"Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 198 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 2 тамызда № 34886 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінің үлгілік қағидаларында:

      295-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;

      "Оқу-сауықтыру орталықтары қызметінің үлгілік қағидалары" деген 4-параграф алып тасталсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында:

      3-тарау "Балалардың сауықтыру лагерьлерінің қызметінің тәртібі" алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы "Балалардың бейіндік лагерьлерінің қызметінің тәртібі" деген 4-тараумен толықтырылсын:

      "71. Балалардың бейіндік лагері (бұдан әрі – лагерь) қосымша білім беру ұйымы болып табылады, онда баланың жеке басының толыққанды физикалық, психологиялық және моральдық-адамгершілік дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

      72. Бейіндік лагерьлер түрлері "Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 бұйрығында айқындалған (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8390 болып тіркелген).

      Лагерьлердің бейіндік бағыттары спорттық, қорғаныс-спорттық, әскери-патриоттық, дене шынықтыру-сауықтыру, тілдік, лингвистикалық, дебаттық, шешендік шеберлік, ұлттық-мәдени, этникалық, театрлық, актерлік, еңбек, техникалық, робот техникасы, STEM, жасанды интеллект, IT, туристік, археологиялық, экологиялық, өлкетану, көшбасшылықты дамыту, әдеби, көркем-эстетикалық немесе волонтерлік бағыттар, таңдау бағыты немесе көпсалалы бағыт болып табылады.

      73. Балалардың бейіндік лагерьлерінің негізгі түрлері:

      1) күндізгі лагерьлер жазғы, күзгі, қысқы және көктемгі демалыс уақытында ұйымдастырылады. Лагерь жалпы білім беретін мектептердің базасында құрылады. Балалардың лагерьде болу ұзақтығы 5-тен 15 күнге дейін. Күндізгі бейінді лагері тамақтандыратын және тамақтандырмайтын, күндіз, ұйықтататын және ұйықтатпайтын (сауықтыру алаңдары) болып ұйымдастырылады;

      2) шатырлы, киіз үй лагерьлері бұл балалардың демалу нысаны оларды орналастыру және қызмет көрсету үшін шатырларды (киіз үйлерді) пайдалана отырып, іске асырылатын, демалыс кезеңінде табиғи жағдайларда ұйымдастырылатын объектілер.

      74. Лагерьлер қызметінің мақсаты денсаулық сақтау, демалыс, тәрбие, жеке даму және кәсіби өзін-өзі анықтау саласындағы баланың құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.

      75. Көрсетілген мақсатты жүзеге асыру үшін лагерь мынадай міндеттерді іске асырады:

      1) балаларға психологиялық қолайлы жағдай жасау;

      2) балалардың денсаулығын, шығармашылық еңбегін нығайту, олардың қабілеттерін іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету;

      3) олардың жүйелі демалысын және мазмұнды бос уақытын ұйымдастыру;

      4) азаматтық өзін-өзі тануды, жалпы мәдениетті, салауатты өмір салтын қалыптастыру;

      5) ғылыми, техникалық, көркем шығармашылықтағы, спорттағы, экологиядағы, туризмдегі және өлкетанудағы, ұлттық құндылықтардағы және танымдық қызметтің басқа да түрлеріндегі білімдерін, іскерліктерін кеңейту және тереңдету;

      6) дағдыларды қоғамдық пайдалы қызметте практикалық тұрғыда қолдану.

      76. Лагерь балалардың сұраныстарын, отбасы мен басқа ұйымдардың қажеттіліктерін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін және ұлттық-мәдени дәстүрлерді ескере отырып, өз қызметінің бағдарламасын дербес әзірлейді.

      77. Лагерьдегі тәрбие бағдарламалары білім беру бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизмді, азаматтықты, адамгершілікті, салауатты өмір салты дағдыларын, қоршаған ортаға және адамдарға ұқыпты қарауды қалыптастыруға, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жан-жақты мүдделері мен қабілеттерін дамытуға бағытталуы тиіс.

      78. Нәсілдік, ұлттық, діни, халықаралық құқық пен гуманизмнің жалпыға бірдей танылған қағидаттарына қайшы келетін милитаристік және өзге де идеяларды лагерьде таратуға рұқсат етілмейді.

      79. Лагерьлерде балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес 10-30 адамнан тұратын топтар, отрядтар, бейіндік бірлестіктер құрылады. Топтардың және (немесе) отрядтардың қызметін әзірленген тәрбие беру бағдарламаларын ескере отырып лагерь басшысы айқындайды.

      80. Лагерьдегі жас шамалары және әртүрлі жастағы балалар студияға, ансамбльге, топқа, үйірмеге, театрға (бұдан әрі - топтар) қызығушылықтары бойынша біріктіріледі. Топтардың құрылуы балалардың ерікті таңдауына негізделген. Топтардағы сабақтар бір тақырыптық бағыттағы бағдарламалар немесе кешенді, интеграцияланған бағдарламалар бойынша өткізіледі.

      81. Лагерь каникул уақытында жұмыс істейді және дене шынықтыру-сауықтыру, әскери-патриоттық, этно-мәдени, туристік-өлкетану және экскурсиялық қызметті, табиғат қорғау және экологиялық жұмысты, балалардың демалысы мен ойын-сауығын қамтамасыз етеді.

      82. Білім беру қызметі тиісті кезеңнің бағдарламалары мен оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады. Үйірме сабақтары үшін күніне 2 сағат көзделеді.

      83. Сабақтар топ бойынша, бағдарламаға сәйкес бірлестіктің барлық құрамымен өткізіледі. Әр топта балалар саны кемінде 15 адам болуы керек.

      84. Лагерьде сауықтыру және білім беру процесін дамыту және жетілдіру мақсатында білім алушылар мен тәрбиеленушілерді әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ететін шығармашылық бірлестіктер, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызмет құрылады.

      85. Сабақ кестесін лагерь басшылығы балалардың қолайлы еңбек және демалыс режимін, ата-аналардың тілектерін, балалардың жас ерекшеліктерін, педагог қызметкерлердің ұсынуы бойынша белгіленген санитариялық-гигиеналық нормаларды ескере отырып жасайды және бекітеді.

      86. Лагерьге қабылдау кезінде сауықтыру және оқу-тәрбие процесі жүзеге асырылатындығын ескере отырып, балалардың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды ұсынылады.

      87. Лагерьде аурулардың алдын алу, денсаулықты нығайту, дене бітімін жетілдіру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің салауатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі шараларды орындау қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта спорттық-сауықтыру бағдарламаларының кешені, оның ішінде су рәсімдері, денсаулықты шынықтыру рәсімдері, тыныс алу гимнастикасы жүргізіледі, диеталық профилактикалық тамақтану, физиотерапия, психологиялық түзету, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін тану арқылы эмоционалдық Даму қамтамасыз етіледі.

      88. Лагерь бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, балалардың сауығуы, еңбегі, демалысы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

      89. Лагерьде балалардың, медицина және педагог қызметкерлер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, білім алушылардың ата-аналары (кәмелетке толмағандардың өзге де заңды өкілдері) тәрбие процесінің қатысушылары болып табылады.

      90. Балаларды лагерьге қабылдаудың жалпы тәртібі Жарғысында (ережесінде) айқындалады. Балаларды қабылдау орналасқан жеріне, тұратын ауданына және оқушылардың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жүзеге асырылады.

      91. Лагерь мен заңды өкілдер арасындағы өзара қарым-қатынас баланы лагерьге қабылдаған кезде жасалатын шартпен реттеледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Туризм және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады