"Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы" Ұлытау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 6 қазандағы № 6/69 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Ұлытау облыстық мәслихатының 2024 жылғы 5 шілдедегі № 16/148 шешімі. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 15 шілдеде № 135-20 болып тіркелді

      Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы"Ұлытау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 6 қазандағы № 6/69 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 58-20 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Б. Шингисов

  Ұлытау облыстық
мәслихатының
2024 жылғы 5 шілдедегі
№ 16/148
шешіміне қосымша

Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      1. Негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) – "Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      2) жұмыс беруші - медициналық және фармацевтикалық қызметкерімен еңбек шартын жасасқан, тиісті бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау ұйымы;

      3) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

      4) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген фармацевтика қызметкерлері (бұдан әрі-қызметкерлер) - фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар.

      2. Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау (бұдан әрі - әлеуметтік қолдау) Ұлытау облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға кемінде бес жыл мерзімге басқа өңірлерден жіберілетін мамандарға әлеуметтік кепілдік ретінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын біржолғы көмек болып табылады.

      Бес жылдық кезеңге қызметкердің жалақысы сақталмайтын демалыста, бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыста болған уақыты, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақпен куәландырылған екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі енгізілмейді.

      3. Әлеуметтік қолдау көрсету мөлшері:

      1) Ұлытау облысының Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында - 8 000 000 (сегіз миллион) теңге мөлшерінде;

      2) Ұлытау облысының Жезқазған қаласында стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету қызметкерлеріне - 7 000 000 (жеті миллион) теңге мөлшерінде;

      3) Ұлытау облысының Сәтбаев және Қаражал қалаларында стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету қызметкерлеріне - 6 000 000 (алты миллион) теңге мөлшерінде;

      4) Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев және Қаражал қалаларында амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қызметкерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде.

      4. Мамандығы бойынша кемінде 3 (үш) жыл нақты жұмыс өтілі бар жас маман, шақырылған қызметкер әлеуметтік қолдау алуға құқылы.

      5. Уәкілетті орган ауылдық жерлерге және кенттерге, сондай-ақ аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жіберілген әлеуметтік қолдау алуға үміткерлер болатын тұлғалар үшін конкурс өткізеді.

      6. Уәкілетті органға өтініш пен құжаттар (жеке куәліктің көшірмесі, жоғары немесе орта медициналық білімі туралы дипломның көшірмесі, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, банк шоты, еңбек кітапшасының көшірмесі, мемлекеттік медициналық ұйымға жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі) ұсынылады және барлық құжаттар ұсынылғаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде қаралады.

      7. Ұлытау облысының аумағында тұратын және жұмыс істейтін қызметкерлерге және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмыс өтеуінен босатылатын тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсетілмейді.

      8. Қызметкерге әлеуметтік қолдау көрсету облыстық бюджет қаражаты есебінен оның дербес шотына аудару жолымен жүзеге асырылады және уәкілетті органның хаттамасы, сондай-ақ қызметкермен еңбек шартын жасау негізінде төленеді.

      9. Уәкілетті органның жолдамасы бойынша жұмыс беруші Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес қызметкермен еңбек шартын жасайды.

      10. Уәкілетті орган өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкерді Ұлытау облысы шегінде ауылдық жерде және кенттерде, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан бір медициналық ұйымынан басқасына ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда қызметкерге көрсетілген әлеуметтік қолдау сақталады.

      11. Жұмыскердің не жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен талап арыз беру арқылы бұрын аударылған бюджет қаражатын облыстық бюджеттің кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдайды.

      Еңбек қатынастары мерзімінен бұрын бұзылған кезде бұрын төленген ақшалай қаражатты қайтару еңбек шартында көзделеді.

      12. Жұмыс беруші қызметкер әлеуметтік қолдау алу құқығынан айырылған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей (еңбек шарты бұзылған жағдайда) бұл туралы уәкілетті органды хабарлайды.

      13. Осы тәртіптің орындалуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады