Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 8-4/1 шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 13 желтоқсанда № 188-18 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесі бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Көкпекті аудандық мәслихатының төрағасы
      Т. Сарманов

  Көкпекті аудандық
мәслихатының
2023 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 8-4/1 шешіміне
қосымша

Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже

      1. Осы Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі – Құрмет грамотасы) наградтау тәртібін регламенттейді.

      2. Құрмет грамотасы маңызды моральдық ынталандырудың бірі, қоғам мен мемлекет алдындағы қызметтік және азаматтық борышын лайықты орындағаны үшін қоғамдық танудың көрінісі болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен қоғам мен Көкпекті ауданының алдындағы қызметтік және азаматтық борышын лайықты орындағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар марапатталады.

      4. Құрмет грамотасын Көкпекті ауданы әкімдігі жанындағы Құрмет грамотасын тапсыру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолдаухаттары негізінде Көкпекті ауданының әкімі тапсырады.

      5. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынуларды аудан әкімінің аппаратына (бұдан әрі – Аппарат) меншік нысанына қарамастан мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, қоғамдық ұйымдар, шығармашылық бірлестіктер, жергілікті мемлекеттік органдар жібереді.

      Құрмет грамотасымен наградтау туралы өз кандидатураларын ұсынған тұлғалардан келіп түскен өтініштер қаралмайды.

      6. Ұсыныста наградтау негіздері мен негіздемесі, кандидаттың негізгі өмірбаяндық деректері көрсетіледі, сондай-ақ отырыс хаттамасынан немесе шешімінен үзінді көшірме қоса тіркеледі және Комиссияның қарауына мыналарды көрсете отырып жіберіледі:

      1) тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы;

      2) білімі туралы мәліметтер;

      3) ұйымның жарғылық немесе құрылтай құжаттарына сәйкес толық атауы және қолдаухат берілген күнгі атқаратын лауазымының толық атауы көрсетіле отырып, жұмыс орны туралы мәліметтер;

      4) еңбек қызметінің мәліметтері;

      5) наградалары мен құрметті атақтары туралы мәліметтер;

      6) заңсыз сотталған және кейіннен сот шешімі бойынша толық ақталған адамдарды қоспағанда, әкімшілік жазалардың және соттылықтың болмауы туралы мәліметтер ұсынылады.

      7. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органның мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Көкпекті ауданының депутаттары кіреді.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы жеті адамнан кем болмауы тиіс.

      Көкпекті ауданы әкімінің әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары төраға болып табылады.

      8. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.

      9. Комиссия шешімі, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып есептеледі.

      10. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған оның барлық мүшелері қол қояды.

      11. Құрмет грамотасымен:

      Құрмет грамотасына ұсыну сәтінде заңнамада белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар тұлғалар;

      сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар марапатталмайды.

      Азаматтар ерлiк істер жасауға немесе төтенше жағдайларға байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, кезекті наградаға үміткерлер алдынғы наградталған күннен бастап бес жылдан кешіктірілмей ұсынылады.

      12. Наградтау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне орайластырылады.

      13. Көкпекті ауданының Құрмет грамотасымен наградтау мәселелері бойынша құжаттама жүргізуді және есепке алуды Аппарат жүзеге асырады.

      14. Құрмет грамотасы:

      1) тиісінше мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады және бланкіге басып шығарылады;

      2) Көкпекті ауданының әкімі қол қояды;

      3) Көкпекті ауданының әкімі немесе оның уәкілеттік беруі бойынша өзге лауазымды адам салтанатты жағдайда тапсырады.

      15. Құрмет грамотасы жоғалған жағдайда телнұсқасы берілмейді.

      16. Құрмет грамотасының бланкілері мен оның папкасын дайындау Аппаратпен қамтамасыз етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады