Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 78 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 30 қыркүйекте № 35170 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
      Ұлттық экономика министрі Н. Байбазаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Әділет министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Ұлттық
экономика министрі
2024 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 78 Бұйрықпен
бекітілген

Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 85-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган – ақпараттандыру және "электрондық үкімет" саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) – заңды тұлға (филиал және өкілдіктер) және қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын дара кәсіпкер үшін қалыптастырылатын бірегей нөмір;

      3) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті орган – коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкілдектерін есептік тіркеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      4) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган – жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      5) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер базасы;

      6) Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы (бұдан әрі – ҰКО) – электрондық құжаттарды мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерде қалыптастыру үшін жеке немесе заңды тұлғаларға электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын және тіркеу куәліктерін беретін куәландырушы орталық;

      7) ) мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына кіретін және мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру субъектілерінің жергілікті (интернетке қолжетімділігі бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желісі;

      8) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі – берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрамдауышы;

      9) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      10) "электрондық үкімет" шлюзі (бұдан әрі – ЭҮШ) – "электрондық үкімет" шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің интеграциясына арналған ақпараттық жүйе;

      11) "Заңды тұлғалар" мемлекеттік деректер базасы" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЗТ МДБ) – бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуге арналған мемлекеттік дерекетер базасы және ЗТ МДБ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі – МКК) ведомстволық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге бизнес-сәйкестіндіру нөмірін беруді қамтамасыз етеді.

      3. Кәсіпкерлік субъектілерінің санатын айқындау Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабында көрсетілген өлшемшарттарға және олардың шекті мәндеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 125 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32985 болып тіркелген) бекітілген Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Кәсіпкерлік субъектілері туралы деректер Тізілімде автоматтандырылған режимде өңделеді және жыл сайын 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде жаңартылып отырады.

2-тарау. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу тәртібі

      5. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган тізілімді қалыптастыруды мынадай тәртіппен жасалған ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы алынған ақпараттың негізінде жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға тіркелген кәсіпкерлік субъектілері туралы мынадай мәліметтерді ұсынады:

      кәсіпкерлік субъектісінің БСН;

      осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектісінің соңғы үш жылғы кірістері туралы деректер, сондай-ақ жұмыскерлер саны және кәсіпкерлік субъектісін тіркеу деректері;

      2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 24-бабының 4-тармағында көзделген қызмет түрлері бойынша рұқсаттар туралы ақпарат алу үшін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      3) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті орган осы Қағидалардың 11-тармағында айқындалған тәртіппен тіркелген және таратылған кәсіпкерлік субъектілері туралы мынадай мәліметтер ұсынады:

      заңды тұлғаларды (филиалдар мен өкілдіктерді) тіркеу деректері;

      заңды тұлғаның БСН;

      заңды тұлғаның атауы;

      заңды тұлғаның тіркелген күні;

      заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны;

      "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес заңды тұлға көрсеткен кәсіпкерлік субъектілерінің санаты.

      6. Тізілімді одан әрі жүргізу үшін МКК кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға мынадай ақпаратты жібереді:

      1) тіркелген және таратылған (оның ішінде өз қызметін тоқтата тұрған) дара кәсіпкерлерді тіркеу деректері;

      2) өткен күнтізбелік жылдың жиынтық кірісінің мөлшері туралы деректер (оның ішінде арнаулы салық режимдері бойынша жұмыс істейтін субъектілер бойынша);

      3) өткен күнтізбелік жылғы жұмыскерлер саны туралы деректер.

      Көрсетілген ақпарат кәсіпкерлік субъектілері салық заңнамасына сәйкес салық органдарына ұсынған салық есептілігінің деректері негізінде қалыптастырылады.

      7. Тізілімге өзгерістер енгізу мынадай:

      1) Тізілімнің ақпараттындыру, – заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу салаларындағы уәкілетті органдардың, сондай-ақ МКК ақпараттық жүйелерімен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы алынған өзекті ақпарат негізінде;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектісінің МКК ақпаратында жіберілген қатеге байланысты санатын өзгерту туралы өтініші қанағаттандырылған жағдайда жүзеге асырылады.

      МКК-нің кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға салық төлеуші ұсынған салық есептілігінің деректеріне сәйкес келмейтін ақпаратты оны жібергенге дейін ұсынуы қате болып табылады. Салық төлеушілердің тиісті жылдың 15 қарашасынан кейін қосымша салық декларацияларын ұсынуына байланысты олар туралы ақпаратты өзгерту қате болып табылмайды;

      3) салық төлеушілер келіскен немесе дұрыстығын сот растаған салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген деректерді өзгерту туралы МКК-нің өтініші болған жағдайда жүзеге асырылады.

      8. Кәсіпкерлік субъектісінің санаты осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген мерзімде қайта қаралады және осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзгертуге жатпайды.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес өзгерістер енгізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) кәсіпкерлік субъектісі белгілі бір санатпен келіспеген кезде растайтын құжаттардың көшірмелерін міндетті түрде қоса бере отырып, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға өтініш береді;

      2) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде осы өтініштерді МКК-нің қарауына жібереді;

      3) МКК осы өтініштерді негізділік тұрғысынан қарайды және он жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға тиісті жауап ұсынады;

      4) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:

      кәсіпкерлік субъектісі өтінішінің негізділігі туралы жауап алған жағдайда үш жұмыс күні ішінде Тізілімге тиісті өзгерістер енгізеді және санатты қайта есептеуді жүргізеді;

      кәсіпкерлік субъектісі өтінішінің негізсіздігі туралы жауап алған жағдайда тізілімге өзгерістер енгізуден бас тартады;

      кәсіпкерлік субъектісінің өзі салық органдарына салық есептілігін табыс ету кезінде қате жібергені туралы МКК жауабын алған жағдайда осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес Тізілімге өзгерістер енгізеді.

      10. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес өтініш тіркелген кезден бастап 15 жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік субъектісін өтінішті қарау нәтижелері туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      11. Ақпараттық өзара іс-қимыл мемлекеттік органның жауапты басшылары ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып бекіткен техникалық талаптар негізінде ЭҮШ арқылы сервераралық республикалық деңгейде жүзеге асырылады.

      12. Ақпарат алмасу ҰКО берген ЭЦҚ пайдалану арқылы "сұрақ-жауап" режимінде электрондық хабарламалар арқылы жүзеге асырылады.

      13. Электрондық хабарламалардың түрлері мен жолдарының құрамын ақпарат алмасуға қатысушылар техникалық талаптарда бекітеді.

      14. Ақпарат алмасуға қатысушылар ақпараттық жүйелер жұмысындағы технологиялық үзілістерді қоспағанда, өзара іс-қимыл сервистеріне тәулік бойы қолжетімділік ұсынады.

      15. Ақпарат алмасу кезінде ақпаратты қорғау қорғалатын МО БКЖ пайдалану есебінен де, сонымен бірге қол қойылған XML хабарламалардың авторлығын растау есебінен (ЭЦҚ қолдану) де, сондай-ақ техникалық және ұйымдастырушылық сипаттағы іс-шаралар есебінен қамтамасыз етіледі.

3-тарау. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін пайдалану тәртібі

      16. Тізілім кез келген мүдделі тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар үшін кәсіпкерлік субъектілерінің санаты туралы деректердің негізгі көзі болып табылады.

      17. Кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық нысанда беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады