Қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі шығындарды есепке алу бөлігінде кен орнын игерудің техникалық жобаларын бекіту қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 1 тамыздағы № 288 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 2 тамызда № 34880 болып тіркелді

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 72-бабының 8-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі шығындарды есепке алу бөлігінде кен орнын игерудің техникалық жобаларын әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
К. Шарлапаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2024 жылғы 1 тамыздағы
№ 288 Бұйрыққа
қосымша

Қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі шығындарды есепке алу бөлігінде кен орнын игерудің техникалық жобаларын бекіту қағидалары

      1. Осы Қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезінде шығындарды есепке алу бөлігінде кен орнын игерудің техникалық жобаларын бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 72-бабының 8-1-тармағына сәйкес әзірленді және уранды қоспағанда қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезінде шығындарды есепке алу бөлігінде кен орнын игерудің техникалық жобаларын әзірлеу қағидаларын айқындайды.

      2. Нормаланатын шығындар деп деңгейi техникалық-экономикалық есептермен негiзделген өндiру кезiнде қатты пайдалы қазбаларды игерудiң қабылданған тәсiлдерi мен жүйелерiмен технологиялық байланысты жер қойнауындағы шығындар түсiндіріледi.

      3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде шығындарды есепке алу тау-кен жұмыстарының жоспарына қосымша болып табылатын кен орындарын игерудің техникалық жобаларында көзделген нормаланатын шығындар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады.

      Кен орындарын игерудің техникалық жобалары жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган тиісті шешім қабылдаған күннен бастап бекітіледі және тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес кен орнын игеру кезеңінде қолданылады.

      Кен орнын игерудің техникалық жобасын жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсыну үшін ілеспе хатқа нормаланатын шығындар туралы тау-кен жұмыстары жоспарының құрамында бекітілген деректерді көрсете отырып, графикалық қосымшаларды қоса алғанда, тау-кен жұмыстарының бекітілген жоспарының көшірмесі және кен орнын игерудің техникалық жобасы беріледі.

      4. Нормаланатын шығындар көрсеткіштерін қозғайтын тау-кен жұмыстары жоспарына өзгерістер енгізілген жағдайда кен орнын игерудің техникалық жобалары қайта бекітілуге тиіс.

      5. Қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі нормаланатын шығындар кен орнын игерудің нақты тау-кен-геологиялық жағдайларына, қолданылатын схемаларына, тәсілдеріне және жүйелеріне байланысты айқындалады.

      6. Құрамында пайдалы қазбалардың бірнеше түрі бар кен орындары үшін нормаланатын шығындар туралы деректер олар туралы мәліметтер Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрында қамтылған пайдалы қазбалардың әрбір түрі бойынша ұсынылады.

      7. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган нормаланатын шығындар туралы деректері мен негіздеуші құжаттары бар кен орнын игерудің техникалық жобасын ұсынғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға нормаланатын шығындар мөлшері бойынша негізделген қарсылықты жіберуге құқылы. Мұндай қарсылық көрсетілген мерзімде жіберілген жағдайда нормаланатын шығындарды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган ұқсас жобалар бойынша нормаланатын шығындар туралы қолда бар деректер негізінде не бұрын ұсынылған мәліметтерді негізге ала отырып дербес айқындайды.

  Қатты пайдалы қазбаларды
өндіру кезіндегі шығындарды
есепке алу бөлігінде кен орнын
игерудің техникалық жобаларын
бекіту қағидаларына
қосымша
  Нысан
  Бекітемін__________________
  ___________________________
  (тегі, аты және әкесінің аты)
(бар болған жағдайда), күні
Уәкілетті органның мөрі

Кен орнын игерудің техникалық жобасы

      1. Жер қойнауын пайдаланушының атауы: ____________________________

      2. Нормаланатын шығындар негіздемесі: ______________________________

      3. Нормаланатын шығындардың техникалық-экономикалық есептеулері: ____

      4. Нормаланатын шығындар туралы деректер:

р/с

Кен орнының атауы, әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан орны, келісімшарттың/лицензияның №___, күні_____

Пайдалы қазбаның түрі

Күнтізбелік жыл

Өндірудің жылдық көлемі, мың тонна/мың текше метр

Нормаланатын шығындар, % (мың тонна/мың текше метр)

1

2

3

4

5

6







      Жер қойнауын пайдаланушы – басшы

      ________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болған жағдайда), қолы)

      "____"____________20___ ж.

      Жер қойнауын пайдаланушының мөрінің орны

      (жеке кәсіпкерлер болып табылатын тұлғаларды қоспағанда)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады