"Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 35-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Білім алушылардың білімін бағалауды жүргізу үшін қағидалар мен талаптар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2023 жылғы 8 қарашадағы № 569 бұйрығына қосымша |
Білім алушылардың білімін бағалауды жүргізу үшін қағидалар мен талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Білім алушылардың білімін бағалауды жүргізу үшін қағидалар мен талаптар (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 35-1) тармақшасына, "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 бұйрығына (бұдан әрі - МЖБС) сәйкес әзірленген және меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) білім алушыларының білімін бағалау жүргізудің тәртібін айқындайды.
2. Білім алушылардың білімін бағалауды ЖЖОКБҰ-да ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі - ведомство) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен (бұдан әрі - ҰТО) бірлесіп жүргізеді.
3. Білім алушылардың білімін бағалау білім алушылардың оқу жетістіктерін анықтау үшін оларды бақылаудың тиімді және ашық рәсімі негізінде жүргізіледі.
2-тарау. Білім алушылардың білімін бағалауды ұйымдастыру және жүргізу
4. Білім алушылардың білімін бағалау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім базасында жеделдетілген оқу мерзімі бар жоғары білімнің қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды қоспағанда, күндізгі оқу нысанындағы бакалавриат білім алушылары арасында компьютерлік тестілеу (бұдан әрі - тестілеу) түрінде жүргізіледі. Бакалавриат білім алушылар контингенті болмаған жағдайда, тестілеу кадрлар даярлаудың барлық бағыттары бойынша магистранттар арасында жүргізіледі.
5. Тест тапсырмаларының мазмұны ғылыми және философиялық таным әдістерін, ғылыми дүниетаным мазмұнын, Қазақстанның тарихи дамуының негізгі кезеңдерін, заңдылықтары мен ерекшеліктерін ғылыми талдауды, Қазақстан тарихы оқиғаларының себептері мен салдарын талдау үшін тарихи сипаттаудың әдістері мен тәсілдерін қолдана білуді, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың сан қилы түрлерін қолдану қабілетін, құзыреттердің қалыптасу деңгейін және білім алушылардың құндылық бағдарларын бағалауды, әлеуметтік, этикалық және ғылыми пайымдауларды, одан әрі оқытуды өз бетінше жалғастыру үшін қажетті оқыту дағдыларын, себеп-салдарлық байланыстарды анықтау, алынған деректер негізінде қорытынды жасау, сондай-ақ жаңа ақпаратты іздеу, оны талдау және жүйелеу дағдыларын ескере отырып, пайымдауларды қалыптастыру үшін ақпаратты түсіндіре білуге бағытталған.
6. Тестілеу нәтижелеріне апелляция рәсімі жүргізілмейді.
7. Тестіленушілердің тізімі ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінен қалыптастырылады.
8. ЖЖОКБҰ толық оқу циклімен күндізгі оқу нысанындағы бітіру немесе бітіру алдындағы курс білім алушыларының 100 процент тестілеуге қатысуын қамтамасыз етеді.
Жоғарыда аталған курстардың бірінде академиялық сабақтар болмаған кезеңде, тестілеуге ЖЖОКБҰ-да академиялық сабақтар өткізілетін курс қатысады.
9. Кадрларды даярлау бағыты бойынша тестіленушілердің жалпы санынан 10 проценттен аспайтындай білім алушылардың ауру, жүктілік және/немесе бала туу, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуы бойынша қатыспауына жол беріледі.
10. Білім алушы тестілеу басталғанға дейін дәлелсіз себеппен (құжаттық растау болмаған кезде) тестілеуге келмеген жағдайда, оның нәтижесі нөлге тең болады, ол ең төменгі шекті балды еңсермеген тестіленушілердің үлесін есептеу кезінде есептеледі.
11. ҰТО өз құзыреті шеңберінде:
1) білім алушылардың білімін бағалауды өткізу үшін тест тапсырмаларын дайындауды қамтамасыз етеді;
2) тестілеуді өткізу кестесін (орны, уақыты, саны және тестілеуге жататын білім алушылардың тегі бойынша тізімі) ведомствомен және ЖЖОКБҰ-мен келіседі;
3) компьютерлік тестілеуді өткізу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейді;
4) тестілеу аяқталғаннан кейін 24 сағат ішінде ведомствоға емтихан ведомосін беруді қамтамасыз етеді;
5) жоғары жылдамдықты және кең жолақты интернетке қол жеткізуді жасайды;
6) санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, өртке қарсы қауіпсіздік жағдайларын жасау, медициналық қызмет көрсету бөлігінде тестілеуді өткізуге көмек көрсетеді.
12. Ведомство білім алушыларды тестілеу басталғанға дейін 30 минут бұрын бекітілген кестеге сәйкес жеке басын куәландыратын құжаты негізінде тестілеуге жіберуді ұйымдастырады.
13. Білім алушылар тестілеуді оқыту тілінде тапсырады, тестілеу 60 тест тапсырмасын қамтитын төрт бөлімнен тұрады, оның ішінде:
1) Қазақстан тарихы бойынша -15 тапсырма;
2) Философия бойынша - 15 тапсырма;
3) Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша - 15 тапсырма;
4) оқыту дағдылары бойынша - 15 тапсырма.
14. Тестілеуді өткізудің жалпы уақыты 90 минутты құрайды. Дұрыс жауапты таңдаған кезде әрбір тест тапсырмасы бір балмен бағаланады. Ең жоғары балл саны - 60, шекті балл - 30, оның ішінде әрбір бөлім бойынша кемінде 7 балл болуы керек. Тестілеу нәтижелері білім алушының тестілеуі аяқталғаннан кейін автоматты түрде беріледі.
15. Кадрлар даярлаудың әрбір бағыты бойынша тестіленушілердің жалпы санынан 30 проценттен астам білім алушылардың әрбір бөлім бойынша шекті балды (кемінде 7 балл), сондай-ақ жалпы тестілеуді еңсермеуі МЖМБС талаптарын бұзу деп танылады. МЖМБС талаптарына сәйкес емес деп танылған кадрларды даярлау бағыты бойынша білім алушылар қайта тестілеуден өтеді.
16. Білім алушыларды тестілеу кезінде ЖЖОКБҰ академиялық адалдық ережелерінің сақталуына қажетті жағдай жасайды. Бұл ретте, білім алушының өзімен бірге ғимаратқа төмендегі тыйым салынған заттарды: ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған ұялы байланыстар, оның ішінде пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad (Айпад), iPod (Айпод), SmartPhone (Смартфон), ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электрондық байланыстың барлық түрлері, оның ішінде (Wi-Fi (Вай-фай), Bluetooth (Блютуз), Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), 5G (5 Джи), смарт сағаттар, смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекерлер), диктофон, калькулятор, сымды және сымсыз құлаққаптар, шпаргалкаларды, оқу-әдістемелік әдебиеттерді алып кіруі туралы анықталған факті болған жағдайда, еркін нысанда аудиторияға жібермеу туралы акт жасалады және оның нәтижесі нөлге теңестіріледі, ол шекті балды еңсермеген тестіленушілердің үлесін есептеу кезінде есептеледі.
17. Тестілеу кезінде білім алушы:
1) келіссөздер жүргізбеуі;
2) бір жерден екінші жерге ауысып отырмауы;
3) аудиторияға төмендегі тыйым салынған заттарды: ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған ұялы байланыстар, оның ішінде пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad (Айпад), iPod (Айпод), SmartPhone (Смартфон), ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электрондық байланыстың барлық түрлері, оның ішінде (Wi-Fi (Вай-фай), Bluetooth (Блютуз), Dect (Дект), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), 5G (5 Джи), смарт сағаттар, смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекерлер), диктофон, калькулятор, сымды және сымсыз құлаққаптар, шпаргалкаларды, оқу-әдістемелік әдебиеттерді алып кіргізбеуге және пайдаланбауы тиіс.
18. Тестілеу нәтижелері білім алушылардың оқу жетістіктерін және ЖЖОКБҰ көрсететін білім беру қызметтерінің сапасын талдау нәтижелері бойынша басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ЖЖОКБҰ-ның басқару органдарына 3 (үш) жұмыс күні ішінде жіберіледі.