"Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 17 мамырдағы № 173 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 29 ақпандағы № 88 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 4 наурызда № 34107 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 17 мамырдағы № 173 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28105 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып жаңа редакцияда жазылсын:

      "Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу қағидалары бектілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2024 жылғы 29 ақпандағы
№ 88 бұйрығына
қосымша

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2022 жылғы 17 мамырдағы
№ 173 бұйрығымен
бекітілген

Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) көмірсутектер кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия (бұдан әрі – Орталық комиссия) – геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын комиссия;

      2) тәуелсіз сараптама – ғылыми негізделген әдістемелерді қолдануға негізделген, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес білікті сарапшылар жүргізетін тәуелсіз зерттеу;

      3) тәуелсіз сарапшы – көмірсутектер саласындағы уәкілетті органда біліктілік іріктеуден өткен, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес жеке тұлға;

      4) үміткерді біліктілік іріктеу және тәуелсіз сарапшылар ретінде тағайындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына (бұдан әрі – Жобалар) тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларға біліктілік іріктеуді жүзеге асыру мақсатында көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия.

2-тарау. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібі

      3. Тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз сараптама үшін тартылады, оның шеңберінде Орталық комиссия мыналарды тағайындайды:

      1) бағалау жөніндегі барлау жұмыстарын, теңіздегі барлау жұмыстарын және (немесе) жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін барлау жұмыстарының жобасы бойынша – 1 (бір) тәуелсіз сарапшы;

      2) сынамалап пайдалану жобасы бойынша – 1 (бір) тәуелсіз сарапшы;

      3) әзірлеу жобасы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшы;

      4) әзірлеу талдауы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшы.

      Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператордан, сенімгерлік басқарушыдан) Жобаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша операторды, сенімгерлік басқарушыны) бір мезгілде хабардар ете отырып, оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға жібереді.

      Жобаны дайындауға тікелей қатысқан және (немесе) осы Жобаны жасаған және (немесе) бекіткен тұлғалармен үлестес болып табылатын сарапшы тәуелсіз сараптама жүргізуге тартылмайды.

      4. Бағалау жөніндегі барлау жұмыстарын, теңіздегі барлау жұмыстары және (немесе) жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін барлау жұмыстары жобасына (оған өзгерістер мен толықтыруларға) тәуелсіз сараптама – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде, сынамалап пайдалану жобаларына – 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде және кен орнын игеру жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), әзірлеу талдауларына 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      5. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының еркін нысандағы қорытындысы осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мерзім ішінде Орталық комиссияға ұсынылады.

      6. Жобаға тәуелсіз сараптама жүргізген тәуелсіз сарапшылар өзінің тәуелсіз сараптамасының қорытындысын түсіндіру үшін Орталық комиссияның отырысына шақырылады.

      Орталық комиссия сараптамалық қорытынды шеңберінде тәуелсіз сарапшы анықтай алмаған Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 239 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17131 болып тіркелген) Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың нормаларына Жобаның сәйкес келмеуін айқындаған кезде – келесі алты ай ішінде, ал осындай ескертулер Орталық комиссияның екі сараптамалық қорытындысында болған кезде – кезекті біліктілік іріктеу жүргізілгенге дейін мұндай тәуелсіз сарапшыны тәуелсіз сараптама жүргізуге тағайындау жүргізілмейді.

3-тарау. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеу

      7. Тәуелсіз сарапшылардың біліктілік іріктеуін жүргізу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында біліктілік іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;

      2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның тәуелсіз сарапшыларға үміткерлерден құжаттар қабылдауы;

      3) Комиссияның осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында белгіленген тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға үміткерлердің құжаттарының сәйкес келуін қарауы;

      4) осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес үміткерлер арасында іріктеу жүргізу;

      5) Комиссияның қорытындысы.

      8. Біліктілік іріктеуді өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) орналасқан жерін, пошталық мекенжайын, телефон нөмірлерін, электрондық пошта мекенжайларын көрсете отырып, біліктілік іріктеуді жүргізетін көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның атауы;

      2) осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкес үміткерлерге қойылатын талаптар;

      3) құжаттарды қабылдау мерзімі 10 (он) жұмыс күні, ол көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында хабарландыру жарияланғаннан кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі;

      4) қажетті құжаттар тізбесі;

      5) іріктеуді өткізу күні мен уақыты.

      9. Тәуелсіз сарапшылардың біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген үміткер үшін мынадай талаптар белгіленеді:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;

      2) мұнай-газ саласында жоғары бейінді білім туралы дипломның болуы (шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабында көзделген жағдайларда тану рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);

      3) геология немесе көмірсутек кен орындарын игеру саласында кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы не Жобаларды жобалауға мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарда кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.

      10. Тәуелсіз сарапшыға үміткер және тәуелсіз сарапшы Орталық комиссияның және Комиссияның мүшесі болмауы тиіс.

      11. Біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген үміткер көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда толтырылған өтінімді ұсынады, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) бейіні бойынша еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (еңбек кітапшасын не кәсіби саладағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжатты (бұйрықтардан үзінді көшірме);

      3) білімі туралы құжаттың көшірмесі.

      12. Үміткер құжаттарды хабарландыру жарияланғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде тапсырады.

      13. Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары іріктеу басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей салыстырып тексеру үшін ұсынылады.

      14. Комиссия көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның шешімімен құрылады. Комиссия құрамына мыналар кіреді:

      көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның өкілдері, оның ішінде Комиссия төрағасы;

      Орталық комиссияның өкілдері (келісу бойынша);

      жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның өкілі (келісу бойынша);

      геология және әзірлеу саласындағы бірлестіктердің (қауымдастықтардың, одақтардың, ұйымдардың) өкілдері (келісу бойынша).

      15. Комиссия қызметін ұйымдастыру үшін Комиссия хатшысы тағайындалады.

      Комиссия хатшысы ұйымдастыру функцияларын орындайды, комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      16. Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады және отырыстардың хаттамаларын ресімдейді.

      17. Комиссия құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды кандидаттардың тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарайды және қатысушыларды іріктеуге жіберу туралы шешім қабылдайды.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса не дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда, үміткер іріктеуден өтуге жіберілмейді.

      18. Шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған Комиссия төрағасы, мүшелері мен хатшысы қол қояды.

      19. Комиссия шешімінің негізінде хатшы іріктеуге жіберілген үміткерлердің тізімін және оны өткізу графигін жасайды.

      20. Іріктеуге жіберілген үміткерлерді Комиссия хатшысы іріктеудің өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабардар етеді.

      Үміткерлерді хабардар ету телефон арқылы не үміткерлердің электрондық мекенжайларына немесе ұялы телефондарына хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      21. Комиссия бейіндік сұрақтар тізбесін қалыптастырады. Біліктілік іріктеуге қатысатын және оған жіберілген үміткер әңгімелесуден өтеді, оның барысында үміткерге геология немесе әзірлеу саласынан 5 (бес) бейіндік сұрақ қойылады.

      22. Әңгімелесу әрбір үміткермен жеке жүргізіледі және техникалық жазу құралдарының көмегімен тіркеледі, бұл туралы үміткер ескертіледі.

      23. Комиссия ұсынылған құжаттардың негізінде, сондай-ақ өткізілген біліктілік іріктеудің нәтижелері бойынша мұндай үміткерді тәуелсіз сарапшы ретінде тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      24. Комиссияның шешімі үміткер болмағанда, ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      25. Дауыс беру кезінде дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      26. Комиссияның шешімі және Комиссияның оң қорытындысын алған үміткерлердің тізімі іріктеу жүргізілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      27. Комиссия шешіміне шағымдану сот тәртібімен жүргізіледі.

      28. Үміткерлер біліктілік іріктеуге қатысу шығыстарын (іріктеу өтетін жерге келу және қайту, тұру) өздерінің жеке қаражаты есебінен жүргізеді.

      29. Жобаларды тәуелсіз сараптау үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеу кемінде екі жылда бір рет жүргізіледі. Комиссияның бұрын оң қорытындысын алған тәуелсіз сарапшылар біліктілік талаптарын растау үшін қайта іріктеуден өтеді.

4-тарау. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу тәртібі

      30. Жобалардың тәуелсіз сараптамасына ақы төлеуді жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 140-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

      31. Жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) мен тәуелсіз сарапшы арасында бекітілген (қол қойылған) орындалған көрсетілетін қызметтердің актісі тәуелсіз сарапшыға ақы төлеудің негізі болып табылады.

      32. Жобалардың тәуелсіз сараптамасына ақы төлеу көмірсутектердің барлау сатысына немесе геологиялық қорларына не алынатын көмірсутектердің қалдық қорларына байланысты жүргізіледі және мыналарды құрайды:

      іздеу және бағалау жұмыстары кезінде – 0,6 миллион теңгеден аспайды;

      сынамалық пайдалану кезінде – 0,8 миллион теңгеден аспайды;

      геологиялық қорлары 10 миллион тоннаға дейін мұнай немесе 3 миллиард текше метрден аз газ (өнеркәсіптік пайдалануға алғаш рет енгізілетін) немесе 300 мың тоннаға дейін алынатын мұнайдың қалдық қорлары бар кен орнын игеру кезінде – 1,2 миллион теңгеден аспайды;

      геологиялық қорлары 10 миллионнан 50 миллион тоннаға дейін немесе 3 миллиардтан 15 миллиард текше метрге дейін (өнеркәсіптік пайдалануға алғаш рет енгізілетін) немесе 300 мың тоннадан 3 миллион тоннаға дейін немесе 5 миллиард текше метрден аз газ қалдықтары бар кен орнын игеру кезінде-1,5 миллион теңгеден аспайды;

      геологиялық қорлары 50-ден 100 миллион тоннаға дейін мұнай немесе 15-тен 50 миллиард текше метрге дейін (өнеркәсіптік пайдалануға алғаш рет енгізілетін) немесе 3-тен 15 миллион тоннаға дейін немесе 5-тен 25 миллиард текше метрге дейін алынатын газдың қалдық қорлары бар кен орнын игеру кезінде – 2 миллион теңгеден аспайды;

      геологиялық қорлары 100 миллион тоннадан астам мұнай немесе 50 миллиард текше метрден астам газ (өнеркәсіптік пайдалануға алғаш рет енгізілетін) немесе 15 миллион тоннадан астам мұнай немесе 25 миллиард текше метрден астам алынатын газдың қалдық қорлары бар кен орнын игеру кезінде – 3 миллион теңгеден аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады