"Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 және "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы" 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 64 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі № 66 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 5 қазанда № 33511 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Осы бұйрық 01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18512 болып тіркелген) мынадай өзгеріс және толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тарауда:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге, Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы ақша жөнелтуші немесе ақша алушы болып табылатын резидент уәкілетті банкке осы төлем және (немесе) ақша аударымы туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына және құқық қорғау органдарына беруге рұқсат беру туралы мәліметтер болған кезде жүзеге асырылады.

      Осы рұқсат еркін нысанда ресімделеді. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге, Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін валюталық операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын валюталық шарт шеңберіндегі валюталық операциялар бойынша барлық төлемдерге және (немесе) ақша аударымдарына қатысты бір рұқсат беруге жол беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 4-параграфпен толықтырылсын:

      "4-параграф. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге, Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялардың түрлері мен өлшемшарттары және оларды жүргізу тәртібі.

      16-1. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге бағытталуы мүмкін валюталық операцияларға мынадай операциялар жатады:

      1) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аудару көзделмесе, бейрезиденттің резидентке (уәкілетті банкті қоспағанда) ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;

      2) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аудару көзделмесе, резидентте (уәкілетті банкті қоспағанда) бейрезидентке ақша қайтару бойынша талаптардың туындауы көзделетін қаржылай қарыз;

      3) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) қаржылай қарыз нысанын пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу көзделмесе, резиденттің үлестес тұлға болып табылмайтын бейрезидентке ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;

      4) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттің экспортқа ақы төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 (жеті жүз жиырма) күннен асатыны көзделсе, экспорт бойынша операциялар;

      5) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) аванстық төлемді немесе толық көлемде алдын ала төлем сомасын қоса алғанда (бейрезидент импорт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда), бейрезиденттің тауарларды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) бойынша немесе ақшаны қайтару бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 (жеті жүз жиырма) күннен асатыны көзделсе, импорт бойынша операциялар;

      6) резиденттің клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына бейрезидент-кәсіби қатысушыға баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға ақша аударымы;

      7) резиденттің шетелдегі өз шотына баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға ақша аударымы;

      8) резиденттің бейрезиденттің пайдасына баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға жүзеге асыратын өтеусіз ақша аударымы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген валюталық операциялар сауда немесе исламдық қаржыландыру жөніндегі мәмілелер шеңберінде туындайтын қаржылай қарыздарды, сондай-ақ бейрезиденттер Қазақстан Республикасындағы өз филиалдарымен (өкілдіктерімен) жүзеге асыратын операцияларды және шетелдік ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы филиалдарының (өкілдіктерінің) арасындағы операцияларды қамтымайды.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін резиденттің үлестес тұлғасына:

      1) резидент - заңды тұлғаның акционерлік қоғамының дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;

      2) осы резидентке акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;

      3) осы резидентпен бірлесіп үшінші тұлғаның бақылауындағы тұлға жатады.

      Осы тармақ шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) жүзеге асыратын ішкі корпоративтік ақша аударымдарына қолданылмайды

      16-2. Жүргізілуі Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін валюталық операцияларға бір бейрезидентпен жасалған екі немесе одан да көп валюталық шарт бойынша осындай валюталық шарттарға есептік нөмір берілуі тиіс шекті мәннен асатын жалпы сомаға бір тұлғаның күнтізбелік бір ай ішіндегі төлемдері және (немесе) ақша аударымдары жатады.

      16.3. Қағидалардың 16-1 және 16-2-тармақтарында көрсетілген валюталық операциялар бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізу кезінде резидент уәкілетті банкке осы төлем және (немесе) ақша аударымы туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына және құқық қорғау органдарына, сондай-ақ уәкілетті банктің талабы бойынша уәкілетті банкке "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң) талаптарына сәйкес операцияға мониторинг жүргізу және оны зерделеу үшін қажетті өзге де құжаттар мен ақпаратты ұсынуға рұқсат береді.

      16-4. Қағидалардың 16-1 және 16-2-тармақтарында көрсетілген валюталық операциялар бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізу кезінде уәкілетті банк КЖТҚҚ туралы заңның 11-бабына сәйкес әзірленіп, қабылданған ішкі бақылау қағидаларында көзделген клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасына сәйкес осындай операцияға мониторинг жүргізеді және оны зерделейді.".

      2. "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 64 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18544 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында:

      9-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      3. Төлем балансы департаменті (А.Б. Өскенбаев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Н.Қ. Қосбаев) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары А.М. Баймағамбетовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің
Төрғасы
Т. Сулейменов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы


      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі


      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрғасы
2023 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 66 Қаулыға
қосымша
  Қазақстан Республикасында
валюталық перацияларды
мониторингтеу қағидаларына
9-қосымша

Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан

      Қайда ұсынылады: Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратына ұсынылады

      Әкімшілік деректердің нысаны www.nationalbank.kz интернет ресурсында орналастырылған

      Жүргізілген валюталық операциялар туралы есеп

      Әкімшілік деректер нысанының индексі: ПР-9

      Кезеңділігі: ай сайын

      Есепті кезең: ______ жылғы __________ ай

      Ақпаратты ұсынатын тұлғалар тобы: уәкілетті банк

      Ұсыну мерзімі: есепті кезеңнен кейінгі айдың 18 (он сегізіне) дейін (қоса алғанда)

      Нысан

1. Валюталық шарттың деректемелері

Валюталық шарттың нөмірі

Валюталық шарттың күні

Валюталық шарттың есептік нөмірі

1.1

1.2

1.3




      кестенің жалғасы

2. Төлем құжаты бойынша ақша жөнелтуші

Атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН), жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН)

Ел коды

Резиденттік белгісі

Экономика секторының коды

2.1

2.2

2.3

2.4

2.5






      кестенің жалғасы

3. Төлем құжаты бойынша бенефициар

Атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

БСН, ЖСН

Ел коды

Резиденттік белгісі

Экономика секторының коды

3.1

3.2

3.3

3.4

3.5






      кестенің жалғасы

4. Валюталық операция туралы ақпарат

Күні

Валюталық операция коды

Төлем белгілеу коды (ТБК)

Валютаның мың бірлікпен сомасы

Төлем валютасының коды

Төлем белгісі

Ішкі корпоративтік ақша аударымының белгісі

Ақша алуға, Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға байланысты операция түрі

4.1

4.2

4.3

4.4

4.5

4.6

4.7

4.8









      кестенің жалғасы

5. Валюталық операция бойынша контрагенттің ұйымы (банк) туралы ақпарат

Ұйымның (банктің) сәйкестендіру коды (БСК)

Атауы

Ел коды

5.1

5.2

5.3




      кестенің жалғасы

6. Валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші

Атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

БСН,
ЖСН

Ел коды

Резиденттік белгісі

Экономика секторының коды

6.1

6.2

6.3

6.4

6.5






      кестенің жалғасы

7. Валюталық шарт бойынша ақша алушы

Атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

БСН,
ЖСН

Ел коды

Резиденттік белгісі

Экономика секторының коды

7.1

7.2

7.3

7.4

7.5






      кестенің жалғасы

8. Ескертпе


      Уәкілетті банктің атауы _______________________________________________

      Уәкілетті банктің БСН ________________________________________________

      Мекенжайы__________________________________________________________

      Телефоны ___________________________________________________________

      Электрондық пошта мекенжайы ________________________________________

      Орындаушы_________________________________________       ____________

      тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса)             қолы, телефоны

      Басшы немесе есепке қол қоюға уәкілетті адам

      ___________________________________________      _____________________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)             қолы, телефоны

      Есепке қол қойылған күн 20___ жылғы "____" ______________

  Жүргізілген валюталық операциялар
туралы есеп нысанына
қосымша

Әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды толтыру бойынша түсіндірме Жүргізілген валюталық операциялар туралы есеп (индексі – ПР-9, кезеңділігі – ай сайын)

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы түсіндірме "Жүргізілген валюталық операциялар туралы есеп" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанын (бұдан әрі – Нысан) толтыру бойынша бірыңғай талаптарды айқындайды.

      2. Нысан "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң) 5-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді.

      3. Нысанды уәкілетті банк ай сайын ұсынады және ол жүргізген валюталық операциялар, оның ішінде клиенттің тапсырмалары бойынша ақпаратты қамтиды.

      4. Нысанға басшы немесе есепке қол қоюға уәкілетті адам және орындаушы қол қояды.

2-тарау. Нысанды толтыру

      5. Нысанға есепті кезеңдегі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18512 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрі – Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидалары) айқындалатын шекті мәнге тең немесе одан асатын сомаға валюталық операциялар бойынша ақпарат енгізіледі.

      6. Нысанға "Астана" халықаралық қаржы орталығына қатысушылардың, оның аумағында жасалатын валюталық операциялар жөнінде, сондай-ақ қолма-қол шетел валютасын айырбастау пункттері арқылы сатып алу (сату) жөнінде ақпарат енгізілмейді.

      7. Валюталық операциялар Нысанда:

      клиенттердің тапсырмалары бойынша (оның ішінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған) төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша – клиенттің уәкілетті банктегі банктік шотына ақша есептеу (клиенттің уәкілетті банктегі банктік шотынан ақша есептен шығару) күні;

      уәкілетті банктің өз төлемдері және (немесе) ақша аударымдары бойынша – уәкілетті банктің корреспонденттік шотына ақша есептеу (уәкілетті банктің корреспонденттік шотынан ақшаны есептен шығару) күні;

      басқа валюталық операциялар бойынша – операциялар жасау күні көрсетіледі.

      Төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған валюталық операциялар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жөніндегі ақпаратты уәкілетті банк резиденттен немесе бейрезиденттен осындай төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты алуына қарай түзетеді.

      8. Нысанның 1, 6 және 7-бөліктері валюталық шарт негізінде валюталық операциялар жүргізілген жағдайда толтырылады.

      9. Нысанның 1-бөлігінде валюталық шарттың деректемелері көрсетіледі. 1.3-баған валюталық шартқа есептік нөмір берілсе толтырылады.

      10. Нысанның 2 және 3-бөліктерінде төлем құжатына сәйкес ақша жөнелтуші мен бенефициар туралы ақпарат көрсетіледі.

      2.3 және 3.3-бағандарда "Елдердің атауларын және олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелері бірліктерін белгілеуге арналған кодтар. 1-бөлім. Елдер кодтары" ҚР ҰС ISO 3166-1 Қазақстан Республикасының ұлттық сыныптауышына сәйкес ақша жөнелтушінің, бенефициардың тіркелген елінің (заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі) үшін) немесе тұрақты тұратын елінің (Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген азаматтығы немесе құқығы негізінде жеке тұлға үшін) екі әріптік коды толтырылады.

      2.4, 2.5, 3.4 және 3.5-бағандар Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысымен бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына (бұдан әрі – Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидалары) сәйкес толтырылады.

      Үшінші тұлға жеке тұлғаның банктік шотына қолма-қол ақша салған (алған) жағдайларды қоспағанда, банктік шоттан қолма-қол ақша салған (алған) кезде 2 және 3-бөліктерде шоттың иесі туралы ақпарат толтырылады. Үшінші тұлға жеке тұлғаның банктік шотына қолма-қол ақша салған кезде 2-бөлікте ақша салатын тұлға туралы, 3-бөлікте шоттың иесі туралы ақпарат толтырылады.

      Үшінші тұлға жеке тұлғаның банктік шотынан қолма-қол ақшаны алған кезде 2-бөлікте шоттың иесі туралы ақпарат толтырылады, 3-бөлікте ақша алатын тұлға туралы ақпарат толтырылады.

      Уәкілетті банк шетел валютасын, чектерді, вексельдерді, басқа төлем құжаттарын немесе өзге валюталық құндылықтарды сатқан кезде Нысанның 2-бөлігінде уәкілетті банк туралы, Нысанның 3-бөлігінде сатып алушы клиент туралы ақпарат көрсетіледі. Уәкілетті банк шетел валютасын, чектерді, вексельдерді, басқа төлем құжаттарын немесе өзге валюталық құндылықтарды сатып алған кезде Нысанның 2-бөлігінде сатушы клиент туралы ақпарат, Нысанның 3-бөлігінде уәкілетті банк туралы ақпарат көрсетіледі.

      11. Нысанның 4-бөлігінде валюталық операция туралы ақпарат көрсетіледі.

      4.2-баған Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес толтырылады.

      4.3-баған Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына сәйкес толтырылады.

      4.5-бағанда "Валюталар мен қорларды белгілеуге арналған кодтар" ҚР ҰС 07 ISO 4217 Қазақстан Республикасының ұлттық сыныптауышына сәйкес валютаның үш таңбалы әріптік коды көрсетіледі.

      4.6-бағанда "01" – жөнелтілген төлемдер немесе ақша аударымдары, уәкілетті банктің қолма-қол шетел валютасын алуы немесе шетел валютасын сатуы бойынша операциялары, чектер, вексельдер, басқа да төлем құжаттары немесе өзге валюталық құндылықтар үшін, "02" – кіріс төлемдер немесе ақша аударымдары, уәкілетті банктің қолма-қол шетел валютасын есептеуі немесе шетел валютасын сатып алуы бойынша операциялары, чектер, вексельдер, басқа төлем құжаттары немесе өзге валюталық құндылықтар үшін көрсетіледі.

      4.7-бағанда төлем және (немесе) ақша аударымы заңды тұлға мен оның құрылымдық бөлімшелері немесе бір заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері арасында жүзеге асырылса "1" белгісі, қалған жағдайларда "0" белгісі көрсетіледі.

      4.8-баған Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларының 16-1 және 16-2-тармақтарына сәйкес мынадай түрде толтырылады:

      "1.1" – тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аудару көзделмесе, бейрезиденттің резидентке (уәкілетті банкті қоспағанда) ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;

      "1.2" – егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттен алынуы тиіс ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аудару көзделмесе, резидентте (уәкілетті банкті қоспағанда) бейрезидентке ақшаны қайтару бойынша талаптардың туындауы көзделетін қаржылай қарыз;

      "1.3" – егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) қаржылай қарыз нысанын пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу көзделмесе, резиденттің үлестес тұлға болып табылмайтын бейрезидентке ақша ұсынуы көзделетін қаржылай қарыз;

      "1.4" – егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) бейрезиденттің экспортқа ақы төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 (жеті жүз жиырма) күннен асатыны көзделген болса, экспорт бойынша операциялар;

      "1.5" – егер тиісті валюталық шарттың талаптарында (бастапқыда не валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін) аванстық төлемді немесе толық көлемде алдын ала төлем сомасын қоса алғанда (бейрезидент импорт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда), бейрезиденттің тауарларды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) бойынша немесе ақшаны қайтару бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап 720 (жеті жүз жиырма) күннен асатыны көзделсе, импорт бойынша операциялар;

      "1.6" - резиденттің клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына бейрезидент-кәсіби қатысушыға баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға ақша аударымы;

      "1.7" - резиденттің шетелдегі өз шотына баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға ақша аударымы;

      "1.8" - резиденттің бейрезидент пайдасына баламасы 50 000 (елу мың) АҚШ долларынан асатын сомаға жүзеге асыратын өтеусіз ақша аударымы;

      "2" - бір бейрезидентпен жасалған екі немесе одан да көп валюталық шарт бойынша осындай валюталық шарттарға есептік нөмір берілуі тиіс шекті мәннен асатын жалпы сомаға бір тұлғаның күнтізбелік бір ай ішіндегі төлемдері және (немесе) ақша аударымдары;

      "0" – қалған жағдайларда.

      12. Нысанның 5-бөлігінде валюталық операциялар бойынша контрагенттің ұйымы (банкі) – алынған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары үшін ақша жөнелтуші ұйым (банкі), жөнелтілген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары үшін бенефициар ұйымы (банкі) туралы ақпарат көрсетіледі. Ішкі банктік валюталық операциялар бойынша есеп беретін уәкілетті банк туралы ақпарат көрсетіледі. Негізінде төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілетін құжаттарда ақша жөнелтуші ұйым (банк) туралы ақпарат болмаған кезде 5-бөлік толтырылмайды.

      5.3-бағанда ақша жөнелтуші ұйымы (банкі) немесе бенефициары елінің "Елдердің атауларын және олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелері бірліктерін белгілеуге арналған кодтар. 1-бөлім. Елдер кодтары" ҚР ҰС ISO 3166-1 Қазақстан Республикасының ұлттық сыныптауышына сәйкес екі әріптік коды толтырылады. Ішкі банктік валюталық операциялар үшін "KZ" коды көрсетіледі.

      13. Нысанның 6 және 7-бөліктерінде валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші немесе ақша алушы туралы мәліметтер көрсетіледі. Егер валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші (алушы) төлем құжаты бойынша ақша жөнелтушімен (бенефициармен) сәйкес келетін болса, онда 6 (7)-бөлікте Нысанның 2 (3)-бөлігіне ұқсас ақпарат толтырылады.

      6.3. және 7.3-бағандарда валюталық шарт бойынша ақша жөнелтушінің немесе алушының тіркелген елінің (заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы (өкілдігі) үшін) немесе тұрақты тұратын елінің (Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген азаматтығы немесе құқығы негізінде жеке тұлға үшін) "Елдердің атауларын және олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелері бірліктерін белгілеуге арналған кодтар. 1-бөлім. Елдер кодтары" ҚР ҰС ISO 3166-1 Қазақстан Республикасының ұлттық сыныптауышына сәйкес екі әріптік коды толтырылады.

      6.4, 6.5, 7.4 және 7.5-бағандар Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларына сәйкес толтырылады.

      14. Нысанның 8-бөлігінде Нысанның 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-бөліктеріне енгізілмеген қосымша ақпарат: инвестициялау объектісі, бағалы қағаздар эмитенті, жылжымайтын мүлік объектісінің елі, төлемнің ерекше талаптары туралы ақпарат, валюталық заңнама бойынша жөнелтушінің нұсқауларын сақтау шотына ақша есептеу күні көрсетіледі.

      15. Нысанның 8-бөлігінде нақтылайтын ақпараттың болмауы бұзушылық болып табылмайды. Нысанға белгіленген шекті мәннен аз сомадағы валюталық операцияларды енгізу бұзушылық болып табылмайды.

      16. Есепті кезеңде ақпарат болмаған жағдайда, Нысан нөлдік мәндермен ұсынылады.

      17. Нысанға түзетулер (өзгерістер, толықтырулар) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18544 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 64 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларының 34-тармағында белгіленген ұсыну мерзімінен кейін 4 (төрт) ай ішінде енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады