Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтерге тарифтерді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 411 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 3 қазанда № 33492 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Осы бұйрық 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 156 бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтердің тарифтері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
міндетін атқарушы
А. Сарбасов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  2023 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 411 бұйрығына
қосымша

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтердің тарифтері

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу қағидалары және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтердің тарифтері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 156-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтерге тарифтерді айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы (бұдан әрі – МӘС тәуелсіз сарапшысы) – уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімінде тұратын жеке тұлға;

      2) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2 тарау. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының қызметтеріне ақы төлеу тәртібі және тарифтері

      3. МӘС тәуелсіз сарапшысы ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей уәкілетті органның ведомствосына "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 8265 болып тіркелген), Р-1 нысаны бойынша қол қойылған орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісін (бұдан әрі – Орындалған жұмыстардың актісі) ұсынады.

      4. Уәкілетті органның ведомствосы орындалған жұмыстардың актісін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

      1)оның дұрыс толтырылуын және негізділігін тексереді;

      2) бұрыс және негізсіз толтырылған жағдайда ескертулерді көрсете отырып, электронды пошта немесе қолма қол арқылы МӘС тәуелсіз сарапшысына қайта қарау үшін қайтарады.

      МӘС тәуелсіз сарапшысы орындалған жұмыстардың актісіне ескертулерді алған күннен кейін екі жұмыс күні ішінде оны пысықтайды және осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес уәкілетті органның ведомствосына қарау үшін қайта жолдайды;

      3) дұрыс және негізді толтырылған жағдайда орындалған жұмыстардың актісіне қол қояды және МӘС тәуелсіз сарапшысының қызметтеріне ақысын төлейді.

      Ақы төлеу оның ағымдағы шотына мына формула бойынша есептелетін сомманы аудару арқылы жүзеге асырылады:

      МӘС тәуелсіз сарапшысы қызметтеріне ақы төлеу = (Тариф*А) – Б, мұнда

      А – айына көрсетілген қызметтер саны;

      Б – Әлеуметтік кодекстің 156-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары жұмысының нәтижелерін бағалау қағидалары мен өлшемшарттарына сәйкес тәртіпте жүргізілген МӘС тәуелсіз сарапшысының жұмыс нәтижелерінің ай сайынғы бағалаудың мәні.

      5. МӘС тәуелсіз сарапшысының бір қызметі үшін тариф (Тариф) мына формула бойынша есептеледі:

      Тариф = (ЛЖ / 20 жұмыс күні / 8 сағат жұмыс), мұнда:

      ЛЖ – "Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 ҚБП қаулысына сәйкес С-О-5 санаты бойынша жоғары лауазымдық жалақы.

      6. Міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару МӘС тәуелсіз сарапшысымен дербес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады