Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызмет түрлерiн қоса атқару туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 120 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7641 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару қағидалары мен талаптарын бекіту туралы";
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару қағидалары мен талаптары бекітілсін.".
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.";
осы қаулыға қосымшаға сәйкес 1-қосымшамен толықтырылсын;
қосымшада жоғарғы оң жақ бұрыштағы мәтін мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 120 қаулысына 2-қосымша". |
2. "Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы № 28 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32663 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде:
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. БЖЗҚ мынадай жағдайларда:
1) салымшы (алушы) Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде;
2) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау (жерлеуге, мұрагерлеріне) туралы БЖЗҚ-ға өтініш не соттың заңды күшіне енген шешімі келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде, сондай-ақ Кодекстің 220-бабының 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында және 1-1-тармағында, 221-бабының 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларында, 223-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда;
3) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде;
4) зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтаруға өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайды қоспағанда, ИПБ-ға зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей алдын ала хабарлай отырып, зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беруді жүзеге асырады.".
3. Бағалы қағаздар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
Қаулыға қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 120 қаулысына 1-қосымша |
Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару қағидалары мен талаптары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару қағидалары мен талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару тәртібі мен талаптарын айқындайды.
2-тарау. Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару тәртібі
2. Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтердің мынадай түрлері қоса атқарылады:
1) брокерлік және (немесе) дилерлік – кастодиандық қызметпен, инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметпен, сондай-ақ брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын Ұлттық пошта операторы және банктер үшін трансфер-агенттiк қызметпен;
2) инвестициялық портфельдi басқару жөніндегі – брокерлiк және (немесе) дилерлiк қызметпен;
3) кастодиандық – брокерлiк және (немесе) дилерлiк қызметпен, трансфер-агенттiк қызметпен;
4) депозитарлық – бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу, бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастыру бойынша қызметпен, қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингтік қызметпен, трансфер-агенттік қызметпен;
5) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастыру жөніндегі – қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингтік қызметпен;
6) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингтік қызметті – номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен.
3-тарау. Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару талаптары
3. Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқаруға бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтің тиісті түрлеріне қойылатын талаптарға сәйкес болған жағдайда рұқсат беріледі.
4. Қағидалардың 2-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін қоса атқару үшін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтің тиісті лицензияланатын түрін жүзеге асыруға лицензиясын алады.
5. Орталық депозитарий трансфер-агенттік қызметті қоспағанда, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 2-1-тармағына сәйкес уәкілетті органның лицензиясынсыз кәсіби қызмет түрлерін қоса атқарады.