"Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесін, капиталының мөлшерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 309 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 91 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 31 желтоқсанда № 35595 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесін, капиталының мөлшерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 309 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14790 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесінде, капиталының мөлшерін белгілеуде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесі, капиталының мөлшері (бұдан әрі – Нормативтер) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленген және банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесін, капиталының мөлшерін белгілейді.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Банк конгломератының меншікті капиталы банк холдингінің (бар болса) немесе банктің шоғырландырылған негізде есептелген бухгалтерлік балансының деректері бойынша меншікті капиталдың сомасын білдіреді.

      Банк холдингі тәуелді (қауымдасқан) ұйымның кірістері мен капитал құралдарын есептегенде қатысу мөлшерінде елеулі қатысуы бар конгломерат қатысушылары да шоғырландыруға жатады.

      Банк конгломератының меншікті капиталының құрамында № 170 қаулыға сәйкес капиталдың реттеушілік түзетулері шегерілген, № 170 қаулының талаптарына сәйкес келетін реттелген борыш есепке алынады.";

      7 және 8-тармақтар алып тасталсын;

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Егер бір банк конгломератының құрамына бірнеше банк холдингтері кіретін болса, онда банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті банк холдингтерінің біреуі үшін ғана есептеледі (банк конгломератының жоғарғы деңгейі).

      Банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті үтірден кейінгі бір белгісі бар санмен көрсетіледі.

      Банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті кемінде 1,0 мөлшерінде белгіленеді.

      Банк конгломератының меншікті капиталы жеткіліктілігінің коэффициенті мынадай формуламен есептеледі:



      , мұндағы:

      МК – Нормативтердің 6-тармағына сәйкес банк холдингі (бар болса) немесе банк деңгейінде шоғырландырылған меншікті капитал;

      И – Қазақстан Республикасының банктері және/немесе бейрезидент-банктері, банк холдингтері болып табылмайтын заңды тұлғалардың (шоғырландырылған пайдасы соңғы аяқталған қаржы жылы банктің шоғырландырылған пайдасының 90%-ынан және одан астам мөлшерінен тұратын) жарғылық капиталына салымдар болып табылатын инвестициялар;

      К – банк конгломератына қатысушылар үшін меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті:

      банк конгломератына қатысушы екінші деңгейдегі банк үшін SREP нәтижелері бойынша немесе SREP және тұрақты AQR нәтижелері бойынша қадағалау үстемеақысын ескере отырып, № 170 қаулыда белгіленген мөлшерде;

      Қазақстан Республикасының бейрезидент – банк конгломератына қатысушы екінші деңгейдегі банк үшін – 8% мөлшерінде;

      А – банктер (Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктерін қоса алғанда) болып табылатын банк конгломератына қатысушылардың № 170 қаулыға сәйкес тәуекел дәрежесі бойынша сараланған активтерінің, шартты және ықтимал міндеттемелерінің сомасы.

      Қауымдасқан (тәуелді) банктер болып табылатын банк конгломератына қатысушылар үшін тәуекел дәрежесі бойынша сараланған активтердің, шартты және ықтимал міндеттемелердің сомасы банк холдингінің осындай банктердің жарғылық капиталына қатысу көлемінде есепке алынады.

      Қазақстан Республикасының бейрезидент - банк конгломератына қатысушының активтерін, шартты және ықтимал міндеттемелерін саралау кезінде банк конгломератына қатысушы тұратын елде орналасқан тұлғаларға қойылатын талаптар резидент тұлғаларға қойылатын талаптар ретінде салымдар тәуекелінің дәрежесі бойынша сараланады.

      Активтерді, шартты және ықтимал міндеттемелерді тәуекел дәрежесі бойынша саралау мақсаттары үшін активтер, шартты және ықтимал міндеттемелер олар бойынша құрылған арнайы резервтер (провизиялар) сомасына азайтылады.

      Банк конгломератына қатысушылардың тәуекел дәрежесі бойынша сараланатын активтері, шартты және ықтимал міндеттемелері сомаларының есебіне банк конгломератына қатысушылардың бір-біріне қоятын талаптары кірмейді.";

      10-тармақ алып тасталсын.

      2. Екінші деңгейдегі банктер 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде өз қызметін осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.

      3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады