Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Заңының 7-2-бабының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қызметiнiң қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы |
Е. Оспан |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 19 маусымдағы № 149 бұйрығымен бекітілген/ |
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қызметiнiң қағидасы
1-тарау. Жалпы қағидалар
1. Осы Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қызметiнiң қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Заңының 7-2-бабының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қызметінің жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі (бұдан әрі – Өңірлік балалар омбудсмені) – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асыратын өкілі, оған тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі функциялар жүктеледі.
3. Өңірлік балалар омбудсменінің қызметінің негізгі қағидаттары заңдылық, тәуелсіздік, балаларға қолжетімділік, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың басымдылығы, объективтілік, ашықтық болып табылады.
4. Өңірлік балалар омбудсмені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің келісімі бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің өкімімен тағайындалады және босатылады.
2-тарау. Өңірлік балалар омбудсменінің қызмет тәртібі
5. Өңірлік балалар омбудсмені өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, халықаралық шарттарын, осы Қағиданы және өзге де Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
6. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Өңірлік балалар омбудсмені:
1) өз жұмысын жыл сайын 30 желтоқсанға дейін бекітілетін және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен келісілген күнтізбелік жылдық жоспар негізінде ұйымдастырады;
2) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты жолданымдарды және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;
3) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кедергісіз іске асырылуына және олар бұзылған жағдайда қалпына келтірілуіне жәрдем көрсетеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілге енгізеді;
5) жергілікті атқарушы органдарға және білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт жүйелерінің ұйымдарына кедергісіз, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ұсталатын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кіреді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте балалардың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына сұрау салу бойынша қол жеткізеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен баланың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру мақсатында жабық сот отырыстарын қоса алғанда, сот процестеріне қатысады;
8) бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумдар, келісімдер жасасады;
9) мемлекеттік органдар мен ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдарға өз бастамасы бойынша немесе келісім бойынша қатысады;
10) жарты жылдық негізде брифингтер өткізеді, онда балалардың құқықтарын қорғау саласында, оның ішінде резонанстық жағдайлар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы халықты хабардар етеді;
11) баланың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері мәселелеріне арналған іс-шараларға қатысады.
7. Өңірлік балалар омбудсмені өз қызметінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен және оның өңірдегі өкілдерімен, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен (бұдан әрі – Комитет), жергілікті атқарушы органдармен, құқық қорғау мемлекеттік органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өзге де ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
8. Өңірлік балалар омбудсмені жарты жылдық негізде Бала құқықтары жөніндегі уәкілге, Комитетке және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкіміне өз қызметі туралы ақпарат береді.
9. Өңірлік балалар омбудсмені Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдіктері жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырыстарына комиссиялардың мүшесі ретінде қатысады.
10. Балалар құқықтарының бұзылуы туралы ақпарат алған сәттен бастап Өңірлік балалар омбудсмені:
1) бала құқықтарының бұзылуы туралы ақпаратты жедел байланыс (мобильді немесе электрондық) арқылы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Комитеттің және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің назарына дереу жеткізеді;
2) хабарламаның әрбір фактісі бойынша балалардың ата-аналарымен немесе өзге де заңды өкілдермен, сондай-ақ олардың бала құқықтарын бұзғаны туралы дабыл түскен адамдармен профилактикалық әңгімелер жүргізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген олардың жауапкершілігін түсіндіреді;
3) баламен бірге тұратын ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер тарапынан бала құқықтарының бұзылуы туралы хабарлаудың әрбір фактісі бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің қорғаншылық және қамқоршылыққа алу органдарына және құқық қорғау органдарына дереу хабарлайды;
11. Ішкі істер органдарында кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері расталғаннан кейін Өңірлік балалар омбудсмені:
1) бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шаралары туралы дереу хабарлайды, балаға көмек көрсетуге тікелей қатысады;
2) баланың өмірі мен денсаулығына, оның психологиялық және эмоционалдық жай-күйіне қауіп төнген кезде баланың, оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
3) білім беру ұйымымен бірлесіп жағдайды кешенді бағалауды, баланың құқықтары мен міндеттері туралы құқықтық консультацияны, әлеуметтік оңалту бойынша жеке жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтитын психологиялық қолдауды ұйымдастырады;
4) жұмыс кездесулерін өткізеді, жедел ақпарат алмасуды жүзеге асырады, бірлескен жоспарлар әзірлейді, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік органдары өкілдерінен жұмыс топтарын құрады;
5) бала құқықтарын қозғайтын мәселелер бойынша ұйымдар мен лауазымды адамдар жүргізетін тексерулерге қатысады;
6) баланың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған ұсынымдарды тиісті мемлекеттік органға және/немесе лауазымды тұлғаға жібереді;
7) Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия шешім қабылдағанға дейін баланың бастапқы қажеттіліктері қамтамасыз етілетін медициналық ұйымдарға немесе балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға (Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, Балаларды қолдау орталықтары, Дағдарыс орталықтары) орналастыру жолымен бала үшін қауіпсіз жағдайлар жасау жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды ұйымдастырады, сондай-ақ ішкі істер органдарына жәбірленуші баланы күдіктіден бөлек жеткізуді қамтамасыз етеді.
12. Балалардың құқықтары мен мүдделерін ілгерілету жөніндегі ақпараттық кампаниялар мен жобалар шеңберінде Балалар омбудсменінің өкілі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
13. Өңірлік балалар омбудсмені бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде расталған және сапалы ақпаратты орналастырады.