Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуге өтініш беру, сондай-ақ тізімді жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2024 жылғы 10 қазандағы № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 10 қазанда № 35243 болып тіркелді

      "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуге өтініш беру, сондай-ақ тізімді жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
Е. Мырзабосынов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Бұйрықпен
бекітілген

Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуге өтініш беру, сондай-ақ тізімді жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғаларды тізімге енгізу, сондай-ақ тізімді жүргізу туралы өтініш беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғаларды тізімге енгізуге өтініш берудің тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бәс тігу - қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесіне жасалған, тәуекелге негізделген келісім;

      2) жақын туыстар - ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

      3) құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлға – құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген жеке тұлға, сондай-ақ құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан өзін шектеген жеке тұлға;

      4) ойын бизнесі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік орган;

      5) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

2-тарау. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізу туралы өтініш беру тәртібі

      3. Жиырма бір жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы уәкілетті органға өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне енгізу туралы өтініш беру арқылы өзінің алты айдан он жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын өз бетінше шектей алады.

      4. Өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу үшін жиырма бір жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматының жазбаша өтініші уәкілетті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "е-Otinish" азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы (бұдан әрі - "е-Otinish" АҚ) арқылы немесе "eGov mobile" мобильді қосымшасы арқылы электрондық форматта беріледі.

      5. Өтініште тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімі, жеке немесе электрондық-цифрлық қолтаңба қамтылады.

      6. Берілген өтініш қайтарылуға немесе кері қайтарып алуға жатпайды.

      7. Құмар ойындарға, бәс тігуге, салыну салдарынан өзінің отбасын материалдық ауыр жағдайға ұшыратқан азамат, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіп бойынша сотпен әрекет қабілетінен шектеледі. Оған қамқоршылық белгіленеді. Жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органға мұндай адамды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізу туралы осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      8 Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының азаматы шектеуді жаңа мерзімге ұзарту туралы өтініш бере алады.

      9. "е-Otinish" АҚ арқылы жазбаша өтініш берілген кезде уәкілетті орган жазбаша өтініш тіркелген кезден бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының азаматын құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      "eGov mobile" мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта өтініш берген кезде азамат тиісті өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойғаннан кейін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне мәлімделген шектеу мерзіміне дереу енгізіледі.

      10. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматын құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне енгізуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

      1) толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер көрсету;

      2) осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген тәртіппен жақын туысы, отбасы мүшесі өтініш берген кезде азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеу туралы сот шешімінің көшірмесінің болмауы;

      3) құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу мерзімі көрсетілмеген;

      4) жақын туыстары, отбасы мүшелері болып табылмайтын үшінші тұлғалар өтініш берген жағдайда.

      Осы тармақта белгіленген негіздер болған кезде уәкілетті орган құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуден дәлелді бас тартуды қалыптастырады және оны осы қағидалардың 7-тармағында белгіленген мерзімдерде өтініш берушіге жібереді.

3-тарау. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізімін жүргізу тәртібі

      11. Уәкілетті орган Заңның 8-бабы 1-тармағының 7-6) тармақшасына сәйкес осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізімін жүргізеді.

      12. Уәкілетті орган құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне қол жеткізуді интернет-ресурс арқылы тек ойын бизнесін ұйымдастырушыларға, сондай-ақ Заңның 15-1-бабында көзделген өзге де тұлғаларға ғана қамтамасыз етеді.

      13. Уәкілетті орган құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға өзін-өзі шектеу мерзімі аяқталған күннен кейінгі келесі жұмыс күні құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне енгізілген тұлғаны тізімнен алып тастайды.

      14. Осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың тізіміне енгізілген тұлға, азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеуді жою туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органмен тізімнен шығарылады.

  Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
2024 жылғы 10 қазандағы
№ 179 Қағидаларға
1-қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт
министрлігінің туризм
индустриясы комитетіне

Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізімге енгізу туралы өтініш

      Мен, __________________________________________________________,

      (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе))

      жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) _______________________, жеке куәлік

      № ______________, берген орган ________________, берілген күні – қолданылу

      мерзімі ______________________ "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы

      Заңының 15-1-бабының негізінде мені құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге

      қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне ____________ мерзімге қосуды

      (6 айдан 10 жылға дейін)

      сұраймын.

      Күні                                                       ____________________

      Тегі, аты, әкесінің аты

      (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) _____________________

      Қолтаңба                                           _____________________

  Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
2024 жылғы 10 қазандағы
№ 179 Қағидаларға
2-қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт
министрлігінің туризм
индустриясы комитетіне

Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізімге енгізу туралы өтініш

      Мен, __________________________________________________________,

      (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе))

      жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) _______________________, жеке куәлік

      № ______________, берген орган ________________, берілген күні – қолданылу

      мерзімі ______________________,

      азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы 20 ___ жылғы "___" ___________

      заңды күшіне енген сот шешімі негізінде, менің жақын туысым, отбасы мүшесі

      ____________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе))

      жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) _______________________, жеке куәлік

      № ______________, берген орган ________________, берілген күні – қолданылу

      мерзімі ______________________, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге

      қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне ____________ мерзімге қосуды

      (6 айдан 10 жылға дейін)

      сұраймын.

      Қосымша: сот шешімінің көшірмесі

      Күні                                                       ____________________

      Тегі, аты, әкесінің аты

      (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)       ____________________

      Қолтаңба                                                 ____________________

  Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
2024 жылғы 10 қазандағы
№ 179 Қағидаларға
3-қосымша
  Нысан

Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізімі

№ п/п

Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)

Тегі, Аты, Әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе)

Өтініш берілген күні

Шектеу мерзімінің басталу күні

Шектеу мерзімінің аяқталу күні

Өтініш беру тәсілі*

Шектеудің негіздері**

1








2








3








      Ескерту:

      * "е-Otinish" АҚ арқылы, "eGov mobile" мобильді қосымшасы арқылы.

      ** Азаматтың тізімге енгізуге немесе шектеу мерзімін ұзартуға дербес (ерікті) өтініш беруі, немесе азаматтың әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде өзге тұлғалардың өтініш беруі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады