Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 17 мамырдағы № 173 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 18 мамырда № 28105 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Тақырып жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 29.02.2024 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 29.02.2024 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.     

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2022 жылғы 7 наурыздан бастап туындайтын құқық қатынастарына қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Б. Акчулаков
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2022 жылғы 17 мамырдағы
№ 173 бұйрығымен бекітілген

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағидалар жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 29.02.2024 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 140-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) үміткерді біліктілік іріктеу және тәуелсіз сарапшылар ретінде тағайындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – базалық жобалау құжаттарына және әзірлеуді талдауларға (бұдан әрі – Жобалар) тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларға біліктілік іріктеуді жүзеге асыру мақсатында көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия;

      2) көмірсутектер кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия (бұдан әрі – Орталық комиссия) – геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын комиссия;

      3) тәуелсіз сараптама – ғылыми негізделген әдістемелерді қолдануға негізделген, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес білікті сарапшылар жүргізетін тәуелсіз зерттеу;

      4) тәуелсіз сарапшы – көмірсутектер саласындағы уәкілетті органда біліктілік іріктеуден өткен, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес жеке тұлға.

2-тарау. Геология және көмірсутек кен орындарын игеру саласындағы тәуелсіз сарапшыға қойылатын біліктілік талаптары

      3. Тәуелсіз сарапшылардың біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген үміткер үшін мынадай талаптар белгіленеді:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтығының болуы;

      2) мұнай-газ саласындағы жоғары бейіндік білімі туралы дипломның бар болуы (шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес тану немесе нострификациялау рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);

      3) геология немесе көмірсутек кен орындарын игеру саласында кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы не жобаларды жобалауға мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарда кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.

      4. Тәуелсіз сарапшыға үміткер және тәуелсіз сарапшы Орталық комиссияның мүшесі болмауы тиіс.

3-тарау. Базалық жобалау құжаттарына және әзірлеу талдауларына тәуелсіз сараптама үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеу

      5. Тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеуді жүргізу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында біліктілік іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;

      2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның тәуелсіз сарапшыларға үміткерлерден құжаттар қабылдауы;

      3) Комиссияның осы Қағидалардың 2-тарауында белгіленген тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға үміткерлер құжаттарының сәйкес келуін қарауы;

      4) осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес үміткерлер арасында іріктеу жүргізу;

      5) Комиссияның қорытындысы.

      6. Біліктілік іріктеуін өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) орналасқан жерін, пошталық мекенжайын, телефон нөмірлерін, электрондық пошта мекенжайын көрсете отырып, біліктілік іріктеуді жүргізетін көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның атауы;

      2) осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес үміткерлерге қойылатын талаптар;

      3) құжаттарды қабылдау мерзімі 10 (он) жұмыс күні, ол көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында хабарландыру жарияланғаннан кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі;

      4) қажетті құжаттар тізбесі;

      5) іріктеуді өткізу күні мен уақыты.

      7. Біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген үміткер көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда толтырылған өтінімді ұсынады, мынадай құжаттармен бірге:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

      2) бейіні бойынша еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін (еңбек кітапшасын не кәсіби саладағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжатты (бұйрықтардан үзінді көшірме));

      3) білімі туралы құжаттың көшірмесін.

      8. Үміткер құжаттарды конкурс өткізу туралы хабарландыру соңғы жарияланған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тапсыруы тиіс.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары іріктеу басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей салыстырып тексеру үшін ұсынылады.

      10. Комиссия көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган басшысының шешімімен құрылады. Комиссия құрамына мыналар кіреді:

      көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның өкілдері, оның ішінде комиссия төрағасы;

      жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның өкілі (келісу бойынша);

      Орталық комиссияның өкілдері (келісу бойынша);

      геология және әзірлеу саласындағы бірлестіктердің (қауымдастықтардың, одақтардың, ұйымдардың) өкілдері (келісу бойынша).

      11. Комиссия қызметін ұйымдастыру үшін комиссия хатшысы тағайындалады.

      Комиссия хатшысы ұйымдастыру функцияларын орындайды, комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      12. Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібін жасайды және отырыстардың хаттамаларын ресімдейді.

      13. Комиссия ұсынылған құжаттардың тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға сәйкес келуін қарайды және құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысушыларды іріктеуге жіберу туралы шешім қабылдайды.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса не дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда, үміткер іріктеуден өтуге жіберілмейді.

      14. Шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған комиссия төрағасы, мүшелері мен хатшысы қол қояды.

      15. Комиссия шешімінің негізінде хатшы іріктеуге жіберілген үміткерлердің тізімін және оны өткізу графигін жасайды.

      16. Комиссия хатшысы іріктеуге жіберілген үміткерлерге іріктеудің өткізілетін күні мен уақыты туралы хабарлайды.

      Үміткерлерді хабардар ету телефон арқылы, үміткерлердің электрондық мекенжайлары мен ұялы телефондарына хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      17. Біліктілік іріктеуге қатысатын және оған жіберілген үміткер әңгімелесуден өтеді, оның барысында үміткерге геология немесе әзірлеу саласындағы бейінді сұрақтар қойылады. Комиссия 5 (бес) бейінді сұрақтан тұратын тізбені қалыптастырады.

      18. Комиссия ұсынылған құжаттардың негізінде, сондай-ақ өткізілген біліктілік іріктеудің нәтижелері бойынша мұндай үміткерді тәуелсіз сарапшы ретінде тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      19. Комиссияның шешімі үміткер болмағанда, ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      20. Дауыс беру кезінде дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      21. Комиссияның шешімі және комиссияның оң қорытындысын алған үміткерлердің тізімі іріктеу жүргізілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      22. Үміткерлер біліктілік іріктеуге қатысу шығыстарын (іріктеу өтетін жерге келу және қайту, тұру) өздерінің жеке қаражаты есебінен жүргізеді.

      23. Тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз сараптамаға тартылады, оның шеңберінде Орталық комиссия:

      1) барлау жұмыстарының жобасы бойынша 1 (бір) тәуелсіз сарапшы;

      2) сынамалы пайдалану жобасы бойынша 1 (бір) тәуелсіз сарапшы;

      3) әзірлеу жобасы бойынша 2 (екі) тәуелсіз сарапшы;

      4) әзірлеу талдауы бойынша 2 (екі) тәуелсіз сарапшы тағайындайды.

      Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан жобалық құжатты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға жібереді.

      24. Барлау жұмыстары (оған өзгерістер мен толықтырулар) жобасына тәуелсіз сараптама 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде, сынамалы пайдалану жобаларына 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде және кен орнын игеру жобалары (оларға өзгерістер мен толықтырулар), игеру талдаулары жобаларына 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      25. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының еркін нысандағы қорытындысы осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген мерзім ішінде Орталық комиссияға ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады