Ескерту. Күші жойылды - Абай облысы Ақсуат ауданы мәслихатының 05.12.2023 № 8/4-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақсуат аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Ақсуат ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | |
Ж. Оразгалиев |
2023 жылғы 23 мамырдағы № 4/11-VIII шешіміне қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілдеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақсуат ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаментi" мемлекеттiк мекемесi есептейтiн, мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) уәкiлеттi орган – "Ақсуат ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;
7) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17 бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіпте көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек табысы есепке алынбай, бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 8 наурыз -Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге;
бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын аяқтайтын уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көп балалы отбасыларға - 15000 (он бес мың) теңге;
2) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне - 1 000 000 (бір миллион) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге – 1 000 000 (бір миллион) теңге;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына)– 100 000 (жүз мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда)– 100 000 (жүз мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар әскери қызметшiлеріне– 100 000 (жүз мың) теңге;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге– 100 000 (жүз мың) теңге;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне– 100 000 (жүз мың) теңге;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100 000 (жүз мың) теңге;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына– 100 000 (жүз мың) теңге;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына– 70 000 (жетпіс мың) теңге;
3) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күні:
16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамға – 15000 тенге;
4) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге;
ата-аналарымен немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және оны қолдану нәтижесінде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына -10 000 (он мың) теңге.
7. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
8. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет көрсетіледі:
1) өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтарға (отбасыларға) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, шекті шамасы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде бір рет төлем мынадай негіздер бойынша:
жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық; туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі; дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі бар болуы салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау; баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар); бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу; кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға), мекен-жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға) зілзала және өрт туындаған жер бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған сәттен бастап үш ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай ұсынылады;
3) туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 4 (төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде.
Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде көрсетілетін біржолғы әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздері Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
12. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
13. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
4-тарау. Қорытынды ереже
14. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.