ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Медициналық қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-230/2020 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21727 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген медициналық қызметтердің (көмектің) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:
19-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"19. Қызмет ішкі сараптама үшін комиссия құра отырып, көрсетілген медициналық көмек мәселелері бойынша пациенттердің өтініштерін қарайды. Бұл ретте өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, шағым жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралады.
Комиссияға мынадай құжаттардың көшірмелері (қолма-қол қағаз нұсқада және (немесе) электрондық нұсқада) ұсынылады:
1) пациенттің не оның жұбайының (зайыбының), жақын туысының немесе заңды өкілінің өтініші;
2) осы Қағидаларға 1-1 қосымшаға сәйкес пациенттің не оның жұбайының (зайыбының), жақын туысының немесе заңды өкілінің Кодекстің 58-бабының 2) тармақшасына және 60-бабының 3-тармағына сәйкес дербес медициналық деректерді жинауға және өңдеуге және "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі;
3) пациенттің ауру тарихы;
4) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) сәйкес медициналық есепке алу құжаттамасының нысаны бойынша медициналық құжаттама;
5) қайтыс болғаны туралы куәлік немесе анықтама (олар болған кезде);
6) қайтыс болу себебі және аурудың диагнозы туралы патологиялық-анатомиялық қорытынды (олар болған кезде);
7) патологиялық-анатомиялық диагностика (макроскопиялық зерттеулер, микроскопиялық зерттеулер) зерттеулерінің нәтижелері (олар болған кезде);
8) мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы (олар болған кезде);
9) пациенттің аурумен байланысты нақты шығыстарының төленгенін растайтын қаржылық құжат (олар болған кезде);
10) зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелері (олар болған кезде);
11) ақылы қызметтер көрсетуге арналған құжаттар (олар болған кезде).";
1-1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес толықтырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 23 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Альназарова |
Дербес медициналық деректер мен дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім
Мен ____________________________, ЖСН _______________, Кодекстің 58-бабының 2) тармақшасына және 60-бабының 3-тармағына сәйкес дербес медициналық деректерді жинауға және өңдеуге және "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беремін.
"____"________20____жыл
_____________
(қолы)
_________________________________________
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)