"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 25 қарашадағы № 383 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 26 қарашада № 35406 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларында:

      13-2 және 13-3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-2. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру бекітілген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді және өңдеуші кәсіпорындарды форвардтық қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызы мөлшерінде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарымен жүзеге асырылады.

      13-3. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс (қалалық немесе жалпы), республикалық маңызы бар қала, астана халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына дейін қалыптастырылады.";

      мынадай мазмұндағы 21-1 және 21-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "21-1. Азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      21-2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын аймақтық тұрақтандыру қорларына сатып алу кезінде мамандандырылған ұйым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, қайта өңдеу кәсіпорындарының, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізушілердің (дистрибьюторлардың) қаржылық тұрақтылығына талдау жүргізеді.

      Егер ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (қайта өңдеу кәсіпорны, азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме жеткізуші (дистрибьютор)) салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары бойынша, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің және мамандандырылған ұйым алдындағы орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқару құжаттары бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың жоқтығы бойынша жиынтық талаптарға сәйкес келсе, онда қаржылық тұрақты болып саналады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады