ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 156-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қағидалары мен өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдістеме және медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 06.02.2025 № 37 (ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
С. Жакупова |
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 28 қыркүйектегі № 408 бұйрығына қосымша |
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қағидалары мен өлшемшарттары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 06.02.2025 № 37 (ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қағидалары мен өлшемшарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 156-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау тәртібі мен өлшемшарттарын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – ЖЕА) – адамның жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілеттілігінің төмендеу деңгейін сипаттайтын, жоғалған еңбекке қабілеттілігіне пайыздық қатынаста көрсетілген шама;
2) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы іске асыру және бақылау функцияларын өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын ведомствосы;
3) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организмі функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажетсінуін айқындау;
4) медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы (бұдан әрі – МӘС тәуелсіз сарапшысы) – уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімінде тұратын жеке тұлға;
5) "Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "МОДБ" ААЖ) – мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға, сондай-ақ МӘС бөлімдерінде куәландырудан өткен адамдар бойынша деректерді сақтау мен өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
6) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедектігі бар адамды абилитациядан және оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін оның жеке қажеттіліктері негізінде белгілейтін құжат;
7) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау тәртібі мен өлшемшарттары
3. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау "МОДБ" ААЖ автоматтандырылған режимде:
ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-і күніне;
жылына бір рет, есепті жылдың 20 желтоқсанында жүргізіледі.
Ай сайынғы және жылдық бағалауды қарау сараптамалық қызметтер көрсетуге арналған келісімшарт негізінде жасалған талаптармен реттелінеді.
4. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін ай сайынғы бағалау осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін МӘС тәуелсіз сарапшылары қорытындыларының пайыздық орташа арифметикалық мәнін мынадай формула бойынша айқындау арқылы жүзеге асырылады:
мұндағы:
Бағалау – ай сайынғы бағалау (%);
А – осы Қағидалардың 8-тармағымен белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін қорытындылардың саны;
К1 – айына көрсетілген қызметтер саны;
К2 – куәландырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны (алғашқы куәландыру кезінде);
К3 – ЖЕА дәрежесі белгіленген қайта куәландырылған адамдардың саны;
К4 – ОЖБ әзірленген мүгедектігі бар адамдардың саны;
С – К көрсеткіштерінің саны 1-ге тең немесе одан көп.
5. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерінің жылдық бағасы ай сайынғы бағалаудың орташа арифметикалық мәнін айқындау арқылы жүзеге асырылады.
6. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қорытындысы бойынша "МОДБ" ААЖ осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша МӘС тәуелсіз сарапшысы жұмысының нәтижелерін бағалау кестесін қалыптастырады.
7. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін ай сайынғы және жылдық бағалау қорытындысы "МОДБ" ААЖ-дағы оның жеке кабинетінде көрсетіледі және олар электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қояды.
Қол қойылғаннан кейін МӘС тәуелсіз сарапшысы жұмысының нәтижелерін бағалау (ай сайынғы және жылдық) Комитетке жіберіледі.
8. МӘС тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау мынадай өлшемшарттар бойынша жүзеге асырылады:
1) сараптамалық шешім шығарудың уақтылығы;
2) шығарылған шешім (мүгедектікті белгілеу/белгілемеу) организм функцияларының бұзылу дәрежесіне және тіршілік-тынысының шектелуіне сәйкес;
3) алғашқы куәландыру кезінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға ЖЕА дәрежесін белгілеу;
4) ЖЕА дәрежесі белгіленген адамдарға қайта куәландыру кезінде ЖЕА дәрежесін белгілеу/белгілемеу;
5) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 41-тармағына сәйкес ОЖБ-ның әлеуметтік бөлігін әзірлеу.
9. МӘС тәуелсіз сарапшыларының өтініштері мен шағымдары Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қағидалары мен өлшемшарттарына қосымша |
Нысан
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы жұмысының нәтижелерін бағалау кестесі ________________________________________________________________ (МӘС тәуелсіз сарапшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) 20___ жылғы __________ (жыл, ай)
№ | Көрсеткіштер | Жалпы саны | Өлшемшарттарға сәйкес келетін қорытындылардың саны | Бағалау (%) |
1. | сараптамалық шешім шығарудың уақтылығы | К1 | ||
2. | шығарылған шешім (мүгедектікті белгілеу/белгілемеу) организм функцияларының бұзылу дәрежесіне және тіршілік-тынысының шектелуіне сәйкес | К1 | ||
3. | алғашқы куәландыру кезінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға ЖЕА дәрежесін белгілеу | К2 | ||
4. | ЖЕА дәрежесі белгіленген адамдарға қайта куәландыру кезінде ЖЕА дәрежесін белгілеу/белгілемеу | К3 | ||
5. | ОЖБ-ның әлеуметтік бөлігін әзірлеу | К4 | ||
БАРЛЫҒЫ |
Ескертпе:
К1 – айда көрсетілген қызметтер саны;
К2 – куәландырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны (алғашқы куәландыру кезінде);
К3 – ЖЕА дәрежесі тағайындалған қайта куәландырылған адамдардың саны;
К4 – ОЖБ әзірленген мүгедектігі бар адамдардың саны.
20___ жылғы "___" __________
Қолы / ЭЦҚ_____________