Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 12 қазандағы № 67/9 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 13 қазанда № 7402-14 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақтоғай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2. Ақтоғай аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) Ақтоғай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қарашадағы № 266/56 "Ақтоғай ауданының әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6708 тіркелген);

      2) Ақтоғай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 сәурдегі № 106/21 "Ақтоғай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қарашадағы № 266/56 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерту енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27930 тіркелген).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтоғай аудандық мәслихатының төрағасыЖ. Ташенев

  Павлодар облысы
Ақтоғай аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
12 қазандағы № 67/9
шешімімен бекітілген

Ақтоғай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда – Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 22.08.2024 № 137/21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі - Әлеуметтік кодекс), Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі - Қағидалар) № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтоғай ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек - жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - "Ақтоғай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі - Павлодар облысы бойынша статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелiк комиссия - әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн кент, ауылдық округ әкiмiнiң шешiмдерiмен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      2. Осы Қағидаларда әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органымен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      3. Әлеуметтік көмекті тағайындау туралы шешім қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде, алушының шотына аудару жолымен банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиялары бар, ақшалай нысандағы әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе ұйымдар арқылы көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мерекелік күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығару күні;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;

      3) 26 сәуір - радиациялық апаттар мен апаттардың салдарын жоюға және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күні;

      4) 31 мамыр - Саяси куғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      5) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

      6) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      7) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күні;

      8) 1 қазан - Қарттар күні;

      9) 25 қазан - Қазақстан Республикасының күні;

      10) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек келесі санаттардағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;

      1986-1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;

      3) еңбек ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;

      4) Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар:

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;

      5) зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтар:

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған азаматтар;

      сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтар;

      1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін қуғын-сүргін қолданылған адамдарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;

      6) мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;

      1 топтағы мүгедектігі бар адамдар;

      2 топтағы мүгедектігі бар адамдар;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар тұлғалар;

      7) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналар (отбасылар);

      8) облыстың жоғары оқу орындарында оқитын, отбасының мүшесіне шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан студенттерге, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      9) аз қамтамасыз етілген азаматтар, атап айтқанда:

      пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар, көп балалы отбасылар, өтініш берген мерзімде ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстары бар отбасылар;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар;

      жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын, аудандық ауруханаға жүктілігіне байланысты 12 аптаға дейін есепке тұру үшін уақытында жүгінген жүкті әйелдер;

      10) Дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету бойынша уәкілетті орган табыс есебінсіз көмек көрсетеді:

      1) мерекелік күндерге біржолғы әлеуметтік көмек:

      15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:

      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналарға (отбасыларға) 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК) мөлшерінде;

      26 сәуір - радиациялық апаттар мен апаттардың салдарын жоюға және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күніне мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      7 мамыр - Отан қорғаушы күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      9 мамыр - Жеңіс күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынанболған мүгедектігі бар адамдарға теңестiрiлген қайтыс болған адамның екiншi рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      31 мамыр - саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар тұлғаларға 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар тұлғаларға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;

      1 қазан - Қарттар күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтарға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған азаматтарға 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      25 қазан - Қазақстан Республикасының күніне орай мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      Қазақстан Республикалық Тәуелсіздік күніне мемлекеттік корпорациясының тізімі негізінде:

      1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін қуғын-сүргін қолданылған адамдарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;

      2) біржолғы әлеуметтік көмек:

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде санаторлық-курорттық емдеуге сүйемелдеп ілесіп жүруіне 7-тармақтың 6) тармақшасы бірінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде санаторлық-курорттық емдеуге сүйемелдеп ілесіп жүруіне 7-тармақтың 6) тармақшасы екінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде колледжде оқуына 30 (отыз) АЕК және жоғары оқу орынында оқуға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде 7-тармақтың 6) тармақшасы төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде, 7-тармақтың 9) тармақшасы екінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде 100 (жүз) АЕК мөлшерінде,7-тармақтың 10) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжатты, дәрігерлік-консультациялық комиссияның ауруды растайтын қорытындысын қоса бере отырып өтініш негізінде онкологиялық аурумен ауыратын тұлғаларға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы "Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұсынған тізімі негізінде адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышы ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1), 3) тармақшыларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде қант диабетімен ауыратын адамдарға науқастың ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК есепте тұрғаны туралы анықтама;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулары)" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 2 (екі) АЕК мөлшерінде

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Миокардтың жіті инфаргі (алғашқы 6 ай)" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Ревматизм" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Нерв жүйесінің дегенерациялық аурулары" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Орталық нерв жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде "Орфандық аурулар" ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      7-тармақтың 1), 2) тармақшаларында, 4) тармақшасы үшінші абзацында көрсетілген санаттар үшін 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде тісті протездеуге – алушының мәртебесін растайтын құжатты, орындалған жұмыстар актісін, фискалдық чекті қоса бере отырып өтініш негізінде;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде емдеуге 50 (елу) АЕК мөлшерінде, 7-тармақтың 1), 2) тармақшаларында, 4) тармақшасы үшінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 6 (алты) АЕК мөлшерінде цифрлық эфирлік теледидарды қабылдау үшін теледидарлық абоненттік приставканы орнатуға 7-тармақтың 7) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін;

      3) тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде, 7-тармақтың 1), 2) тармақшаларында, 4) тармақшасы үшінші абзацында (коммуналдық қызметтерге) көрсетілген санаттар үшін;

      4) ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде, 7-тармақтың 6) тармақшасы екінші, үшінші абзацтарында (өзіне-өзі күтім көрсете алмайтын және денсаулығының жай-күйіне байланысты үнемі көмек көрсетуге мұқтаж, өздерінің ата-аналарын (жұбайын) асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті еңбекке жарамды кәмелетке толған балалары (жұбайы) жоқ немесе объективті себептер бойынша оларды тұрақты көмекпен және күтіммен қамтамасыз ете алмайтын жақын туыстары бар мүгедектігі бар адамдар (қарттық жасына, бірінші, екінші топтағы мүгедектігінің, онкологиялық, психикалық ауруларының болуы, бас бостандығынан айыру орындарында отыруына немесе елден тыс жерге тұрақты тұруға кетуі немесе басқа елді мекенде тұруы) көрсетілген санаттар үшін;

      7-тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін оқу кезеңінде тұруға, тамақтануға және тұрғылықты жеріне жол жүруге 10 (он) АЕК мөлшерінде үш жақты келісім шарт негізінде;

      Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы "Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұсынған анықтама негізінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс екі еселеген мөлшерінде адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышы ауруынан зардап шегетін балаларға;

      ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК ұсынған тізімі негізінде амбулаторлық емдеудегі туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғаларға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды және медициналық мекемеде емдеу курсын алғаны туралы растау анықтамасын қоса бере отырып өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде гемодиализ алу мерзімінде жол жүруге 7-тармақтың 6) тармақшасының бірінші, екінші абзацтарында көрсетілген санаттар үшін;

      9. Әлеуметтік көмек көрсету бойынша уәкілетті орган ең төменгі күнкөріс шегінен аспайтын табысы бар адамдарға көмек көрсетеді:

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде жарты жылда бір рет төленетін оқу төлемі 7-тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш негізінде біржолғы 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде қатты отын сатып алуға 7-тармақтың 9) тармақшасы бірінші абзацында көрсетілген санаттар үшін;

      Үлгілік қағидаларының 12-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды және ШЖҚ "Ақтоғай аудандық ауруханасы" КМК есепте тұрғаны туралы медициналық анықтаманы қоса бере отырып өтініш негізінде біржолғы 15 (он бес) АЕК мөлшерінде, 7-тармақтың 9) тармақшасы төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      11. Алушылардың жекелеген санаттары үшін мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшерін облыстық ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларына сәйкес айкындалды.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      13. Әлеуметтiк көмек келесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Ақтоғай ауданының шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберілгенде;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталғанда.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      14. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтаруға жатады.

5-тарау. Қорытынды ереже

      15. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады