Біржан сал ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Ақмола облысы Біржан сал ауданы мәслихатының 2024 жылғы 5 наурыздағы № С-10/2 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 13 наурызда № 8708-03 болып тіркелді

      "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес, Біржан сал ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Біржан сал ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері айқындалсын.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) Еңбекшілдер аудандық мәслихатының 2017 жылғы 13 наурыздағы № С-10/2 "Біржан сал ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқу жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5871 болып тіркелген);

      2) Біржан сал ауданы мәслихатының "Еңбекшілдер аудандық мәслихатының 2017 жылғы 13 наурыздағы № С-10/2 "Еңбекшілдер ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқу жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2018 жылғы 29 наурыздағы № С- 22/11 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6573 болып тіркелген).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Біржан сал ауданы мәслихатының төрағасы Н.Куатова

  Біржан сал ауданы
мәслихатының
2024 жылғы 5 наурыздағы
№ С-10/2 шешіміне
қосымша

Біржан сал ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері

      1. Осы Біржан сал ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (бұдан әрі -оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнынан анықтамасы негізінде Біржан сал ауданының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүргізіледі.

      3. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.

      5. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алуды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар туындағанда (мүгедектігі бар баланың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңінде, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы) төлем тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса Шығындарды өтеу қағидаларының 1 немесе 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтініш беруші оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және Шығындарды өтеу қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

      7. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері әрбір мүгедектігі бар балаға оқу жылына ай сайын үш айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудан бас тарту негіздері Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады