"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы"

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 14 тамыздағы № 255 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 тамызда № 33295 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңының 5 - бабының 115) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 14 тамыздағы
№ 255 бұйрығымен
бекітілген

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 115) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау тәртібі мен мөлшерлерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бірыңғай сараланған тізімдер – осы Қағидаларға сәйкес оқу тіліне қарамастан кешенді тестілеудің жалпы балдары кему ретімен сараланған мектептер бөлінісіндегі үміткерлердің тізімдері;

      2) жалпы резервтік тізім – грант иегерлерін қоспағанда, барлық мектептердің барлық үміткерлерінің ағымдағы оқу жылына жарамды бірыңғай сараланған тізімі;

      3) жұмыс органы – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы;

      4) конкурсқа қатысушы – орта білім беру ұйымында оқитын, кешенді тестілеуге қатысқан Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру гранты (бұдан әрі – грант) – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын грант;

      6) мектептер – жұмыс органының білім беру қызметін жүзеге асыратын филиалдары;

      7) резервтік тізім – мектептердегі бос орындарға қабылдау үшін ағымдағы оқу жылында жарамды үміткерлердің тізімі;

      8) үміткер – кешенді тестілеу қорытындысы бойынша шекті балл жинаған конкурсқа қатысушы.

2-тарау. Грант тағайындау тәртібі

      3. Грант Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту үшін конкурстық негізде кешенді тестілеу өткізу арқылы тағайындалады.

      4. Гранттарды мектептер арасында бөлуді жұмыс органы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шегінде жүзеге асырады.

      5. Конкурсқа қатысуға орта білім беру ұйымдарында білім алатын, 7–9 сыныптарда оқуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.

      6. Құжаттарды қабылдау мерзімі мен орнын, сондай-ақ конкурсты өткізу мерзімін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдары мен жұмыс органының интернет-ресурсында жұмыс органы жариялайды.

      7. 7-сыныптарға оқуға қабылдау үшін кешенді тестілеу екі тестіден тұрады:

      1) "Математика", "Сандық сипаттамалар" (сандарды пайдалану дағдылары мен олардың арасындағы өзара байланысты көре білу қабілетін анықтау), "Жаратылыстану" деген жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалайтын бөлімдер бойынша тест;

      2) "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Ағылшын тілі" деген бөлімдер бойынша тілдік тест.

      8. 7-сыныптарда оқу үшін өткізілетін кешенді тестілеудің нәтижелері, сондай-ақ бөлінетін гранттар саны жұмыс органының ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      9. 7-сыныптарда оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындылары бойынша нақты мектептер бөлінісінде "Математика" бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан көп пайызын және "Сандық сипаттамалар" бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың қырық және одан көп пайызын жинаған конкурсқа қатысушылар ішінен бірыңғай сараланған тізімдер қалыптастырылады. Жалпы балл саны тең болған кезде "Математика" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. "Математика" бөлімі бойынша жинаған балдары тең болса, "Сандық сипаттамалар" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика" және "Сандық сипаттамалар" бөлімдері бойынша балдары тең болған жағдайда, "Жаратылыстану" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика", "Сандық сипаттамалар" және "Жаратылыстану" бөлімдері бойынша балдары тең болған жағдайда, конкурсқа құжаттарды тапсыру кезінде оқу үшін таңдаған тіл (қазақ, орыс) бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.

      Бірыңғай сараланған тізімдер жұмыс органының ресми интернет-ресурсында грант иегерлері мен резервтік тізімге енгізілген үміткерлер көрсетіле отырып жарияланады.

      10. Жаңадан ашылатын мектептердің 8-9-сыныптарында оқу үшін грант тағайындау конкурстық негізде кешенді тестілеу өткізу арқылы жүргізіледі.

      Бұл ретте құжаттарды қабылдау мерзімі мен орнын, сондай-ақ конкурсты өткізу мерзімін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдары мен жұмыс органының интернет-ресурсында жұмыс органы жариялайды.

      Кешенді тестілеу "Математика", конкурсқа қатысушының таңдауы бойынша "Физика", "Химия", "Биология" деген бөлімдердің біреуінен, сондай-ақ "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Ағылшын тілі" деген бөлімдерден тұрады.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мектептердің 8-9 сыныптарында оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің нәтижелері, сондай-ақ бөлінетін гранттар саны жұмыс органының ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      12. 8-9-сыныптарда оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша нақты мектептер бөлісінде "Математика" және үміткер таңдаған ("Физика", "Химия", "Биология") бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан көп пайызын жинаған конкурсқа қатысушылардың ішінен бірыңғай сараланған тізімдер қалыптастырылады. Кешенді тестілеу бойынша балдар саны тең болған кезде "Математика" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика" бөлімі бойынша жинаған балдары тең болған жағдайда, таңдаған бөлімі ("Физика", "Химия", "Биология") бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Үміткерлердің "Математика" және таңдаған ("Физика", "Химия", "Биология") бөлімінен балдары тең болған жағдайда, конкурсқа құжаттарды тапсыру кезінде оқу үшін таңдаған тіл (қазақ, орыс) бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.

      Бірыңғай сараланған тізімдер жұмыс органының ресми интернет-ресурсында грант иегерлері мен резервтік тізімге енгізілген үміткерлер көрсетіле отырып жарияланады.

      13. 7-сыныптарда, сондай-ақ жаңадан ашылатын мектептердің 8, 9-сыныптарында оқу үшін үміткерлердің резервтік тізімі әрбір мектеп бойынша жеке қалыптастырылады және ол бос орын болған жағдайда оларды оқуға тарту мақсатында ағымдағы оқу жылына ғана жарамды.

      Бос орын болған жағдайда және осы мектеп бойынша резервтік тізім болмаған жағдайда грант алу құқығы барлық мектептердің жалпы резервтік тізіміндегі неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерге беріледі.

      Резервтік тізімдегі грант иегерлерінің тізімі жұмыс органы бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жұмыс органының интернет-ресурсында жарияланады.

      14. Мектепте білім алушы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде, сондай-ақ жұмыс органының жарғысында көзделген негіздер бойынша мектептен шығарылған жағдайда гранттан айырылады. Мектептен шығару негіздері әрбір білім алушының назарына жеткізу үшін ашық қолжетімділікте орналастырылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.03.2024 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Босаған гранттар осы Қағидаларға сәйкес тағайындалады.

      Ескерту. Орыс тіліндегі 15-тармаққа өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.03.2024 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Гранттың мөлшері

      16. Грантты қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. Орыс тіліндегі 16-тармаққа өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.03.2024 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Гранттың мөлшерлері:

      1) жатақханада тұруды есептемегенде, күнтізбелік жылға 2 349 191 (екі миллион үш жүз қырық тоғыз мың жүз тоқсан бір) теңгені;

      2) жатақханада тұруды есептегенде, күнтізбелік жылға 3 247 305 (үш миллион екі жүз қырық жеті мың үш жүз бес) теңгені құрайды.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 27.03.2024 № 68 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады