"Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 77 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 28 қыркүйектегі № 709 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 қыркүйекте № 33484 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 77 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13199 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Білім туралы", "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" (бұдан әрі – "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заң) заңдарына сәйкес әзірленді және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген және оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 39-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес) азаматтар қабылдау жылы 1 маусымға дейінгі мерзімде ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) аумақтық бөлімшесі, ІІМ-нің әскери оқу орны басшысының немесе тұрғылықты жері бойынша әскери бөлім командирінің атына өтінішпен жүгінеді.

      ІІО аумақтық бөлімшесінің, ІІМ әскери оқу орнының басшысы немесе әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына міндетті арнайы тексеру жүргізу, сондай-ақ ӘДС қағидаларына сәйкес кандидаттың алдын ала медициналық куәландырудан өтуі бойынша материалдар ұсыну жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      Міндетті арнайы тексеруден өткен, денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды азаматтар қабылдау жылы 20 шілдеге дейін осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды тапсыру және түпкілікті медициналық куәландырудан өту үшін ІІМ-нің әскери оқу орнына келеді.

      ІІМ-нің әскери оқу орнына қабылдау жыл сайынғы қабылдау жоспарының 20%-нан аспайтын мөлшерде Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде бұрын жүргізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылды.";

      7-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1. Мерзімді әскери қызмет өткерген және мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешіктірмей ІІМ-нің әскери оқу орнына түсуге ниет білдірген адамдарды қоспағанда, әскери қызметшілер мен әскери қызметте тұрмаған азаматтар қатарынан кандидаттар "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және "Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15173 болып тіркелген) бекітілген "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және "Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес әскери қызмет өткеру орны (тұрғылықты жері) бойынша ҰБТ өткізу пункттерінде немесе базалық жоғары оқу орындарында екі блок бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) тапсырады:

      1-блок - Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы (оқу тілі);

      2-блок - екі бейіндік пән, кандидат оларды осы Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес ІІМ әскери, арнаулы оқу орындары білім беру бағдарламаларының тізбесіне (бұдан әрі - Білім беру бағдарламаларының тізбесі) сәйкес мамандығына қарай өзі таңдайды.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеудің қорытындылары бойынша кандидаттың рейтингі негізінде оқуға қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім шығарады және сол күні кандидаттарға жарияланады.

      Кандидаттың рейтингі ҰБТ балдарын және дене шынықтыру даярлығы бойынша орташа балдарын қосу арқылы айқындалады.

      ІІМ әскери оқу орындарына ҰБТ қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 25 тамыздағы № 443 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33345 болып тіркелген) бекітілген "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларымен (бұдан әрі – Білім беру грантын беру қағидалары) белгіленген шекті деңгейдегі балдан төмен емес, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы - оқу тілі бойынша кемінде бес балл және әрбір бейіндік пән бойынша кемінде бес балл жинаған кандидаттар қабылданады.";

      39-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (сәйкестендіру үшін);";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламалары бойынша қашықтықтан оқытуға кандидаттың жұмыс орны бойынша кадр қызметі оқу істерін қалыптастырады және оқуға түсетін жылдың 1 шілдесіне дейін ІІМ-нің арнаулы оқу орнына жібереді.

      Оқу істерінде:

      1) қызметкердің баянаты (еркін нысанда);

      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 13 наурыздағы № 211 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20123 болып тіркелген) бекітілген Ішкі істер органдарына қабылданатын адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу қағидалары және одан өту шарттары, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздеріне 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Кадр есебі жөніндегі жеке іс парағы;

      3) оқуға жіберу туралы ұсынымы бар қызметтік мінездеме (еркін нысанда);

      4) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (сәйкестендіру үшін);

      5) білім туралы құжаттың көшірмесі;

      6) ҰБТ сертификаты (техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кандидаттарға);

      7) өлшемі 3х4 см алты фотосурет болуы қажет.";

      46-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қабылдау комиссиясының хатшысы "Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының басшы лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 13 наурыздағы № 210 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20138 болып тіркелген) арнаулы оқу орнының құрылымдық бөліністерінің басшы құрамы қатарынан тағайындалады, оған қабылдау комиссиясына жүктелген функцияларды іске асыру бойынша құжаттарды, отырыстарға материалдарды, сондай-ақ олардың жұмысы туралы есеп жобасын әзірлеу жүктеледі.";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Кандидаттарды қабылдау үшін қабылдау комиссиясы төрағасының бұйрығымен:

      1) штаттық емес уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік комиссия;

      2) кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын тексеру жөніндегі комиссия;

      3) апелляциялық комиссия;

      4) техникалық топ құрылады.

      Штаттық емес уақытша жұмыс істейтін әскери-дәрігерлік комиссия Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 қарашадағы № 758 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21580 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ереженің 3-тарауына сәйкес кандидаттарды түпкілікті медициналық куәландыру үшін ІІМ арнаулы оқу орны медициналық бөлімі бастығының төрағалық етуімен құрылады.

      Дене шынықтыру дайындығын тексеру жөніндегі комиссия кандидаттарды дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылады. Комиссия құрамына ІІМ арнаулы оқу орнының қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

      Апелляциялық комиссия кандидаттарды дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындылары бойынша азаматтардың арыздарын қарау үшін құрылады.

      Техникалық топ кандидаттардың жеке және оқу істерін қабылдау және өңдеу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылады.";

      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "67. ҰБТ нәтижелері бойынша ІІМ арнаулы оқу орындарының курсанттары қатарына қабылдау конкурсына қатысу үшін қажетті балдардың cаны Білім беру грантын беру қағидаларымен белгіленеді.";

      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70. ІІМ арнаулы оқу орындарына курсанттар қатарына конкурстан тыс қабылданады:

      1) Білім беру грантын беру қағидаларында кандидаттарға белгіленген талаптар бойынша шекті деңгейдегі балл жинаған, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында мерзімді әскери қызмет өткерген, Білім беру грантын беру қағидаларында кандидаттарға белгіленген талаптар бойынша шекті деңгейдегі балл жинаған адамдар, бірақ "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған жоғары білімді кадрларды даярлаудың жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысының 10 % аспайды;

      3) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдар;

      4) ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша кемінде 100 балл жинаған адамдар.";

      Қағидаларға 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін 1-тармақтың үшінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
Е. Саденов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
2023 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 709 бұйрыққа
қосымша
  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігінің
әскери, арнаулы оқу
орындарына оқуға
қабылдау қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін кандидаттар ұсынатын құжаттар тізбесі

      1. Өтініш (Ұлттық ұлан мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының атына).

      2. Жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат (сәйкестендіру үшін), туу туралы куәлік, әскери билет немесе әскерге шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлік (егер болса), оқуға кандидаттың білімі туралы құжат.

      3. Үлгерім табелінің көшірмесі немесе сынақ кітапшасының көшірмесі (білім беру ұйымдарындағы оқушылар үшін).

      4. Сауалнама деректері - 2 дана.

      5. Өмірбаян (өз қолымен басылған және жазылған) - 2 дана.

      6. Оқу орнынан мінездеме (қызмет, жұмыс).

      7. Жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларацияны қабылдау туралы анықтама.

      8. Соттылығының болуы немесе болмауы туралы анықтама.

      9. Жақын туыстарының (ата-аналарының, асырап алушыларының, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілерінің) жеке куәліктері мен туу туралы куәліктерінің көшірмелері.

      10. Фотосуреттер 3*4 - 6 дана.

      11. Әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасуға заңды өкілдердің нотариалды куәландырылған келісімі (кәмелетке толмаған кандидаттар үшін).

      12. ҰБТ сертификаты (мерзімді әскери қызмет өткерген және әскери бөлімде конкурстық іріктеуден өткен адамдарды қоспағанда), нәтижесі кемінде 50 балл, бұл ретте ҰБТ-ның 5 пәнінің әрқайсысы бойынша кемінде 5 балл.

      Мерзімді әскери қызмет өткерген адамдар қабылдау комиссиясына ұсыным (комиссияның конкурстық іріктеуден өткені туралы қорытындысы) ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады