Бұланды аудандық мәслихатының 2023 жылғы 16 қарашадағы № 8C-10/15 "Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 8С-26/14 шешімі

      Бұланды аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Бұланды аудандық мәслихатының "Бұланды ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 16 қарашадағы № 8C-10/15 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8647-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер және толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің қосымшасында:

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Бұланды ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек - Бұланды ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - "Бұланды ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі - атаулы күндер) - Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет, екі жылда 1 рет) көрсетіледі.";

      7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.";

      11-тармақтың 3) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "3) амбулаториялық емдеудегі туберкулездің белсенді түрлерімен ауыратын адамдарға ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бірақ 6 айдан артық емес;";

      11-тармақ келесі мазмұндағы 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:

      "8) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға гемодиализ алу кезеңінде жол жүруге ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      12-тармақтың 2) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "2) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдарға (отбасыларға) 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес белгіленеді.

      Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда жүзеге асырылады.";

      14-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Бұланды ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін Бұланды ауданынан тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Бұланды аудандық мәслихатының төрағасы Н.Сексенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады