"Әскери интернатурадағы дайындық қағидаларын және мамандықтар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 483 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 19 шiлдедегi № 749 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 22 шiлдеде № 34777 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Әскери интернатурадағы дайындық қағидаларын және мамандықтар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 483 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15753 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Әскери интернатурадағы дайындық қағидалары және мамандықтар тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
2024 жылғы 19 шілдедегі
№ 749 Бұйрыққа
қосымша

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы "24" тамыздағы
№ 483 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) әскери резидент-дәрігер – медициналық ұйым тәлімгерінің қадағалауымен резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде оқитын әскери қызметші;

      2) әскери интернатура – жоғары әскери оқу орнының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын клиникалық практикаға рұқсат алу үшін базалық жоғары медициналық білім беру шеңберінде әскери қызметшіні клиникалық мамандық бойынша даярлау нысаны;

      3) әскери интерн – әскери интернатурада оқитын әскери қызметші;

      4) әскери-медициналық факультет – базалық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру шеңберінде медицина маманын даярлауға арналған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары әскери оқу орнының құрылымдық бөлімшесі;

      5) докторант – докторантурада білім алатын әскери қызметші;

      6) магистрант – магистратурада білім алатын әскери қызметші;

      7) резидентура базасы – денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен базасында резидентура бағдарламасы іске асырылатын медициналық ұйым ретінде аккредиттелген денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университет ауруханасы, ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты;

      8) тәлімгер – медициналық білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыны және жас маманды кәсіптік бейімдеуде іс жүзінде көмек көрсету үшін медициналық ұйымның немесе медициналық білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, білім берудің, ғылым мен практиканың үштұғырлығы негізінде қызметті жүзеге асыратын кемінде бес жыл өтілі бар медицина қызметкері.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау:

      1) жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша;

      2) әскери интернатурада;

      3) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

      4. Әскери медицина маманын даярлау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 4 шілдедегі № ҚР ДСМ-63 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28716 болып тіркелген) Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға (бұдан әрі – денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 18 қыркүйектегі № 529 қбп бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15866 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындары қызметінің қағидаларына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 5 тамыздағы № 370 қбп бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21064 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша мамандықтар мен біліктіліктер тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина маманын даярлау тәртібі

1-параграф. Жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери медицина маманын даярлау

      5. Жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери медицина маманын даярлау жоғары білімнің білім беру бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орнында (бұдан әрі – әскери институт) жүзеге асырылады.

      6. Жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери медицина маманын даярлау үшін азаматтарды іріктеу "Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13268 болып тіркелген) конкурстық негізде жүзеге асырылады (бұдан әрі – Оқуға қабылдау қағидалары).

      Конкурстық іріктеуден өткен азаматтар әскери институттың әскери-медициналық факультетінің курсанты болып қабылданады.

      7. Әскери-медициналық факультеттің курсантын жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының (бұдан әрі – медициналық ЖОО) базасында шарт негізінде жүзеге асырылады.

      Әскери институтта курсант әскери және әскери-медициналық пән бойынша даярлықтан өтеді.

      8. Әскери институтқа түскен курсант оқуға түсу кезінде қолданыста болған денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламасы бойынша білім алады.

      9. Курсантты даярлау жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламасы, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім, жоғары білім базасында жүзеге асырылады.

      10. Оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша құжаттаманы (жұмыс оқу жоспарын, пән бойынша жұмыс оқу бағдарламасын (силабусты), жеке оқу жоспарын, сабақ кестесін) әскери институт әзірлейді және медициналық ЖОО-ның уәкілетті лауазымды адамдарымен келісіледі және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына өзгерістер ескеріліп қайта қаралады.

      11. Әскери институт білім беру мазмұнын, оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу тәсілін жоспарлауды кредиттік оқыту технологиясы негізінде дербес жүзеге асырады.

      Әскери институт академиялық кредит көлемін семестрге (триместрге, тоқсанға) дербес бөледі. Пән бір немесе бірнеше академиялық кезеңде іске асырылады.

      12. Медициналық пәнді оқытуға қатысты бөлігінде оқу, әдістемелік және ғылыми жұмысты, үлгерімді ағымдағы, аралық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау нысаны мен жүргізілуін ұйымдастыру медициналық ЖОО-ның мүдделі құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асырылады.

      13. Оқу мерзімі меңгерілген академиялық кредит көлемімен айқындалады. Академиялық кредиттің белгіленген көлемін меңгерген және тиісті дәреже алу үшін күтілетін оқу нәтижесіне қол жеткізген кезде білім беру бағдарламасы толық меңгерілген болып саналады.

      14. Әскери-медициналық факультет курсантына денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларын аяқтағаннан кейін медициналық ЖОО-ның дипломы беріледі, оқудың бесінші жылын аяқтағаннан соң "медицина қызметінің лейтенанты" әскери атағымен бірге әскери институттың дипломы беріледі.

      15. Курсантты оқудан шығару "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымының жарғысында (бұдан әрі – білім беру ұйымының жарғысы) көзделген негіз бен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

2-параграф. Әскери медицина маманын әскери интернатурада даярлау

      16. 2021 жылға дейін қоса алғанда, әскери институтқа түсіп, интернатура бағдарламасы бойынша оқуды жалғастырудағы, сондай-ақ медициналық білімнің үздіксіз интеграцияланған білім беру бағдарламасының алтыншы курсында білім алушы курсант әскери интернатураға қабылданады және әскери интерн лауазымына тағайындалады, онымен әскери институт бастығы әскери интернатурадағы оқу мерзіміне және оны аяқтағаннан кейін әскери қызметтің он жылына жаңа келісімшарт жасайды.

      17. Азаматтарды әскери интернатурада даярлау үшін іріктеу Оқуға қабылдау қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      18. Әскери интернді даярлау "Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-16 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17534 болып тіркелген) сәйкес медициналық ЖОО базасында шарт негізінде жүзеге асырылады.

      Әскери институтта әскери интерн әскери және әскери-медициналық пән бойынша даярлықтан өтеді.

      19. Әскери интернатура бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырушы әскери қызметші әскери интерн ауыспалы құрамының әскери лауазымында әскери қызмет өткереді.

      20. Денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес оқу уақытында әскери интерн:

      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;

      2) тиісті пән бойынша бағдарламада көзделген емтиханды, аралық аттестаттауды, қорытынды аттестаттауды тапсырады;

      3) жүргізілген жұмыс туралы толық есеп береді.

      21. Әскери интернге әскери интернатура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін интернатураны бітіргені туралы куәлік беріледі.

      22. Әскери интернді оқудан шығару білім беру ұйымының жарғысында көзделген негіз бен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

3-параграф. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери медицина маманын даярлау

      23. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери медицина маманын даярлау жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орнында (бұдан әрі – университет) жүзеге асырылады.

      24. Әскери медицина маманын даярлау үшін әскери қызметшіні іріктеу Оқуға қабылдау қағидаларының талаптарына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      Конкурстық іріктеуден өткен әскери қызметші университетке қабылданады және магистрант немесе докторант не әскери дәрігер-резидент лауазымына тағайындалады.

      25. Әскери медицина кафедрасының әскери дәрігер-резиденті, магистранты, докторанты университетте әскери және әскери-медициналық пән бойынша даярлықтан өтеді.

      26. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша әскери дәрігер-резидентті, магистрантты, докторантты даярлау жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының аккредиттелген клиникасында, университет ауруханасында, сондай-ақ резидентура базасы ретінде аккредиттелген ұлттық және (немесе) ғылыми орталықта, ғылыми-зерттеу институтында шарт негізінде жүзеге асырылады.

      27. Резидентурада даярлау таңдалған мамандық бойынша медициналық көмек көрсетудің тиісті деңгейіне сәйкес резидентура базасында тиісті клиникалық және практикалық тәжірибе алу үшін практикалық жұмысты қамтиды.

      28. Резидентураның білім беру бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған және қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен адамға резидентураның тиісті мамандығы бойынша "дәрігер" біліктілігі беріледі және резидентураны бітіргені туралы куәлік беріледі.

      29. Резидентурада оқу мерзімі үлгілік оқу жоспарына сәйкес меңгерілген академиялық кредит көлемімен айқындалады. Академиялық кредиттің белгіленген көлемін меңгеру және резидентураның тиісті мамандығы бойынша дәрігер біліктілігін беру үшін оқытудың күтілетін нәтижесіне қол жеткізу кезінде резидентураның медициналық мамандық бойынша бағдарламаның оқу жүктемесінің көлеміне қойылатын талаптарға сәйкес резидентураның білім беру бағдарламасы толық меңгерілген болып саналады.

      30. Оқу жүктемесі денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес магистранттың магистратураның оқу пәнін, модулін немесе барлық білім беру бағдарламасын зерделеуіне және магистратураның білім беру бағдарламасында белгіленген оқу нәтижесіне қол жеткізуіне қажетті уақытпен өлшенеді.

      31. Магистратурада кадрды даярлау екі бағыт бойынша жоғары білімнің білім беру бағдарламасы базасында жүзеге асырылады:

      1) ғылыми-педагогикалық – оқу мерзімі кемінде екі жыл;

      2) бейінді – оқу мерзімі кемінде бір жыл.

      32. Оқу жүктемесі денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес докторанттың докторантураның оқу пәнін, модулін немесе барлық білім беру бағдарламасын зерделеуіне және докторантураның білім беру бағдарламасында белгіленген нәтижеге қол жеткізуіне қажетті уақытпен өлшенеді.

      Докторантурада кадрды даярлау кемінде үш жыл оқу мерзімімен магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламасы базасында жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады