Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Ұлытау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 6 қазандағы № 6/69 шешімі. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 16 қазанда № 58-20 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 12-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Б. Шингисов

  Ұлытау облыстық мәслихатының
2023 жылғы 6 қазандағы
№ 6/69
шешіміне қосымша

Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      1. Негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – "Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      2) жұмыс беруші - медициналық және фармацевтикалық қызметкерімен еңбек шартын жасасқан, тиісті бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымы;

      3) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

      4) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген фармацевтика қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) - фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар.

      2. Жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға кемінде бес жыл мерзімге жіберілетін мамандарға әлеуметтік кепілдік ретінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын біржолғы көмек болып табылады.

      Бес жылдық кезеңге қызметкердің жалақысы сақталмайтын демалыста, бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болған уақыты, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақпен куәландырылған екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі енгізілмейді.

      3. Әлеуметтік қолдау қызметкерлерге мынадай мөлшерде көрсетіледі:

      1) Ұлытау облысының ауылдық жерлерінде және кенттерінде 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      2) Ұлытау облысының аудандық және облыстық маңызы бар қалаларында 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде.

      4. Мамандығы бойынша кемінде 3 (үш) жыл нақты жұмыс өтілі бар шақырылған қызметкер немесе жас маман әлеуметтік қолдау алуға құқылы.

      5. Уәкілетті орган ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жіберілген әлеуметтік қолдау алуға үміткерлер болатын тұлғалар үшін конкурс өткізеді.

      6. Тізбеге сәйкес уәкілетті органға ұсынылатын өтініш пен құжаттар (жеке куәліктің көшірмесі, жоғары немесе орта медициналық білімі туралы дипломның көшірмесі, еңбек кітапшасының көшірмесі, мемлекеттік медициналық ұйымға жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі) барлық құжаттар ұсынылғаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде қаралады.

      7. Қызметкерге әлеуметтік қолдау көрсету облыстық бюджет қаражаты есебінен оның дербес шотына аудару жолымен жүзеге асырылады және уәкілетті органның хаттамасы, сондай-ақ қызметкермен еңбек шартын жасау негізінде төленеді.

      8. Уәкілетті органның жолдамасы бойынша жұмыс беруші Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес қызметкермен еңбек шартын жасайды.

      9. Уәкілетті орган өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкерді Ұлытау облысы шегінде ауылдық жерде және кенттерде, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан бір медициналық ұйымнан басқасына ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда қызметкерге көрсетілген әлеуметтік қолдау сақталады.

      10. Жұмыскердің не жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен талап арыз беру арқылы бұрын аударылған бюджет қаражатын облыстық бюджеттің кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдайды.

      Еңбек қатынастары мерзімінен бұрын бұзылған кезде бұрын төленген ақшалай қаражатты қайтару еңбек шартында көзделеді.

      11. Жұмыс беруші қызметкер әлеуметтік қолдау алу құқығынан айырылған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей (еңбек шарты бұзылған жағдайда) бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.

      12. Осы тәртіптің орындалуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады