"Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 509 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 14 маусымда № 34496 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33048 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-тараумен толықтырылсын:

      "5-тарау. Орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу кезінде "ақылмен реттеу" және Agile қағидаттарын қолдану

      79. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында "ақылмен реттеу" деп құқықтық саясаттың мынадай қағидаттарын қолдану түсініледі:

      1) ақылға қонымды реттеу;

      2) ашық реттеу;

      3) дәлелдемелік реттеу;

      4) нәтижелі реттеу;

      5) адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

      80. Ведомстволық реттеу саласындағы ақылға қонымды реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) қоғамдық қызметті реттеу қоғамдық өмірде туындайтын мәселелерді шешу кезінде ең соңғы шара ретінде қолданылады, себебі реттеушілік шаралардың ақылға қонымды шектен асып кететін саны оның адресаттары үшін реттеушілік ауыртпалық туғызады;

      2) әзірлеуші алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде, ең алдымен реттеушілік араласумен байланысты емес балама тәсілдерді іздеу маңызды;

      3) реттеушілік шараларды енгізу қажет болса, олар болжанатын мақсаттарға қол жеткізу үшін қолайлылығы және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша төмен дәрежеде шектеу тұрғысынан зерделенеді;

      4) ұсынылатын шаралар оң әсердің басым деңгейін көрсетеді, сондай-ақ теріс жанама салдарларды ескереді;

      5) қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың нәтижесінде қаржылық, кадрлық және ұйымдастыру-техникалық ресурстардың ең аз шығындары кезінде мемлекеттік реттеудің барынша тиімділігіне қол жеткізу.

      81. Ведомстволық реттеу саласындағы ашық реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) реттеуші стейкхолдерлердің көптеген қол жеткізу нүктелерін қалыптастыруды, оның ішінде енгізілген реттеу әсер етуі ықтимал барлық тараптар мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ететін жаңа құралдарды дамыту және қолдану арқылы қамтамасыз етеді;

      2) шешім қабылдау кезінде тұрақты сипаттағы салалық саясат қағидаттарын сақтай отырып, барлық тараптардың мүдделерін неғұрлым оңтайлы тепе-теңдігі таңдалады, бұл неғұрлым оңтайлы шешім қабылдауға ықпал етеді, құқықтық реттеуді жүзеге асыру процесінде еркін шешімдердің әсер ету дәрежесін төмендетеді;

      3) құқықтық нормаларды қалыптастырудың бланкеттік тәсілдерін пайдалануды барынша азайту.

      82. Ведомстволық реттеу саласындағы дәлелдемелік реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) дәлелдемелік тәсіл ведомстволық реттеуді дамытудың негізгі векторларының біріне айналады;

      2) ведомстволық реттеудің сапасын арттыру мақсатында реттеушілік шешімдер сенімді әрі объективті деректерге, оның ішінде ғылыми және сараптамалық зерттеулерге, қоғамдық пікірді, статистикалық деректерді зерделеу нәтижелеріне негізделеді;

      3) реттеудің қандай да бір тәсілінің басымдығын көрсететін мәліметтер тексеру үшін қолжетімді.

      Осыған байланысты сандық деректерді жинау, сақтау, өңдеу, талдау және оларды басқару арқылы ауқымды дәлелдемелік базаны қалыптастыру дәлелдемелік саясаттың ажырамас элементі болып табылады.

      83. Ведомстволық реттеу саласындағы нәтижелі реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) құқықтық реттеу шараларын эпизодтық сипаттағы емес жүйелі ретроспективті бағалау;

      2) енгізілген реттеуден туындаған әсерлердің пәрменділігі мен мәлімделген мақсаттарға сәйкестігі тұрғысынан жүйелі түрдегі мониторингі;

      3) адресаттардың мүдделері мен қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруды болжайтын реттеудің клиентке бағытталуы;

      4) болжанған нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда, бастапқы реттеушілік тәсілдерді жетілдіруге бағытталған шараларды қабылдау.

      84. Қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық салаларында бірінші кезектегі және тиімді қорғаудың негізгі қағидаты адам құқықтары мен бостандықтары нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын айқындайды деген конституциялық ережені іске асыру болып табылады.

      Әртүрлі бұзушылықтарды болдырмаудың маңызды аспектісі Конституцияның "Адам және азамат" деген II бөлімімен бекітілген негізгі құқықтарды, бостандықтар мен міндеттерді, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау кезінде осы Қағидаларды сақтау болып табылады.

      Халықтың қажеттіліктеріне бағдарланған функцияларды құру және ретке келтіру қоғамдық игілікті жасау және әділ тарату үшін реинжиниринг жүргізу және бизнес-процестерді оңтайландыру арқылы ведомстволық реттеуді тұрақты дамыту жүргізіледі.

      85. Тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға мүдделі әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нормативтік құқықтық акт жобасына "ақылмен реттеу" қағидаттарын сақтау чек-парағын және әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары ережелерін түсінуді реттеу мен жеңілдетудің релевантты мәтінін құру үшін енгізілетін реттеудің бизнес-процесі моделінің сипаттамасын (BPMN бизнес-процесін нотациялау және модельдеу, Flowchart блок-схемалары, UML, интеллект карталар, не әзірлеушіге қолайлы өзге құрал) қоса береді.

      86. Модельденген бизнес-процестер түріндегі чек-парағы мен реттеу схемалары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган мен әділет органдары арасында нысаналы келісу рәсімдерін жүргізуге, сондай-ақ бірыңғай шешімді әзірлеу үшін икемді және итеративті тәсілдерді қоса алғанда, өзге де Agile-құралдарын пайдалануға жол беріледі.

      Нормативтік құқықтық актілер жобаларын келісу кезінде Agile қолдану икемділігін және нормативтік құқықтық акт жобасын пысықтау процесінің бейімделуін қамтамасыз етеді.

      87. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық акт бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде ресми интернет-ресурста енгізілетін реттеу бизнес-процесі моделінің сипаттамасын орналастырады.

      88. Ведомстволық реттеу сапасын және тараптардың мүдделігін одан әрі жақсарту мақсатында әділет органдары "ақылмен реттеу" және "Agile" қағидаттарын қолдана отырып, жұмыстың есебін жүргізеді.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 4-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2024 жылғы 14 маусымдағы
№ 509 бұйрығына
қосымша
  Нормативтік құқықтық актілерді
әзірлеу, келісу және мемлекеттік
тіркеу қағидаларына
4-қосымша
  нысан

"Ақылмен реттеу" қағидаттарын сақтау сақтау чек-парағы

№ р/б

"Ақылмен реттеу" қағидаты атауы

Әзірлеуші мемлекеттік орган еркін нысанда қағидаттың реттеуді енгізу барысында сақталғаны туралы баяндайды

1

ақылға қонымды реттеу


2

ашық реттеу


3

дәлелдемелік реттеу


4

нәтижелі реттеу


5

адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады