Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 29 маусымдағы № 48 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 маусымда № 34678 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 59-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Альназарова

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2024 жылғы 29 маусымдағы
№ 48 Бұйрыққа
қосымша

Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің қағидалары

      1. Осы Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 59-7) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) психологиялық көмек – мыналарға: психикалық және соматикалық денсаулықты қолдауға, психикалық дамуды оңтайландыруға, өмір сүруге бейімдеуге және өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде адамның өз мүмкіндіктерін жандандыру арқылы арттыруға ықпал ететін, адамға психологиялық проблемалардың алдын алуға, оларды шешуге, өмірлік қиын және дағдарысты жағдайлар мен олардың салдарын еңсеруге жәрдемдесуге; адамдарға психологиялық проблемалардың себептері, олардың алдын алу және оларды шешу тәсілдері туралы ақпарат беруге; тұлғаны дамытуға, оның өзін-өзі жетілдіруіне және өзін-өзі танытуына бағытталған іс-шаралар кешені;

      2) психологиялық проблема - адамның өзіне, өзінің қызметіне көңілі толмауынан, тұлғааралық қатынастардан, отбасындағы жағдайдан және (немесе) жеке өміріндегі басқа да проблемалардан туындаған ішкі жайсыздық жай-күйі.

      3. Психологиялық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдардың (бұдан әрі – ӘҚҚБКЖ) мінез-құлқын түзету және профилактикалау мақсатында көрсетiледi.

      4. ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету мынадай міндеттерді қамтамасыз етеді:

      1) деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлықтың салдарларын түсіну;

      2) деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлқын өзгертуге мотивация қалыптастыру;

      3) өзі және айналасындағылар үшін деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлық әрекеттерінің әкімшілік, әлеуметтік және экономикалық салдарын түсіну;

      4) деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлықты психологиялық түзету. Психологиялық түзету психологиялық әсер етудің арнайы құралдарын қолдану арқылы адамның психологиясындағы немесе мінез-құлқындағы кемшіліктерді түзетуге бағытталған.

      5) күйзелісті еңсерудің психологиялық тәсілдеріне және эмоционалды бақылау дағдыларын дамытуға оқыту;

      6) күш қолдануға жол бермейтін проблемалар мен шиеленістерді баламалы түрде шешу дағдыларын дамыту.

      5. ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету шаралары күшіне енген сот актісінің негізінде жүзеге асырылады.

      Мыналар:

      1) стационарлық емдеуді қажет ететін аурулардың;

      2) инфекциялық аурулардың болуы ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету шараларын жүзеге асыруға қарсы көрсетілімдер болып табылады.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары (бұдан әрi – денсаулық сақтау басқармалары) ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында мынадай iс-шараларды жүзеге асырады:

      1) жыл сайын ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету үшін халыққа амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін (бұдан әрі – АЕК ұйымдары) және олардың штатында ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету жөніндегі оқудан өткен психологы бар медициналық ұйымдардың ішінен денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесін (бұдан әрі – тізбе) бекітеді;

      2) денсаулық сақтау ұйымдарының психологтарын ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету мәселелері жөнінде оқытуды ұйымдастырады.

      7. ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету мақсатында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымының басшысы ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету мәселелері жөнінде психолог(тар)ды тұрақты (кемінде 5 жылда бір рет) оқытуды қамтамасыз етеді (кем дегенде 60 сағат).

      8. Денсаулық сақтау ұйымының ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету жөніндегі басшысы ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсетуге жауапты психолог(тар)ды айқындайды.

2-тарау. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға психологиялық көмек көрсететін субъектілер

      9. ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмекті АЕК ұйымдары көрсетеді.

      Пациенттерді қабылдау психологтың жеке кабинетінде жүзеге асырылады.

      10. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмекті жазасын өтеу орны бойынша бекітілген АЕК ұйымы көрсетеді.

      АЕК ұйымдарының штатында психолог болмаған жағдайда, бірлесіп орындау шарты негізінде психологтар тартылады.

      11. ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсетуге ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету мәселелері жөнінде оқудан өткен денсаулық сақтау ұйымдарының психологтары тартылады.

3-тарау. Әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетудің талаптары

      12. АЕК ұйымдарының басшысы психологиялық көмек көрсету шараларын орындау туралы сот қаулысын алғаннан кейін мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) психологтың психологиялық көмек шараларын жүзеге асыруы;

      2) медициналық көрсетілімдері бойынша мамандандырылған көмек көрсету үшін дәрігерлерді тарту;

      3) мынадай:

      психологиялық көмек шараларынан өтуден бас тарту;

      психологиялық көмект шараларының тиімсіздігі;

      психологиялық көмек шараларының аяқталу фактісі анықталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне ақпарат беру.

      13. АЕК ұйымдарының психологы ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс шеңберінде мыналарды жүзеге асырады:

      1) ӘҚҚБКЖ адамды сәйкестендіру;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес психологиялық көмек көрсетуге ақпараттандырылған келісімді ала отырып, ӘҚҚБКЖ адамы психологиялық көмектің мақсаттары, одан өту шарттары туралы хабардар ету;

      3) мыналарды:

      медициналық құжаттамалардың деректері бойынша (бар болса) анамнездік мәліметтерді зерделеуді;

      психологиялық сұхбатты (танысу, шағымдарды жинау, микроәлеуметтік ортасындағы әлеуметтік-психологиялық атмосфераны қоса алғандағы анамнездік мәлімет);

      жыныстық жас және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, психологиялық тестілеуді (стандартталған және стандартталмаған әдістер);

      деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлыққа қайта оралуға қауіп факторларын қоса алғанда, диагностикалық нәтижелер бойынша қорытынды жасауды, сондай-ақ психологиялық түзету бағдарламасын жасау бойынша ұсынымдарды;

      психологиялық диагностика нәтижелері туралы ӘҚҚБКЖ адамды хабардар етуді қамтитын ӘҚҚБКЖ адамдардың психологиялық диагностикасын;

      4) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген қағидаттарға сәйкес ӘҚҚБКЖ адамға деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлықты психологиялық түзету жүргізу үшін психологиялық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын әзірлеу.

      Психологиялық түзету жеке және/немесе топта жүзеге асырылады;

      5) психологиялық түзетуге кедергі келтіретін және оның құзыретінің шегінен тыс психикалық қызметтің бұзылыстары анықталған жағдайда психиатр дәрігердің консультациясына жіберу;

      6) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына сәйкес медициналық құжаттаманы есепке алу және есептілік жүргізу (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген);

      7) мынадай:

      психологиялық көмек шараларынан өтуден бас тарту;

      психологиялық көмект шараларының тиімсіздігі;

      психологиялық көмек шараларының аяқталу фактісі анықталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне ақпарат беру үшін негіздемесі бар ақпаратты дайындау.

      14. Психологиялық түзету үш негізгі блокты қамтиды:

      1) ұстаным – өзара іс-қимыл жасауға, бойындағы қобалжуды басуға, сенімділікті арттыруға ұмытылысын ояту, психологпен жұмыс істеу және өз өміріне қандай да бір өзгеріс енгізу ниетін қалыптастыру;

      2) түзету – тұлғаның үйлесімділігі мен оңтайлануы, қоғаммен және өз-өзімен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа (күш қолданбайтын) тәсілдерін меңгеру, психологиялық проблемаларды шешу;

      3) түзету әсерінің тиімділігін бағалау – психологиялық жай-күй динамикасын өлшеу (тесттер, әдістемелер), мінез-құлықтың позитивті (күш қолданбайтын) ұстанымының, реакциясы мен уайымының пайда болуы, психоэмоционалдық жай-күйінің тұрақтануы.

  Әкімшілік қылмыстық
құқық бұзушылықты күш
қолдана отырып жасаған
адамдарға денсаулық сақтау
ұйымдарында психологиялық
көмек көрсетудің қағидаларына
1-қосымша

Әкімшілік қылмыстық құқық бұзушылықты күш қолдана отырып жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсетуге ақпараттандырылған келісім

      Жеке сәйкестендіру нөмірі________________________________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) (толық) __________________

      Туған күні "____" _________________ ____________________________ж.

      Медициналық ұйымда бола отырып (медициналық ұйымның

      атауы)______________________________________________________________

      психологиялық көмекті жүзеге асыруға ерікті түрде келісім беремін және мына қағидаларды сақтауға міндеттенемін:

      1) мыналарға:

      психологиялық түзетуге қатысуға;

      сессияларға тұрақты қатысу және уақтылы келуге;

      өзімді әдепті ұстауға (егер, топта немесе қызметкердің айтқандарымен келіспеген немесе ұнамаған жағдайда, айқайламау, балағаттамау, қорқыту немесе күш қолдануға жүгінбеу);

      басқалардың сөзін бөлмеуге;

      сессияларға қатысқанға дейін 24 сағат ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолданбауға;

      психологиялық түзетуге қатысатын басқа адамдардан алынған ақпараттың құпиялығын сақтауға келісемін;

      2) мыналарды:

      психологқа барған кезде менен ұстамдылық танытуымды күтетінін;

      менің алға жылжуым менің тарапымнан орын алған барлық жағдайларды толық және шынайы түсінуіме, сондай-ақ үй тапсырмасын орындауыма байланысты екенін;

      топ жетекшілерінің топтық процеске басшылық ету үшін сөйлеп тұрғандардың сөзін бөлу құқығына ие екенін түсінемін.

      3) егер, мен белгіленген уақытта сабақты қалдырған болсам, ол туралы құқық қорғау органдарына хабарланатыны туралы хабардармын.

      Ұсынылатын құжаттардың дұрыстығын растау үшін талап етілетін өзге де мәліметтерді қамтитын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісемін.

      Маған кез келген сұрақ қою мүмкіндігі берілді және барлық сұрақтарға қолжетімді түрде толық жауап алдым.

      Қолы: __________ Күні мен уақыты "____" ___________ 20 __ ж.

  Әкімшілік қылмыстық
құқық бұзушылықты күш
қолдана отырып жасаған
адамдарға денсаулық сақтау
ұйымдарында психологиялық
көмек көрсетудің қағидаларына
2-қосымша

Деструктивтік (күш қолдана отырып) мінез-құлықты ӘҚҚБКЖ адамдарға психологиялық түзету жүргізу үшін психологиялық көмек көрсету жеке бағдарламасын әзірлеу принциптері

      Психологиялық түзету жүргізу кезінде:

      1) психологиялық түзетудің мақсаттарын қалыптастыру;

      2) психологиялық түзетудің мақсаттарын нақтылайтын міндеттерді айқындау;

      3) психологиялық түзету жүргізу стратегиясы мен тактикасын таңдау;

      4) клиенттермен жұмыс істеу (жеке, топтық немесе аралас) түрін анықтау;

      5) психологиялық түзету әдістемесі мен техникасы;

      6) бүкіл психологиялық түзетуді іске асыру үшін қажетті жалпы уақытты анықтау;

      7) қажетті кездесулердің жиілігін анықтау (күнделікті, аптасына бір рет, аптасына 2 рет, екі аптада 1 рет);

      8) әрбір сабақтың ұзақтығын анықтау (түзету бағдарламасының басында 10-15 минуттан соңғы кезеңде 1,5-2 сағатқа дейін);

      9) басқа адамдардың жұмысқа қатысу түрлерін жоспарлау (отбасымен жұмыс істеу кезінде – туыстарды, маңызды орын алатын ересектерді);

      10) психологиялық түзету бағдарламасын іске асыру (психологиялық түзету бағдарламасы барысының динамикасын бақылауды, толықтырулар мен өзгерістер енгізу мүмкіндігін көздеу қажет);

      11) қажетті материалдар мен жабдықтарды дайындау қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады