Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі № 58 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 қыркүйекте № 35149 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14422 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Банк белгілеген нысан бойынша банкке қағаз тасымалдағышта немесе электрондық түрде ұсынылған клиенттің өтініші (бұдан әрі – өтініш) негізінде клиент пен банк арасында банктік шот шарты және (немесе) банктік салым шарты (бұдан әрі – банктік қызмет көрсету шарты) жасалған кезде банктiк шот ашылады.

      Мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мақсаты үшін банктік шот шартын жасасқанға дейін ақпараттық өзара әрекеттесу арқылы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган банкке ұсынған жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін және тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) қоса алғанда, ол туралы ақпарат негізінде банктің клиентке жеке сәйкестендіру кодын беруіне рұқсат етіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган жеке тұлғаның келісімімен жеке тұлға туралы ақпаратты ұсынады және ол клиенттің электрондық нысанда жіберілген банктік шотты ашу туралы өтінішіне теңестіріледі. Бұл ретте осы Қағидалардың талаптарына сәйкес банктік қызмет көрсету шарты жасалғаннан кейін ғана осы банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға рұқсат етіледі.

      Тұрғын үй төлемдерін есепке алуға және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң) 101-5-бабына сәйкес мақсатта төлемдерді жүзеге асыруға арналған банктік шот банк, клиент – тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылатын қызметкер және қызметкері тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылатын мемлекеттік мекеме арасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1727 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 1727 қағидалар) 9-қосымшаға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 49 қағидалар) сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 872 қаулысымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 872 қағидалар) 8-қосымшаға сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 524 қаулысымен бекітілген Ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына (бұдан әрі – № 524 қағидалар) 5-қосымшаға сәйкес тұрғын үй төлемдері туралы шарт жасалған кезде ашылады.

      Клиент пен банк арасында Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33897 болып тіркелген "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 8 қаңтардағы № 7 және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы № 4 бірлескен бұйрығына 1-қосымшаға сәйкес білім беру жинақтау салымы туралы шарт жасалған кезде "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заң) 7-бабына сәйкес білім беру жинақтау салымына арналған банктік шот ашылады.";

      мынадай мазмұндағы 28-5-тармақпен толықтырылсын:

      "28-5. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызу үшін ағымдағы шотты ашқан кезде материалдық көмекті алушы банкке мыналарды:

      жеке басын куәландыратын құжатты;

      халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның қоныс аударушыларды немесе қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешімінің көшірмесін;

      жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы әлеуметтік келісімшарттың көшірмесін ұсынады.";

      60 және 61-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Банк өзіне басқа банк берген клиенттердің банктік шоттарын жүргізген кезде "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер туралы заң) 60-1, 61-2, 61-11 және 61-12-баптарында көзделген жағдайларда банк көрсетілген банктік шоттарға жаңа жеке сәйкестендіру кодтарын береді және Салық кодексінің 24-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында айқындалған тәртіппен салық органдарына хабарлайды.

      61. Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе банктік шотта тұрған ақшаға тыйым салу Азаматтық кодекстің 740-бабына, "Қазақстан Республикасындағы кедендік бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 125-бабына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 161-бабына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 156-бабына, Салық кодексінің 118-бабына, Банктер және банк қызметі туралы заңның 51-бабына, КЖТҚҚ туралы заңның 13-бабына, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 32, 62, 123-баптарына, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 27-бабының 11-тармағына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтату тұру туралы шешімдері және (немесе) өкімдері немесе клиенттің банктік шотында тұрған ақшаға тыйым салу туралы актілері негізінде жүзеге асырылады.";

      63-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) егер уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімі және (немесе) өкімі Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 27-бабы 11-тармағының екінші бөлігіне сәйкес шығыс операцияларын тоқтата тұруға жол берілмейтін клиенттің банктік шотына ұсынылған жағдайда.".

      2. "Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 208 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14419 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларында:

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын уәкілетті органның (бұдан әрі – мемлекеттік кірістер органдары), сот орындаушыларының, аумақтық әділет органдарының (бұдан әрі – әділет органы) инкассолық өкімдерін және қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алуға арналған төлем талаптарын қоспағанда, төлем құжаттарында оларды ішінара орындау туралы талаптарды көрсетуге жол берілмейді.";

      56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "56. Инкассолық өкім ақша жөнелтушінің банктік шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою үшін пайдаланылатын төлем құжаты болып табылады. Инкассолық өкімді мемлекеттік кірістер органы, сот орындаушылары және әділет органдары ұсынады.

      Сот орындаушылары және әділет органдары инкассолық өкімді Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша және атқарушылық құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып қағаз тасымалдағышта не атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған жүйесі арқылы электрондық нысанда ақша жөнелтушінің банкіне ұсынады. Бұл ретте әділет органдарының атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған инкассалық өкімдері (бұдан әрі – әділет органының инкассалық өкімі) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) айқындалған тәртіппен электрондық түрде ғана жіберіледі. Қағаз тасымалдағышта жасалған инкассолық өкімдер, сондай-ақ мемлекеттік сот орындаушысы не жеке сот орындаушысы қағаз тасымалдағышта ұсынатын атқарушылық құжаттардың көшірмелері атқарушылық құжаттарды орындауды қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімінің не жеке сот орындаушысының мөрімен расталады.

      Егер атқарушылық құжаттың мәтінінде өзгеше белгіленбесе, ақша жөнелтушінің банктік шотынан оның келісімінсіз ақша алып қоюдың негізділігін растайтын атқарушылық құжат банкке бір ғана инкассолық өкімді ұсынуға негіз болып табылады.

      Мемлекеттік кірістер органының инкассолық өкімдері Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қағаз тасымалдағышта немесе электрондық нысанда телекоммуникациялар желісі арқылы беру жолымен ұсынылады. Мемлекеттік кірістер органының инкассолық өкімдері осы өндіріп алудың негізділігін растайтын құжаттарды берусіз ұсынылады. Электрондық нысандағы инкассолық өкім Салық кодексінің 122-бабының 6-тармағына сәйкес жіберіледі.";

      59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "59. Инкассолық өкімде төлемнің белгіленуі және ақша жөнелтушінің банктік шотынан оның келісімінсіз ақшаны алып қою (өндіріп алу) құқығын көздейтін Қазақстан Республикасы заңының нормасына сілтеме көрсетіледі.

      Атқарушылық құжатта көрсетілген төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасы:

      1) борышкер борышқа ішінара ақы төлеуді өз бетінше жүргізген және атқарушылық құжатта сот орындаушысының, әділет органының бұл туралы белгісі бар;

      2) бір атқару парағының негізінде борышты бірнеше бенефициардың пайдасына ортақ өндіріп алу жүзеге асырылатын;

      3) сот орындаушысының, әділет органының қаулысымен мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжат бойынша берешек айқындалған жағдайларды қоспағанда, инкассолық өкімде көрсетілген сомаға сәйкес келеді.";

      61-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "61. Сот орындаушысының, әділет органының инкассолық өкімі ұсынылған банктік шотта ақша болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақшаны өндіріп алу борышкердің теңгедегі не шетел валютасындағы басқа банктік шотынан (шоттарынан) жүргізіледі. Банк сот орындаушысының, әділет органының инкассолық өкімін инкассолық өкім ұсынылған банктік шоттан өзгеше клиенттің басқа банктік шотынан (шоттарынан) орындаған кезде банк жүйесінде инкассолық өкімді қалыптастырады, онда ақшаны алып қою жүзеге асырылатын банктік шоттың нөмірі көрсетіледі.";

      61-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "61-1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес орындалатын халықаралық, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері бойынша берілген атқару құжаттары бойынша инкассолық өкімде ақша сомасы жеке сот орындаушысының, әділет органының атқару құжатының валютасында көрсетіледі.

      Сот орындаушысы шетел валютасында ұсынған инкассолық өкімді орындау Қағидалардың 61-тармағында белгіленген тәртіпте жүргізіледі.";

      72-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақша жөнелтушінің банк шотында ақша жеткіліксіз болған кезде мемлекеттік кірістер органдарының салық берешегін өндіру алу туралы, сот орындаушыларының және әділет органдарының атқарушылық құжаттар бойынша инкассолық өкімін, сондай-ақ қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін ұсынылған төлем талабын орындау ақша түсуіне қарай, ақша осындай шотқа келіп түскен күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей жүзеге асырылады.";

      76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "76. Салық кодексінің 122 және 123-баптарында, Кеден кодексінің 129 және 130-баптарында, Әлеуметтік кодекстің 256-бабында, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банктер және банк қызметі туралы заң) 36-бабында, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 58-бабында, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабында, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда және (немесе) банктік шот шартында көзделген жағдайларда банк ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығаруды банк орындау үшін қабылдаған төлем құжаты не ақша жөнелтушінің келісімінсіз орындалатын төлем құжаты негізінде жүргізеді.";

      80-тармақта:

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) мыналарды:

      басқа деректемелер (ЖСК, ЖСН (БСН) банктің клиентін сәйкестендірсе, мемлекеттік кірістер органы ұсынған инкассолық өкімді,

      Қағидалардың 150-тармағының талаптарына сәйкес банктің клиентін сәйкестендіру кезіндегі сот орындаушысының, әділет органының инкассолық өкімін,

      Қағидалардың 124-тармағының талаптарына сәйкес банктің клиентін сәйкестендіру кезінде екінші деңгейдегі банк ұсынған төлем талабын қоспағанда, клиенттің атауы төлем құжатында көрсетілген ақша жөнелтушінің атауына сәйкес келмеген;";

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) Азаматтық кодекстің 741-бабына, Банктер және банк қызметі туралы заңның 36-бабына, Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 27-бабына, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 58 және 98-баптарына сәйкес осындай өндіріп алуға шектеулер болған кезде банктік шоттардан ақша өндіріп алу туралы талап қойылған;";

      81-тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) төлем құжатында көрсетілген бенефициардың ЖСК, ЖСН (БСН) бенефициар банкіндегі бенефициардың ЖСК, ЖСН (БСН) сәйкес келмеген, бенефициар банкінде бенефициардың ЖСК болмаған;

      4) егер есептейтін ақша сомасы ағымдағы шотты ашу мақсаты мен шарттарына байланысты емес болған жағдайда, Азаматтық кодекстің 741-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 2-1), 2-3), 3), 4), 5-1), 5-2), 5-3), 7), 7-1), 8), 9) тармақшаларында көзделген мақсатқа ашылған ағымдағы шотқа ақшаны есептеген;";

      90-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) банктік шоттағы ақшаға тыйым салу туралы уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының немесе әділет органының шешімі, немесе уәкілетті мемлекеттік органның ақша жөнелтушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімі, уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның мүлікке иелік етуге уақытша шектеу қою туралы, мәмілелерді жасауды және мүлікпен байланысты өзге де операцияларды жүргізуді тоқтата тұру шешімі;";

      124-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "124. Ақша жөнелтушінің банкі төлем талаптарының деректемелерін Қағидаларға сәйкес бенефициардың төлем талабын ұсынғанын растайтын құжаттардағы деректемелерге сәйкес келуін және ақша жөнелтушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығаруға келісімі болуына тексереді. Сәйкес келмеушіліктер анықталған кезде ақша жөнелтушінің банкі төлем құжатын ұсынған күннен кейінгі келесі операциялық күннен кешіктірмей бас тарту себебін көрсете отырып, бенефициардың төлем талабын орындаудан бас тартады.

      Егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, жеке тұлғаға немесе дара кәсіпкерге ашылған банктік шотқа ұсынылған төлем талабы ақша жөнелтушінің ЖСН сәйкес келген кезде осы жеке тұлғаға және (немесе) дара кәсіпкерге ашылған кез келген банктік шоттан орындалады.";

      132-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Егер осы жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, жеке тұлғаға немесе дара кәсіпкерге ашылған шоттар бойынша банк шоттарының болуы және нөмірлері туралы анықтамалар ақша жөнелтушінің ЖСН бірдей болған кезде, шот (шоттар) иесі қарыз алушысы, кепілгері, кепілдеме берушісі, лизинг алушысы немесе кепіл берушісі болып табылатын банкке беріледі.";

      134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "134. Егер клиентке Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 27-бабының 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес өндіріп алуға, тыйым салуға, шығыс операцияларын тоқтата тұруға, мүлікке билік етуге уақытша шектеуге, мәмілелер жасауға және мүлікпен өзге де операциялар жасауға шектеулер қоюға жол берілмейтін банктік шот ашылған болса, бұл туралы мәліметтер клиенттің банктік шоттарының болуы және нөмірлері туралы анықтамаларда да көрсетіледі.";

      137 және 137-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "137. Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотына қарыз шарты бойынша ұсынылған төлем талабын бастапқы орындау ағымдағы шотта немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарда жиынтығында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен (бұдан әрі – ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері) кем емес соманы қамтамасыз етуді ескере отырып, ағымдағы шоттағы ақша сомасының елу пайызы шегінде жүргізіледі.

      Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотында немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарында жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем сома болса, төлем талабын орындау жүргізілмейді.

      Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотындағы ақша сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшердегі сомаға ағымдағы шотта немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарда жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерін қамтамасыз етуді ескере отырып төлем талабы ұсынылған кезде, бұл төлем талабы онда көрсетілген сомада орындалады.

      137-1. Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотынан төлем талабын орындау кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес соманы банк айына бір рет қамтамасыз етеді егер оны және жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкер пайдаланбаса, жаңа күнтізбелік айға өтеді.";

      138, 138-1, 138-2 және 139-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "138. Заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден ағымдағы шотқа ақша келіп түскен кезде ішінара орындалған төлем талабын кейіннен орындау ағымдағы шотта немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарда жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес соманы қамтамасыз етуді ескере отырып, жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің ағымдағы шотына әрбір келіп түскен ақша сомасының елу пайызы шегінде жүргізіледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары жеке тұлғадан ақша келіп түскен кезде төлем талабын орындауға қолданылмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарды ескере отырып ағымдағы шотқа заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден келіп түсетін ақша сомасынан елу пайыз мөлшеріндегі сома ішінара орындалған төлем тапсырмасы бойынша қалдық сомасынан асып кеткен жағдайда, жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкер - ақша жөнелтушінің ағымдағы шотынан ақшаны есептен шығару осы төлем талабын орындау үшін жеткілікті сома шегінде жүргізіледі.

      138-1. Жеке тұлғаның немесе егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, дара кәсіпкердің басқа ағымдағы шотындағы ақша және (немесе) заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден оның басқа ағымдағы шотына түсетін ақша есебінен ішінара орындалған төлем талабын ағымдағы шотта немесе ағымдағы шоттарда жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес соманы қамтамасыз етуді ескере отырып, елу пайыз шегінде орындауға жол беріледі.

      138-2. Уәкілетті мемлекеттік органның немесе клиенттің банктік шотындағы ақшаға тыйым салу құқығы бар тұлғаның шешімі, сондай-ақ банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шешімі болған кезде төлем талабы ағымдағы шоттағы ақша сомасының елу пайызы шегінде орындалады. Бұл ретте ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес сома - ақшаға билік етуге шектеу қойылған ақша сомасынан асатын ақша сомасы есебінен қамтамасыз етіледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдер кері қайтарылып алынған жағдайда, ағымдағы шотта немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарда жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес ақша сомасын қамтамасыз етуді ескере отырып, бұрын ақшаға билік етуге шектеу қойылған ақша сомасының елу пайызы шегінде төлем талабын орындауға жол беріледі.

      139. Егер жеке тұлға қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса, жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің ағымдағы шотына бірнеше төлем талабы ұсынылған кезде олар банкке келіп түсу тәртібіне қарай күнтізбелік кезектілікпен не олардың тізілімде көрсетілген реттік нөмірлеріне сәйкес орындалады.

      Кезекті төлем талабын орындау алдыңғы төлем талабы толық орындалғаннан кейін не Қағидаларда айқындалған тәртіппен алдыңғы төлем талабы кері қайтарылған немесе қайтарылған соң ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте кезекті төлем талабын орындау алдыңғы төлем талабын орындау сәтінде ағымдағы шотта болған ақша сомасының (алдыңғы төлем талабын орындағаннан кейінгі ақша қалдығының) және ағымдағы шотта немесе бір банкте ашылған ағымдағы шоттарда жиынтығында ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен кем емес соманы қамтамасыз етуді ескере отырып, кейіннен ағымдағы шотқа заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден келіп түсетін ақшаның әрбір сомасының елу пайызы шегінде жүргізіледі.";

      142-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "142. Ақша жөнелтушiнің банкі инкассолық өкімде көрсетілген деректемелердің инкассолық өкімді ресімдеу тәртібіне қойылатын талаптарға сәйкес толтырудың толықтығы мен дұрыстығын тексереді және олар сәйкес келген кезде Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда және Қағидаларда белгіленген мерзiмдерде ақша жөнелтушiнiң банктік шотын дебеттеу жолымен мемлекеттік кірістер органдарының, сот орындаушысының, әділет органдарының инкассолық өкімін орындайды.";

      145-тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның, инкассолық өкімді ұсынған не атқарушылық іс жүргізу берілген сот орындаушысының, әділет органының шешімі бойынша;";

      151-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "151. Қағидалардың 150-тармағының талаптарын ескере отырып, сот орындаушыларының, әділет органдарының инкассолық өкімі, егер қызметін өзіндік кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға ақша жөнелтуші, банк шотының иесі, борышкер болып табылса, орындау құжатында көрсетілген ақша жөнелтушінің, банк шоты иесінің және борышкердің атаулары сәйкес келмеген жағдайда, ақша жөнелтушінің ЖСН сәйкес келсе, орындалады.";

      157-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "157. Ақша жөнелтушіде салық берешегін өндіріп алуға мемлекеттік кірістер органының, сот орындаушыларының, әділет органдарының инкассолық өкімдерін орындау үшін қажетті ақша сомасы жеткіліксіз болған кезде, банк ақша жөнелтушінің пайдасына банктің ақшаны қабылдауына қарай инкассолық өкімнің ішінара орындалуын жүргізеді.";

      171-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "171. Ақша жөнелтушінің банктік шотындағы ақшаға клиенттің ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, сот орындаушыларының немесе әділет органдарының тиісті шешімдерінің негізінде тыйым салу, банктік шоттардағы ақшаға (мүлікке) иелік етуге уақытша шектеу қою, сондай-ақ банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тиісті шешімдері негізінде ақша жөнелтушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Азаматтық кодекстің 740-бабында, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 161-бабында, Салық кодексінің 118-бабында, Кеден кодексінің 125-бабында, Банктер және банк қызметі туралы заңның 51-бабында және Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 62, 123-баптарында көзделген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.";

      173-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "173. Банк уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, сот орындаушыларының немесе әділет органдарының банктік шотта тұрған ақшаға тыйым салу туралы келіп түсетін шешімдерін, уәкілетті мемлекеттік органдардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін клиенттің онда көрсетілген деректемелерінің банк клиентінің деректемелеріне (атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), ЖСН (БСН) және ЖСК) сәйкестігін тексереді.

      Көрсетілген деректемелер сәйкес келмеген жағдайда, банк операциялық үш күннің ішінде бастамашыларға уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, сот орындаушыларының немесе әділет органдарының банктік шотта тұрған ақшаға тыйым салу туралы шешімін, уәкілетті мемлекеттік органдардың банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін орындамастан қайтарады.

      Тегін, атын және әкесінің атын (ол болған жағдайда) ЖСК (ол болған жағдайда), ЖСН сәйкестендіру кезінде жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның онда көрсетілген атауы банк клиентінің атауына (жеке тұлғаның тегіне, атына, әкесінің атына (ол болған жағдайда) немесе өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның атауына) сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті органдардың, лауазымды адамдардың, сот орындаушыларының немесе әділет органдарының шешімдерін және уәкілетті мемлекеттік органдардың осы тармақта көрсетілген шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерін орындауға жол беріледі.";

      175-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "175. Клиенттің банктік шоттарында тұрған ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының немесе әділет органының шешімі шығарылған ақша жөнелтушінің банктік шотында ақша жеткілікті болған кезде банк көрсетілген шешімді күнтізбелік кезектілік тәртібімен орындайды.";

      176-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "176. Клиенттің банктік шоттарында тұрған ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының, әділет органының шешімі шығарылған ақша жөнелтушінің банктік шотында ақша жеткіліксіз болған кезде банк оларды есепке алады және тыйым салу туралы шешімде көрсетілген қажетті сома жиналғанға дейін шығыс операцияларын тоқтата тұрады.";

      177 және 178-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "177. Банк борышкердің банктік шоттарындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органның және тұлғалардың шешімін алғаннан кейін операциялық үш күннен кешіктірмей, тыйым салынған ақша сомасын көрсете отырып, тыйым салу туралы шешімнің толық немесе ішінара орындалғандығы туралы не көрсетілген шешімнің орындауға қабылданғаны, сондай-ақ бұрын орындауға қабылданған уәкілетті органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тыйым салу туралы шешімдері не шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдері туралы тиісті органдарды хабардар етеді.

      Банк сот орындаушысының не әділет органының банктік шоттардың нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты, банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу туралы қаулысын алған күннен бастап үш операциялық күннен кешіктірмей сот орындаушысын не әділет органын тыйым салынған ақша сомасын көрсете отырып, оның толық не ішінара орындалғаны не қаулының орындауға қабылданғаны туралы хабардар етеді, қаулы аясында талап етілетін ақпаратты Банктер туралы заңның 50-бабында белгіленген тәртіпте жолдайды және уәкілетті органдардың немесе лауазымды тұлғалардың қолда бар тыйым салу туралы шешімдері не шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдері туралы хабардар етеді.

      178. Уәкілетті органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының немесе әділет органының тиісті шешімдерінің негізінде банктік шоттағы ақшаға тыйым салынған және кейіннен атқарушылық құжаттарды қоса бере отырып инкассолық өкімді берген жағдайда ақша жөнелтушінің банкі тыйым салынған ақшаны пайдалана отырып мынадай талаптар болған кезде:

      1) Қағидалардың 151-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының немесе әділет органының тыйым салу туралы шешімдерінде көрсетілген ақша жөнелтушінің деректемелері (атауы және ЖСН (БСН) соның негізінде инкассолық өкім берілген атқарушылық құжаттарда көрсетілген деректемелермен сәйкес келген кезде;

      2) атқарушылық құжат және уәкілетті органның, лауазымды адамның, сот орындаушысының немесе әділет органының тыйым салу туралы шешімі бір істің аясында берілген кезде осындай инкассолық өкімді орындайды.

      Егер инкассолық өкімнің негізінде ақшаны өндіріп алу толық көлемде жүргізілсе, ол бойынша инкассолық өкім орындалған бір істің аясында бұрын салынған тыйым алынды деп саналады және тыйым салу туралы қаулы бастамашыға қайтарылуға тиіс.";

      185-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "185. Қате төлем бойынша ақшаны қайтаруды бенефициар банкі бенефициардың банктік шотындағы бар ақшаның есебінен, оның ішінде егер банктік шот бойынша уәкілетті мемлекеттік органның, лауазымды адамның немесе сот орындаушысының немесе әділет органының банктік шотындағы ақшаға тыйым салу және (немесе) банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері және (немесе) белгісіз мерзімдерде орындалуы тиіс орындалмаған нұсқаулар бар болған жағдайда жүзеге асырады.";

      197-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "197. Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейінгі сот орындаушыларының, әділет органдарының инкассолық өкімі, уәкілетті мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың немесе сот орындаушыларының банктік шоттағы ақшаға тыйым салу туралы шешімдері, уәкілетті мемлекеттік органдардың жеке тұлғаға немесе өзіндік кәсіпкерлік түрінде қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерге ашылған банктік шотына ұсынылған банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдері Қағидалардың 150, 151-тармақтарын және 173-тармағының үшінші бөлігін ескере отырып орындалады.".

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Әділет министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын реттеу және

      дамыту агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады