БҰЙЫРАМЫН:
1. "Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеуге мұнай берушілердің кол жеткізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 51 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10389 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеуге мұнай берушілердің кол жеткізу қағидаларына:
1 және 2 тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"1. Осы Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеуге мұнай берушілердің қол жеткізу және (немесе) өнімдерді қайта өңдеу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 18-тармағына сәйкес әзірленді және шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеуге мұнай берушілердің қол жеткізу тәртібін және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
1) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші – жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші;
2) мұнай беруші – өзі дербес өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, Қазақстан Республикасының аумағына өзі дербес әкелген (оның ішінде импорттаған) және (немесе) өзара байланысты жер қойнауын пайдаланушыдан және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді (оның ішінде импорттауды) жүзеге асырған тұлғадан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына беретін және осындай мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алынған мұнай өнімдерін осы Заңда белгіленген шарттармен өткізуді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына дербес әкелінген (оның ішінде импортталған) және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді (оның ішінде импорттауды) жүзеге асырған тұлғадан сатып алынған және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы өзі дербес өндірген шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алған және (немесе) оларды өзі дербес өндірген шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алған өзара байланысты жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды немесе газ конденсатын қайта өңдеу өнімдерін мұнай өнімдерін өндірушіге (қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушіні қоспағанда) беретін заңды тұлға болып табылады.
3) мұнай өнімдерін өндіруші – меншік құқығында және (немесе) өзге де заңды негіздерде мұнай өңдеу зауыты бар және өндіріс паспортына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруді, сондай-ақ өндірілген меншікті мұнай өнімдерін өткізуді және (немесе) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын мұнай өнімдерін беруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай шарттардың кемінде біреуі сақталған кезде:
мұнай берушіге жер қойнауын пайдаланушыдағы акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі болса;
жер қойнауын пайдаланушыға мұнай берушідегі акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі болса;
мұнай берушіні және жер қойнауын пайдаланушыны мұнай берушідегі және жер қойнауын пайдаланушыдағы акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі тұлға бақыласа, жер қойнауын пайдаланушымен өзара байланысты тұлға мұнай беруші деп танылады.
Осы қағидаларда пайдаланылатын өзге де Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Заңға сәйкес ұғымдар қолданылады.";
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Мұнай өнімдерін өндірушінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізуді алу үшін мұнай беруші мұнай өнімдерін өндірушіге қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу бойынша қызмет көрсетуге өтініш (бұдан әрі – өтініш) жібереді. Өтінішке осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген талаптардың сақталғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.";
11 және 12-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Заңның 18-бабының 5-тармағына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруші мынадай талаптар сақталған жағдайда мұнай берушілерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс:
1) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерінің сапасын растайтын құжаттың (сапа паспорты) мұнайды берушіде болуы;
2) кен орнының атауы және қайта өңдеу үшін шикі мұнай және (немесе) газ конденсаты берілетін мұнай өнімдерін өндірушінің (мұнай өнімдерін өндірушіге өткізген жағдайда) атауы көрсете отырып, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін сатып алу-сату және (немесе) беру шартының мұнайды берушіде болуы;
3) Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы, теміржол көлігі туралы, ішкі су көлігі туралы, магистральдық құбыр туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес берілген тасымалдау құжаттарының мұнайды берушіде болуы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық құжат түрінде ұсынылады.
12. Мұнай жеткізушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға өтінішін мұнай өнімдерін өндіруші өтініш тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Мұнай берушінің өтінішін қарау нәтижелері туралы мұнай өнімдерін өндіруші оны электрондық нысанда хабардар етеді.";
15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"15. Мұнай өнімдерін өндіруші тарапынан шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін қайта өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынудан бас тарту осындай бас тартудың себептерін негіздей отырып, күнтізбелік он күн ішінде электрондық нысанда ұсынылады.".
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
А. Саткалиев |