Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Маңғыстау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 5/46 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2023 жылғы 3 қазанда № 4604-12 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес, Маңғыстау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасыЖ. Матаев

  Маңғыстау облыстық мәслихатының
  2023 жылғы 27 қыркүйектегі
  № 5/46 шешіміне қосымша/

Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық маңызы бар қалаларына жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері

1 – тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері (бұдан әрі – Тәртіп) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негізінде әзірленді және Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық бар қалаларына жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындайды.

      2. Әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-уәкілетті орган).

      3. Жұмыс беруші - тиісті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы.

      4. Медицина немесе фармацевтика қызметкері (бұдан әрі – қызметкерлер) - жоғары медициналық кәсіптік білімі бар және медициналық немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.

2 – тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшері

      5. Қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      6. Әлеуметтік қолдау біржолғы төлемнен тұрады:

      1) ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық маңызы бар қалаға және Жаңаөзен қаласына жұмыс істеу үшін жіберілген қызметкерлерге - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      2) Ақтау қаласына жұмыс істеу үшін жіберілген қызметкерлерге - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде.

      7. Қызметкерлер әлеуметтік қолдау алу үшін уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

      1) жеке куәлігінің көшірмесін;

      2) жоғары кәсіптік білімі туралы дипломның көшірмесін;

      3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін (Қазақтан Республикасының еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);

      4) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін.

      8. Әлеуметтік қолдау көрсету туралы құжаттарды қарау комиссиямен жүзеге асырылады.

      Комиссия мүшелерінің саны кемінде бес адамды құрауы тиіс.

      Комиссия төрағасы уәкілетті орган басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға болып табылады.

      Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды.

      9. Комиссия келесі функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұсынылған құжаттарды қарайды;

      2) әлеуметтік қолдау көрсету немесе көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      10. Комиссия осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттарды қарайды және он бес жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.

      11. Біржолғы төлем екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы өтініш негізінде қызметкерлердің жеке шоттарына аудару жолымен отыз күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

      Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде комиссияның қабылдаған шешімі жөнінде қызметкерлерді хабарлайды.

      12. Қызметкерлермен еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, жұмыс беруші уәкілетті органды үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.

      13. Осы тәртіптің 12-тармағында көзделген негіздер бойынша төленген әлеуметтік қолдауды қайтаруды қызметкерлер күнтізбелік отыз күн ішінде жұмыс істеген уақытына тепе-тең жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады