Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № 341 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 қыркүйекте № 35134 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2024 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 341 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 22 қазандағы № 68 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9890 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларында:

      2-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) вагон-норма – сұйытылған мұнай газының отыз алты тоннаға тең салмағы;

      2) өнеркәсіптік тұтынушы – өнеркәсіп өндірісінде отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға;

      3) өнім беруші – өнім беру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру және өткізу міндеті Заңмен жүктелген сұйытылған мұнай газын өндіруші немесе өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иесі;

      4) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі – жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған "Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі" интеграцияланған ақпараттық жүйесі.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2, 4-3 және 4-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Өнім беру жоспары уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы қалыптастырылады.

      4-2. Ақпараттық жүйе арқылы өнім беру жоспарын қалыптастыруды жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндей ақпараттық жүйе жұмыс қабілеттілігінен (бұдан әрі – техникалық ақау) айырылған кезде уәкілетті орган техникалық ақаулар журналында техникалық ақау фактісі мен уақытын тіркейді, қызметтер көрсетуді тоқтата тұрады және мыналарға:

      1) техникалық ақауға әкеп соққан себептерді анықтауға және жоюға;

      2) ақаудың техникалық салдарын жоюға;

      3) ақпараттық жүйедегі ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және техникалық ақау салдарынан жоғалған ақпаратты қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды.

      4-3. Ақпараттық жүйеде техникалық ақау анықталған кезде уәкілетті орган өнім беру жоспарын қалыптастыруды уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Ақпараттық жүйенің жұмыс қабілеттілігі қалпына келтірілгеннен кейін ақпараттық жүйеде өнім беру жоспарын қалыптастыру қайта басталады.

      4-4. Осы Қағидалардың 9-2 және 18-тармақтарында көрсетілген мерзімдерді ескере отырып, ақпараттық жүйенің техникалық ақауы жойылмаған кезде өнім беру жоспары осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес қағаз түрінде қалыптастырылады.";

      5 және 6-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Өнім берушілер уәкілетті органға сұйытылған мұнай газын өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ақпараттық жүйе арқылы ұсынады.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ақпараттық жүйе арқылы ұсынады.";

      9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын өнім берушілер мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған болжамдарының, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын нақты өндіру мен тұтыну мониторингінің деректері негізінде жоспарланған тоқсанға уәкілетті орган ақпараттық жүйе арқылы қалыптастырады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1 және 9-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "9-1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 384 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17494 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен мақұлданған өнім беру жоспарының жобасы негізінде өнім беру жоспарын қалыптастырады.

      9-2. Өнім беру жоспарын өзгерту немесе толықтыру жобасын мақұлдау туралы шешімді қоспағанда, Комиссия шешімі жоспарланған тоқсан басталғанға дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.";

      19-тармақ алып тасталсын;

      20 және 21-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "20. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі тиісті өнім берушіге өнім беру жоспарын орындауға мүмкіндік бермейтін деңгейге дейін төмендеген кезде уәкілетті орган Ережеге сәйкес Комиссияның шешімімен мақұлданған өнім беру жоспарын өзгерту жобасы негізінде бекітілген өнім беру жоспарын өзгертуді жүргізеді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын хабардар етеді.

      Бұл ретте қалған өнім берушілердің Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру көлемін пропорционалды ұлғайту және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін алынатын көлемдерді пропорционалды қысқарту жүргізіледі.

      21. Өнім беруші сұйытылған мұнай газын өндірудің нақты көлемін есепті айда жоспарланатын көлемнен асырып жіберген кезде, сондай-ақ өнім берушіде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғалардың сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуына байланысты өнім беру жоспары шеңберінде көзделген тауар биржаларынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізу үшін міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған кезде, мұндай өнім беруші 2 (екі) жұмыс күні ішінде уәкілетті органды сұйытылған мұнай газының қосымша көлемінің пайда болуы туралы хабардар етеді.

      Уәкілетті орган осы Қағидалардың ережелерін ескере отырып, сондай-ақ өнім берушілердің өндірістік қуаттарының географиялық орналасуын негізге ала отырып, Комиссияның шешімімен мақұлданған жобаға сәйкес өнім беру жоспарына толықтыруды қалыптастырады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сұрау салулары негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін қайта бөледі.".

      2. "Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 372 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17541 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережеде:

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Комиссияның отырыстарын оның төрағасы не төрағаның орынбасары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырады.";

      мынадай мазмұндағы 11-1 және 11-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "11-1. Комиссия отырыстары отырыс күніне дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссия мүшелерінің атына мыналарды жібере отырып шақырылады:

      1) растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, өтініш берушілердің өтінімдері;

      2) жоспарланған кезеңге бөлу жобасы;

      3) Комиссия отырысы хаттамасының жобасы;

      4) өтініш берушілер арасында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында сұйытылған мұнай газын бөлу есептеулері.

      11-2. Комиссия отырыстары төрағаның шешімі бойынша күндізгі нысанда және (немесе) қолжетімді онлайн-сервистерді пайдалана отырып, онлайн форматта өткізіледі.

      Аралас режимде қолжетімді онлайн-сервистерді бір уақытта қолдана отырып, күндізгі формат қолданылады.".

      3. "Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 384 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17494 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережеде:

      3 және 4-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Комиссияның міндеті уәкілетті органға Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) қалыптастыру жөнінде ұсынымдар беру болып табылады.

      4. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) ұсынған тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сұйытылған мұнай газына деген болжамды қажеттіліктерінің негізділігі мен толықтығын айқындайды;

      2) өнім беруші уәкілетті органға ұсынған сұйытылған мұнай газы өндірісінің болжамды көлемдерінің өзгерістерін және (немесе) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға ұсынған сұйытылған мұнай газын болжамды тұтынуды мақұлдайды;

      3) өнім беру жоспарында көрсетілген сұйытылған мұнай газын беру көлемдерінің пропорционалды өзгеруін мақұлдау туралы шешім қабылдайды;

      4) өнім беру жоспарының жобасын, оны өзгертуді немесе толықтыруды мақұлдау туралы шешім қабылдайды.";

      9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Комиссияның отырыстарын оның төрағасы не төрағаның орынбасары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Комиссия отырыстары төрағаның шешімі бойынша күндізгі нысанда және (немесе) қолжетімді онлайн-сервистерді пайдалана отырып, онлайн форматта өткізіледі.

      Аралас режимде қолжетімді онлайн-сервистерді бір уақытта қолдана отырып, күндізгі формат қолданылады.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Комиссия мүшелері:

      1) ұсынылған сұйытылған мұнай газы өндірісінің болжамды көлемімен танысады;

      2) ұсынылған сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамымен танысады;

      3) жоспарланған кезеңге арналған өнім беру жоспарының жобасымен танысады;

      4) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректерімен танысады;

      5) өнім беру жоспарының жобаларына және Комиссия отырысының хаттамасына қатысты ұсыныстар енгізеді;

      6) Комиссия отырысында шешілуге жататын мәселелерді қарайды;

      7) Комиссия қызметінің мәні болып табылатын мәселелер бойынша дауыс беруге қатысады.";

      20-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "20. Өнім беру жоспарын өзгерту немесе толықтыру жобасын мақұлдау туралы шешімді қоспағанда, Комиссия шешімі жоспарланған тоқсан басталғанға дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.".

      4. "Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 9 қазандағы № 358 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33541 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу қағидаларында:

      2-тармақтың бірінші бөлігінде:

      4) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:

      "4) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі – жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған "Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі" интеграцияланған ақпараттық жүйесі.";

      мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2 және 4-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Осы Қағидалардың 3-тарауында айқындалатын тәртіппен сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлу уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      4-2. Ақпараттық жүйе арқылы сұйытылған мұнай газының көлемін бөлуді жалғастыруға мүмкіндік бермейтіндей ақпараттық жүйе жұмыс қабілеттілігінен (бұдан әрі – техникалық ақау) айырылған кезде жергілікті атқарушы орган сұйытылған мұнай газының көлемін бөлуді тоқтата тұрады және 1 (бір) жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етеді.

      Ақпараттық жүйенің жұмыс қабілеттілігі қалпына келтірілгеннен кейін ақпараттық жүйеде сұйытылған мұнай газының көлемдерін бөлу жалғастырылады.

      4-3. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мерзімді ескере отырып, ақпараттық жүйенің техникалық ақауы жойылмаған кезде жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органды хабардар етеді және осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес сұйытылған мұнай газының көлемін қағаз түрінде бөлуді жүргізеді.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген өтінімдердің негізінде жергілікті атқарушы орган жоспарланған күнтізбелік тоқсанға сұйытылған мұнай газын бөлу жобасын әзірлейді, онда осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген тұлғалар арасында сұйытылған мұнай газының көлемі бөлінеді.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Сұйытылған мұнай газын бөлу жобасын қарау нәтижелері бойынша Комиссия оны мақұлдау не пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылдайды.

      Комиссия бөлу жобасын пысықтауға жіберу туралы шешімді:

      1) осы Қағидаларға сәйкес келтіру;

      2) сұйытылған мұнай газын теміржол көлігімен тиеп-жөнелткен кезде – бөлінген көлемдердің вагон-нормаға еселігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдайды.";

      17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "17. Заңның 27-1-бабының 3-тармағына сәйкес Комиссия шешімімен мақұлданған сұйытылған мұнай газын бөлу жобасын тиісті жергілікті атқарушы орган бекітеді және өнім беру жоспары уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмейтін мерзімде Комиссия отырысының хаттамасы мен осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес жүргізілген, осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген тұлғалар арасында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында сұйытылған мұнай газын бөлу есептеулерін қоса бере отырып, тиісті жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жарияланады, сондай-ақ уәкілетті органға және сұйытылған мұнай газын өндірушілерге жіберіледі.";

      34-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "34. Есепке алу жүйесі бар тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын өткізетін газ толтыру станциялары мен газ толтыру пункттерінің иелеріне Тұрмыстық баллондарды сәйкестендіру қағидаларына сәйкес сұйытылған мұнай газының алдыңғы күнтізбелік 3 (үш) айдағы осындай баллондарда олар өткізген нақты орташа айлық мөлшеріне сәйкес келетін көлемі бөлінеді.";

      36-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның тізіліміне енгізілген газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары иелерінің және өнеркәсіптік тұтынушылардың – қысыммен жұмыс істейтін түтіктерді сұйытылған мұнай газын сақтау үшін пайдаланатын иелерінің мәлімделген әкімшілік-аумақтық бірлікте осындай тұлғалар пайдаланатын объектілердің жобалық қуатына (бұдан әрі – P1 көрсеткіші);".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады