрде баруға мүмкіндігі жоқ білім алушылар үшін оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы және оқу материалдарын өз бетінше игеру арқылы білім беру ұйымының шешімі бойынша ұйымдастырылады.

4-параграф. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысқан жағдайларда қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      26. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысушыларды қашықтан оқытуға ауыстыру білім алушының, білім алушының ата-анасының немесе заңды өкілінің білім беру ұйымы басшысының атына еркін нысанда жазылған өтініші және қатысу кезеңіндегі мерзімдерді көрсете отырып, білім алушының халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысатынын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның бұйрығы (хаты) негізінде жүзеге асырылады.

      Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындары, спорттық жарыстар, зияткерлік және шығармашылық конкурстар, фестивальдер аяқталғаннан кейін орта білім беру ұйымының білім алушысы тақырыпқа БЖБ және ТЖБ, өткізу мерзімдері сәйкес келмеген кезде Заңның 5-бабының 64) тармақшасына сәйкес жеке кесте бойынша БЖБ, ТЖБ тапсырады.

      27. Халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, фестивальдерге қатысатын ТжКББ ұйымдарының білім алушылары үшін оқу сабақтары оқытудың асинхронды және/немесе синхронды оқыту форматы арқылы ұйымдастырылады.

      Қашықтан оқытуды қолдана отырып, қорытынды аттестаттау тапсыру ТжКББ ұйымдары үшін прокторинг жүйесін қамтамасыз ете отырып көзделеді.

5-Параграф. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің өтініші бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      28. Ата-аналардың (заңды өкілдердің) өтініші бойынша қашықтан оқыту:

      1) орта білім беру ұйымдарында педагогикалық кеңес пен қамқоршылық еңестің шешімі бойынша оқу үлгерімінің көрсеткіштері, қашықтан оқыту үшін жағдайдың болуы, он жасқа толған баланың пікірі, мектеп психологының қорытындысы, "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысына сәйкес отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексеру актісі негізінде жүзеге асырылады. (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кету жағдайларын қоспағанда);

      2) ТжКББ ұйымдарында педагогикалық немесе әдістемелік (оқу-әдістемелік не ғылыми-әдістемелік) кеңестің шешімі негізінде ұйымдастырылады.

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 2 мамырдағы
№ 103 бұйрығына
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 349 бұйрығына
2-қосымша

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру Қағидалары

      1. Білім алушыларды онлайн-оқытуға қабылдау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарымен (бұдан әрі – ТжКББ) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 63) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Онлайн-оқытудың білім беру бағдарламалары ТжКББ ұйымдарымен Заңның 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес әзірленеді.

      3. Онлайн-оқытудың білім беру бағдарламалары Білім беру бағдарламаларының тізіліміне Заңның 5-бабының 43) тармақшасына сәйкес енгізіледі.

      4. Онлайн-оқытудың жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларын ТжКББ ұйымдары білім беру бағдарламалары негізінде әзірлейді.

      5. Жұмыс оқу бағдарламалары мен онлайн-оқытудың жұмыс оқу жоспарлары асинхронды және синхронды оқыту форматының арақатынасын көрсетеді, өндірістік оқытуды ұйымдастыруға және кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды/кредиттерді қоспағанда, синхронды сабақтардың арақатынасы бүкіл оқу кезеңі үшін академиялық сағаттардың/кредиттердің кемінде отыз пайызын құрайды.

      6. Өндірістік оқыту және кәсіптік практика, зертханалық жұмыстар мен практикалық сабақтар толығымен немесе ішінара кәсіпорын базасында немесе білім беру ұйымдарында (білім беру бағдарламасының ерекшелігіне байланысты) жүргізіледі.

      Практикалық сабақтар өткізу кезінде ТжКББ ұйымдарында білім алушыларға кәсіби құзыреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік беретін виртуалды зертханаларды, симуляторларды, тренажерлерді пайдалану көзделеді.

      7. ТжКББ ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды Заңның 5-бабының 64) тармақшасына сәйкес жүргізеді.

      Аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу нысанын ТжКББ ұйымы дербес айқындайды. Онлайн-оқыту нысанында аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу кезінде онлайн прокторинг қолданылады.

      8. ТжКББ ұйымдары онлайн-оқытуды ұсыну кезінде Заңның 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптарды сақтауы қажет.

      9. ТжКББ ұйымы білім алушыға кеңістік және уақыт арақашықтығына қарамастан, педагог пен білім алушы арасында өзара әрекеттің болуына арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жүйесіне және Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      10. Мониторинг пен білім беру процесінің тиімділігін талдау ТжКББ ұйымының білім алушысы мен педагогінің цифрлық ізін қадағалау жолымен іске асырылады.

      Білім беру бағдарламасын игеру, сабаққа қатысу, логиялау процесінде тәртіптің сақталуына мониторинг жүргізу, материалдарды зерделеу барысын бақылау, тапсырмаларды уақытылы орындау және бағалау білім алушының цифрлық ізі арқылы жүзеге асырылады.

      11. Онлайн-оқыту нысанында білім алатын тұлғаларды қабылдау сәтінен бастап бітіргенге дейін техникалық сүйемелдеу үшін ТжКББ ұйымы:

      1) онлайн-оқытуға тартылған цифрлық инфрақұрылым мен ақпараттандыру объектілерінің, мобильді қосымшалардың қолжетімділігі мен үздіксіз жұмыс істеуін;

      2) бөлінген бөлмемен және лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етілген онлайн-курстардың цифрлық білім беру ресурстарының студиялық өндірісін қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешеннің жұмыс істеуін;

      3) онлайн-оқытуға тартылған цифрлық инфрақұрылым мен ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      12. Онлайн-оқыту нысанында білім алатын тұлғаларды қабылдау сәтінен бастап бітіргенге дейін әдістемелік сүйемелдеу үшін ТжКББ ұйымы:

      1) заманауи цифрлық білім беру технологияларын қолдануды (аралас оқыту, микро және адаптивті оқыту, виртуалды/толықтырылған нақтылық, геймификация және басқа да цифрлық білім беру технологиялары);

      2) онлайн-оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік материалдарды әзірлеуді;

      3) онлайн-оқыту пәндері және (немесе) модульдері бойынша оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуді және ТжКББ ұйымының ақпараттандыру объектісінде орналастыруды қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 2 мамырдағы
№ 103 бұйрығына
3-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
2023 жылғы 27 қарашадағы
№ 349 бұйрығына
3-қосымша

Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында қойылатын талаптар

      1. Орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ТжКББ) білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қашықтан оқытуды ұсыну бойынша және ТжКББ білім беру бағдарламалары бойынша онлайн оқыту нысанында мынадай талаптар белгіленеді:

      1) оқу қызметін ұйымдастыру үшін Интернет желісіне қосылуды қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдардың болуы;

      2) ақпараттық ресурстарға, цифрлық ресурстарға жедел қол жеткізу құралдарының болуы;

      3) оқытуды басқару жүйесінің болуы;

      4) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 88) тармақшасына сәйкес педагогтер жүргізу үшін міндетті құжаттардың толтырылуы;

      5) білім беру ұйымдарының педагогтерінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттардың болуы;

      6) оқу процесінің цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етілуі;

      7) тиісті мамандық бойынша Білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген ТжКББ білім беру бағдарламасының болуы;

      8) Заңның 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптардың сақталуы.

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 2 мамырдағы
№ 103 бұйрығына
4-қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы № 42 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіміне № 13076 болып тіркелген) бұйрығы;

      2. "Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 132 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіміне № 20339 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 15-тармағы;

      3. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 3 шілдедегі № 194 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіміне № 33044 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Оқу-Ағарту министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 3-тармағы;

      4. "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 25 шiлдедегi № 225 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіміне № 33170 болып тіркелген) бұйрығы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады