"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімі ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Астана қаласында спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда шыны ыдыстағы өнімдерді сату тәртібі осы шешімге қосымшаға сәйкес айқындалсын.
2. "Астана қаласында спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда шыны ыдыстағы өнімдерді сату қағидаларын бекіту туралы" Астана қаласы әкімінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 111-22 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 872 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімнің Астана қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы шешім ресми жарияланғаннан кейін оның Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Астана қаласының әкімі | Ж. Қасымбек |
Астана қаласы әкімінің 2024 жылғы 4 қазандағы № 502-18 Астана қаласы әкімінің шешіміне қосымша |
Астана қаласында спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда шыны ыдыстағы өнімдерді сату тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Астана қаласында спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда шыны ыдыстағы өнімдерді сату тәртібі (бұдан әрі - Тәртіп) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес әзірленген және Астана қаласында спорттық-бұқаралық, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар (бұдан әрі - бұқаралық іс-шаралар) өткізілетін орындарда шыны ыдыстағы өнімдерді сату тәртібін айқындайды.
2-тарау. Шыны ыдыстағы өнімдерді сатуды ұйымдастыру
2. Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің спорттық-бұқаралық іс-шаралар өтетін аумақта шыны ыдыстағы өнімдерді сатуы "Астана каласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы" мемлекеттік мекемесімен келісілген орындарда, мәдени-бұқаралық іс-шаралар − "Астана каласының Мәдениет басқармасы" мемлекеттік мекемесімен келісілген орындарда жүзеге асырылады.
3. Шыны ыдыстағы өнімдерді сату санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, қауіпсіздік техникасының ережелері және өрт қауіпсіздігі сақталған жағдайда жүргізіледі.
4. Заңды тұлғалар мен сауда объектілерінің жеке кәсіпкерлері шыны ыдыстағы өнімдерді сату кезінде:
1) инженерлік инфрақұрылымның жұмысын құруды және қамтамасыз етуді, тоңазытушы, сауда және өзге де жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуді;
2) сауда объектісін күзетуді;
3) сауда орнынан қоқысты шығаруды қамтамасыз етуді;
4) сауда объектілерін мерекелік, тақырыптық безендіруді жүзеге асырады.
5. Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар:
1) шыны ыдыстағы өнімдерді сатуды жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасу сызбасының болуын;
2) шыны ыдыстағы өнімдерді сататын сауда объектілері орналасқан жерлерде қоқыс жинауға арналған контейнерлерді, урналарды орналастыруды;
3) заңды тұлғалар мен сауда объектілерінің жеке кәсіпкерлеріне шыны ыдыстағы өнімдерді сатудың уақыты, орны және тәртібі туралы ақпаратты жеткізуді көздейді.
6. Пайдаланылуы заңды және жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, материалдық нұқсан келтіруі мүмкін шыны ыдыстағы өнімді бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға алып кіруге жол берілмейді.
_____________________________