"Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасын бекіту туралы" Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 7 наурыздағы № 151/19-VIII шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 26 наурызда № 1373-01 болып тіркелді

      Астана қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасын бекіту туралы" Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1357-01 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда көрсетілген шешімге 1-қосымшада:

      тақырып орысша нұсқада мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары";

      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;";

      1-тармақтың 8) тармақшасы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "8) еңбек ардагерлері – "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген адамдар";

      13-тармақ мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:

      "18) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар";

      14-тармақтың екінші абзацы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "4 ақпан (Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні) – қатерлі ісігі бар балалардың арасынан әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға;";

      16-тармақтың екінші абзацы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "15 ақпан (Ауғанстан Демократиялық Республикасынан кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні) – "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және Ауғанстанда әскери қызмет өткеру кезінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауыруы салдарынан мүгедектігі анықталған ардагерлер мен әскери қызметшілерге";

      21-тармақ мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "21. Осы Қағиданың 14, 15, 16, 17, 18, 19-тармақтарында көрсетілген санаттарға жататын азаматтар үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек жылына тек бір рет бір негіздемемен ең көп сома бойынша көрсетіледі.";

      43-тармақтың 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар;";

      43-тармақтың 6) тармақшасы мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "6) астананың ресми мерзiмдi баспасөз басылымдарына жазылуға, моншаларға, шаштараздарға, мәдени ойын-сауық, спорттық іс-шараларға баруға арналған 6,5 АЕК көлеміндегі ақшалай төлемдер:";

      45-тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) екінші деңгейдегі банктегі не "Қазпошта" акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер";

      64-тармақ мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар – 4,5 АЕК";

      66-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар";

      87-тармақ мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "87. Қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек төрт ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа қіріс болуы және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жергілікті (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері (жалға алушысы) болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, әлеуметтік мәні бар аурулары бар адамдарға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлерінің түлектеріне, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтарға көрсетіледі.";

      92-тармақ мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "92. Тұрғын үйді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек төрт ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа қіріс болуы және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, Астана қаласы газдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлерінің түлектеріне, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтарға көрсетіледі.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихатының төрағасы Е. Каналимов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады