Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 227-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік инспекторларының аудио-, бейнежазба техникалық құрылғыларын пайдалану жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі |
С. Шарипханов |
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі 2023 жылғы 22 тамыздағы № 444 Бұйрығымен бекітілген |
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік инспекторларының аудио-, бейнежазба техникалық құрылғыларын пайдалану жөніндегі нұсқаулығы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік инспекторларының аудио-, бейнежазба техникалық құрылғыларын пайдалану жөніндегі нұсқаулығы (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 227-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік инспекторларымен (бұдан әрі – мемлекеттік инспектор) аудио-, бейнежазба техникалық құралдарын пайдалану тәртібін нақтылайды.
2. Бейнетіркеуішті қолданудың құқықтық негізін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі, "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
3. Бұл Нұсқаулықта келесі ұғымдар қолданылады:
1) бейнетіркеуіш - бұл мемлекеттік инспекторлармен аудио-, бейнежазбаны жүзеге асыруға арналған техникалық құрылғы.
4. Мемлекеттік инспекторлар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде бейнетіркеуішпен қамтамасыз етіледі.
5. Бейнетіркеуіш айналадағы жайттарды, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) қызметкерлерінің іс-қимылдарын, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың іс-қимыл процесіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуын анықтауға сапалы дәлелдемелік базасын жинауды және құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында аудио-, бейнежазбаны жүзеге асыруға арналған.
6. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы (бұдан әрі-аумақтық бөлімшенің басшысы) жазбаларды көшіруді, қабылдауды, түсіруді, сақтауды және осы Нұсқаулықтың 12 тармағында көрсетілгендей жазбалардың сақталу мерзімі аяқталғаннан оны жоюды, сондай-ақ жазылған жазбаларды қарауды және талдауды жүргізетін жауапты адамды тағайындайды. Бұл ретте деректерді сақтау серверіне тек жауапты тұлға және аумақтық бөлімшенің басшысы ғана білетін арнайы құпия сөз орнатылады.
7. Ақпараттық деректерді беру, қабылдау және түсіру кезінде жұмыста есепке алу үшін әрбір бейнетіркеуішке түгендеу нөмірі беріледі.
8. Бейнетіркеуіштер жауапты тұлғада сақталады және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік инспекторларға бейнетіркеуішті беруді және тапсыруды есепке алу журналына (бұдан әрі - журнал) осы Нұсқаулыққа 1-қосымшаға сәйкес қол қойғызып беріледі.
9. Журнал өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің кеңсесінде тіркелінеді, парақтары нөмірленеді, тігіледі және мөрмен бекітіледі. Журналдың соңғы бетінде жауапты тұлға "Осы журналда нөмірленген, тігілген және мөрмен мөрленген барлығы ___ парақ" деген жазба жасайды. Журналдағы жазба шарикті қаламмен жүргізіледі. Жіберілген қателер дұрыс емес жазуларды сызу және жаңа жазбаны енгізу арқылы түзетіледі, ол туралы түзетуді жүргізген адамның қол қоюы арқылы ескертпе бағанына ескертпе жасалады. Корректормен түзетуге жол берілмейді.
10. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік инспекторлар бейнетіркеуіштің сақталуын қамтамасыз етеді және аяқталу бойынша жауапты адамға тапсырады.
11. Деректерді серверде сақтауды жүктеу бейнетіркеуіштің аккумуляторын қуаттау кезінде автоматты режимде жүргізіледі.
12. Берілген рұқсаттар бойынша рұқсат талаптарына сәйкестік, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) барумен профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексерулер мен және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жазбаларды сақтау мерзімі – 3 жыл.
13. Деректерді сақтау серверіндегі ақпаратқа рұқсат тек жауапты тұлғаға және аумақтық бөлімшенің басшысына ғана беріледі, бұл ретте сақтау серверіндегі деректерге (күні мен уақытты өзгерту) өзгерістер енгізуге тыйым салынады.
14. Дәлелдемелік базасы бар жазбалар қажет болған жағдайда, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеру нәтижесінің материалдарымен бірге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға және/немесе сотқа жолданады.
2-тарау. Аудио-, бейнежазба тіркеуді жүзеге асыру тәртібі
15. Бейнетіркеуіш бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік инспектордың іс-қимылына кедергі келтірмей, кеуде тұсына иық буынына жақын бекітіледі.
16. Мемлекеттік инспектордың кеудесіне "Назар аударыңыз! Аудио және бейнежазба жүргізілуде" деген жазуы бар таблица (бейдж) орнатылады.
17. Бейнетіркеуішті қосу бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру басталған сәттен бастап, ол аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі. Бұл ретте бейнетіркеуішті қосу процесінде мемлекеттік инспектор құрылғы уақытының дәлдігіне көз жеткізеді.
18. Аудио-, бейнежазба тіркеуді жүргізу процесінде мемлекеттік инспектордың да, бақылау және қадағалау субъектінің де (объекті) барлық іс-әрекеттері, оның ішінде бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру нәтижелері бойынша материалдар жасау жазылады.
19. Бейнетіркеуіштен қолда бар жазбаны өз бетінше алып тастауға, сондай-ақ бейнетіркеуішті ажыратуға және аудио-, бейнежазба жүргізуге кедергі келтіруге жол берілмейді, жол берілген бұзушылықтар үшін мемлекеттік инспектор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
20. Бейнетіркеуіш істен шыққан кезде мемлекеттік инспектор дереу аумақтық бөлімшенің басшысына және жауапты тұлғаға орын алған ақау жайлы баяндайды және тиісті жазбаны журналға енгізеді.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде мемлекеттік инспекторлар бейнетіркеуіштің аккумулятор батареяларының қуаты мерзімінен бұрын таусылуын болдырмау үшін оларды алған кезде аккумулятордың қуаттылығын тексереді.
21. Бейнетіркеуіш пен ақпаратты пайдакүнемдік немесе қызметтік жұмыспен байланысты емес өзге де мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік инспекторларының аудио-, бейнежазба техникалық құрылғыларын пайдалану жөніндегі нұсқаулығына 1-қосымша |
|
Үлгі |
Мұқабаның беткі жағы Бейнетіркеуішті беруді және тапсыруды есепке алу журналы
___________________________________________________________________
(өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің атауы)
20 __ жылғы "___" __________ басталды
20 __ жылғы "___" __________ аяқталды
Мұқабаның ішкі жағы
р\с | Бейнетіркеуіштің түгендеу нөмірі | Бейнетіркеуішті пайдаланушының Т.А.Ә. | Күні және уақыты, алғаны туралы қол қою | Күні және уақыты, тапсырғаны туралы қол қою | Ақпаратты сақтау күні және уақыты | Ескертпе |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |