Алматы облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 22 мамырдағы № 21-103 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 27 мамырда № 6122-05 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Алматы облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Алматы облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары бекітілсін.

      2. Алматы облыстық мәслихатының 2017 жылғы 15 желтоқсандағы № 26-130 "Алматы облысы аумағында жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4502 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      К. Байгоджаев

  Алматы облыстық мәслихатының 2024 жылғы 22 мамырдағы № 21-103 шешіміне қосымша

Алматы облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Алматы облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының және Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес әзірленді және Алматы облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібін жүзеге асырауды айқындайды.

      2. Қағида ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Қағидаларға келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсiретiн, ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тiкелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрлерi;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      3) ветеринариялық іс-шаралар – жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

      4) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) жануарлардың аса қауіпті аурулары – уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары.

2-тарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібі

      4. Ауыл шаруашылығы жануарларын асыраған кезде иелері:

      1) жануарлар ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің (жануарлар, жануарлардан алынатын өнiм мен шикiзат) қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы "Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" № 7-1/587 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) сақтай отырып, ветеринариялық iс-шараларды жүзеге асыруға жануарларды кедергісіз беру;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын асырауды, өсiруді және пайдалануды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға сәйкес жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/68 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз ету;

      4) аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар талаптарына сәйкес ұстау;

      5) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы "Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/619 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10028 болып тіркелген) талаптарына сәйкес жануарларды ұстауға арналған үй-жайларды қоса алғанда, қолайлы аймақта орналасқан өндіріс объектілерінде профилактикалық дезинфекцияны жылына екі рет жүргізу;

      6) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік мақсатында жануарларға уақытылы вакцина егуді және диагностиканы қамтамасыз ету;

      7) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша шығарылған ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың актілерін орындау;

      8) союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн сою және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеу;

      9) кейiннен өткiзуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ет өңдейтiн кәсiпорындарда, сою пункттерiнде немесе сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) союды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 "Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11591 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады;

      10) ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсету;

      11) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы "Ақпараттық құралдар тізбесін бекіту туралы" № 107 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18117 болып тіркелген) Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына хабарлауға тиіс: үш жұмыс күні ішінде жаңадан алынып жатқан (алынған) жануарды (жануарларды), оны (оларды) өткізу туралы хабарландыру;

      12) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы "Ақпараттық құралдар тізбесін бекіту туралы" № 107 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18117 болып тіркелген) Ветеринария саласындағы мамандарға (ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінің жұмыскерлері): бір тәуліктен аспайтын мерзімде жануардың өлімі, түсік тасталған немесе өлі туған ұрықтың өлуі, бірнеше жануарлардың бір мезгілде ауруы немесе олардың әдеттен тыс мінез-құлықтары туралы хабарландыру қажет.

      5. Ауыл шаруашылығы жануарларын қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, саябақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібінен, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған жабық орындарда ұстау керек.

      6. Жеке аулаларда ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтаған жағдайда қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, арнайы жабдықталған орындарда ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға рұқсат етіледі.

      7. Тұрғын үй қорының пәтерлерінде (көп қабатты тұрғын үйлер) ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді.

      8. Елді мекеннің ауа кеңістігінен жабайы құстар ұшып өтетін мезгілде құс иелері құстарын жұқпалы ауруларды таратушы болуы мүмкін ұшып өтетін жабайы құстармен қатынасты болдырмайтын жабық орындарда асырау қажет.

      9. Жануарларды сату, әкелу және әкету Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10223 тіркелген) және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 16-04/679 "Жануарларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10131 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" № 16-07/307 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) жойылуға жатады.

      11. Ауыл шаруашылығы жануарларын қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, су бұрқақтарда, су қоймаларында және су бөгеттерінде суаруға жол берілмейді.

      Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.

      12. Қараусыз қалған ауыл шаруашылық жануарларын ұстау және иелеріне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      13. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінен тыс жерге орнын ауыстыру (тасымалдау) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/496 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11845 болып тіркелген) жүргізіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" № 7-1/453 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11898 болып тіркелген), ветеринариялық құжаттар арқылы сүйемелденеді.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      14. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін жануарлардың иелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамасына сәйкес жауапкершілікте болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады