Ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 452 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 қыркүйекте № 35080 болып тіркелді

      "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 29) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 117) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. "Ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалар туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 200 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7013 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2024 жылғы 18 қыркүйектегі
№ 452 бұйрығымен
бекітілген

Ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертханалар туралы үлгiлік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертхана туралы үлгілік ереже (бұдан әрi – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 29) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 117) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ұжымдық пайдаланымдағы ғылыми зертхана (бұдан әрі – Зертхана) Зертхана ғылыми ұйымның немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) құрылымдық бөлімшесі нысанында құрылады және ғылыми зерттеулердің және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың алдыңғы қатарлы деңгейіне қол жеткізу, сондай-ақ Зертхананың материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында жұмыс істейді. Зертхананың тиімді қызмет етуі мақсатында зертханаларды пайдаланушылардың жабдықтарға қол жеткізуін, негізін және қол жеткізудің шарттарын қарастыратын Зертхана регламенті бекітіледі.

      3. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) жүргізу бойынша Зертхананың мемлекеттік органдармен және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылы шарт негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Зертхананың мақсаты, міндеттері және функциялары

      4. Зертхана қызметінің негізгі мақсаты отандық және шетелдік ғалымдарға олардың жұмыс істейтін ғылыми ұйымдардың және ЖЖОКБҰ-ның ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін мүмкіндік беру болып табылады.

      5. Зертхана үшін мына міндеттер басым болып табылады:

      1) ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар, оның ішінде қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулерді іске асыруға жәрдемдесу, ғылыми бағыттардың тиісті саласында магистрлік, докторлық диссертациялық жұмыстарды дайындауға жәрдемдесу;

      2) жаңа бiлiмдер мен технологияларды тарату;

      3) студенттерді, магистранттарды, докторанттарды, жас ғалымдарды ҒЗТКЖ-ға тарту;

      4) отандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен, ЖЖОКБҰ-лармен бiрлескен ғылыми зерттеулерді өткiзу;

      5) жеке кәсіпкерлік субъектілердің инвестицияларын тарту мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру үшін жағдай жасау;

      6) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тетіктерін дамытуға жәрдемдесу;

      7) ғылыми және ғылыми-техникалық сипаттағы міндеттерді шешу үшiн құралдар мен жабдықтарды тиiмдi пайдалану;

      8) халықаралық ғылыми-техникалық қызметтерге қатысу.

      6. Зертхана мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ҒЗТКЖ өткізуге қатысады;

      2) ҒЗТКЖ өткізу бойынша әдістемелер мен бағдарламаларды, нормативтік және технологиялық құжаттарды әзірлейді және жетілдіреді;

      3) ҒЗТКЖ, маркетингтік зерттеулер; жаңа үлгідегі машиналарға, жабдықтарға, құралдарға, бұйымдарға, материалдарға және технологиялық процестерге тәжірибелік тексеріс өткізуге әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

      4) жүргізілетін жұмыстардың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді, бекітілген тапсырмалар мен бағдарламаларға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарының уақтылы және сапалы орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының Патент заңына, "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы", "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зияткерлік меншік құқығын сақтай отырып орындалған және орындалып жатқан ҒЗТКЖ туралы ақпараттарды жинауды, сақтауды және жүйелеуді жүзеге асырады;

      6) Зертхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүргізеді.

3-тарау. Зертхананың ұйымдастырушылық қызметі

      7. Зертхана өзіне жүктелген міндеттерді атқару үшін:

      1) арыз берушілерден (тапсырыс берушілерден) ҒЗТКЖ өткізуге қажетті құжаттарды, мәліметтер мен материалдарды сұрайды және сұратып алады;

      2) арыз берушінің (тапсырыс берушінің) келісімі бойынша өткізілген ҒЗТКЖ нәтижесі бойынша ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектерді жариялайды;

      3) студенттерді, магистранттарды, докторанттарды және басқа да ғылыми қызметкерлерді зерттеу жұмыстарына тартады;

      4) гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру, ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді және ҒҒТҚН-ды коммерцияландыру түріндегі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады, сондай-ақ басқа да қаржы көздерін тартады;

      5) қазіргі заманғы ғылыми-техникалық және әдістемелік деңгейде зерттеу жұмыстары мен әзірлемелерді орындауды ұйымдастырады;

      6) шетелдік ғалымдармен, ғылыми ұйымдармен немесе жеке кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, соның ішінде ҒЗТКЖ-ны жүзеге асыратын субъектілермен құралдар-жабдықтарды пайдалануға беру үшін шарт жасайды;

      7) бекітілген оқу, магистрлік, докторлық (PhD) бағдарламаларға сәйкес ҒЗТКЖ-ны жүзеге асыратын Зертхана құрамына кіретін ғылыми ұйымның немесе ЖЖОКБҰ-ның студенттеріне, магистранттарына, жас ғалымдары мен ғылыми қызметкерлеріне құрылғылар мен жабдықтарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді және тегін пайдалануға береді;

      8) жабдықтардың сақталуын, жұмысқа жарамды қалпын, сондай-ақ тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;

      9) ҒЗТКЖ өткізуге қойылатын нормативтік және әдістемелік құжаттардың талаптарын сақтайды;

      10) өткізілетін ҒЗТКЖ-ның құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      11) арыз берушінің (тапсырыс берушінің) зияткерлік меншік құқығын сақтайды;

      12) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қауіпсіздігі жағдайларын, сондай-ақ өндірушілердің құралдар мен талдамалық және ғылыми-зерттеу жабдықтарын пайдалану бойынша ұсынымдарын сақтайды;

      13) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің "Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26867 болып тіркелген) және "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" 2021 жылғы 17 тамыздағы № 405 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24045 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптарды қамтамасыз етеді;

      14) ғылым саласындағы уәкілетті органға Зертхананың қызметі туралы есепті ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады